21 Қыркүйек, 2016

Бес жасар бүлдіршіннің жұмыс дәптерлері

389 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
era_5749Өткен ғасырдың басында Ахмет Байтұрсынұлы: «...оқыту ісіне керек құралдар қолайлы һәм сайлы болуы» керектігін айтып,  «...құрал қандай болса, іс те сондай болмақшы...» деген болатын. Шынында, оқушының құралы қолындағы ой-өрісін дамытатын қуатты қаруы десек жарасар. Қазір елімізде түрлі оқу құралдары жазылып, жарық көруде. Біраз жыл баламалы оқулықтар деп әр мектеп әртүрлі кітаптармен білім беріп, ҰБТ кезіндегі талапкерлердің сұраққа берген жауабы әртүрлі шығып, жеңгендер мен жеңілгендер болып жатты. Енді базалық оқулыққа көштік. Бұл – құптарлық құбылыс. Қалай десек те, оқулық оңбай, білім сапасы көтерілмесі анық. Соңғы кездері бастауыш сынып былай тұрсын, балабақшадан тәрбиеленіп жатқан 5 жастағы бүлдіршіндерге де түрлі құралдар шығара бас­тадық. Айталық, сондай оқу құралдары жұмыс дәптері деген айдармен жарық көруде. Мысалы, «5+» деген жұмыс дәптерлері төмендегіше аталады: «Қарапайым математи­калық түсініктерді қалыптастыру», «Көркем әдебиет», «Сурет салу», «Мүсіндеу», «Қоршаған ортамен таныстыру», «Қауіпсіз мінез-құлық негіздері. Валеология», «Экология негіздері», «Тіл дамыту. Сауат ашу және жазу негіздері», «Қол еңбегі». Атам қазақ бес жастағы баланы ойын баласы дейді. Олардың ішінде алғырлары болмаса, бәрі бірдей әріпті де тани қоймайды. Сондықтан «көркем әдебиет деген сөзді, «мүсіндеу» деген ұғымды жаппай түсінеді дей алмасақ керек. Оның үстіне, тіл жағынан кемшін соғып жататын қала балалары қиналары хақ. Сол «Көркем әдебиет» деген жұмыс дәп­терінде суреттермен қатар тақпақтар да бар. Тіпті, «Шидиген ұзын сирағы, Тастай керең құлағы. Сөйтіп жүріп көп жерге, Аспалы тор құрады», деген жұмбақ та берілген. «Қоршаған ортамен таныстыру» деген жұмыс дәптері төңіректі білдіру ниетінде жазылғаны көрініп тұр. Мұнда да алуан түрлі суреттер бар. Тіпті, «Өнеркәсіптегі адам еңбегі» деген топтаманы да көз шалды. Тағы бір жерінде «Сен өзіңді көлік жүргізу­шімін деп ойла. Педагогтың нұсқауы бойынша қалай жүретініңді көрсет», деген бағыттамалар бар. Бұған қоса, Ұлы Отан соғысындағы қазақ батырларының суретін беріп, осылар туралы әңгімелеуді тапсырады. Бес жасар бала мұны қалай ұғып, әңгімелей алар екен? «Қарапайым математикалық түсініктерді қалып­тастыру» дәптерінде «Ұзындық», «Сан мен цифр», «Текше, шар, цилиндр, конус», «Сан­дарды салыстыру», «Фигураларды сана және тиісті цифрды қоршап сыз» – осындай ұғымдар да аз кездеспейді. Заманға қарай жаңару қажет. Балалардың ой-өрісіне қарай ізденіс жасау керек. Бірақ сол баланың бәрі бірдей талантты ма? Балабақшаға барған бүлдіршіндер осы дәптерлерден бірдеңе түсініп, күні ертең мектеп табалдырығын аттай ма? Ал балабақшаның кезегінде тұрған ата-аналар не істемек? Оның үстіне, еліміздегі ауыл мен қаланың арасындағы алшақтықтың барын ешкім жоққа шығара алмайды. Ауыл балалары осы дәптерлерді пайдалана алып жүр ме? Бір қызығы, 40-50 беттен тұратын дәптерлердің бағасы қарапайым жұрттың қалтасына шақ келе бермейтін секілді. 700-800 теңгеден бастап 2000 теңгеден асатындары да бар. Мәселен, «Қоршаған ортамен таныс­тыру» дәптері 1500 теңге тұрады. Бұл жұмыс дәптерлерінің арнайы авторлары бар. «Алматыкітап» баспасынан жарық көрген. Осы тақырыпты қозғаудағы басты ниетіміз кейбір ұғымдар бойынша әлі де ойлану керек шығар. Бес жасар баланың ой-өрісіне лайықтап, ұлттық тілдің мәйегімен берсек, жөн болатыны анық. Жаттауға қиын тақпақтар, шешуге қиын жұмбақтар, құрмалас сөйлемдер балаларды жалықтыруы мүмкін. Тіпті, олардың арасынан ой-санасы биік таланттылар табыла қалса, тәрбиешілеріне не айтып тұрсыз деген сұрақтарды қоюы да ғажап емес. Жалпы, 4-5 жастағы балаларға осындай жұмыс дәптерлерін шұбыртып жасай беру қажет пе, әлде ең керектілерін ғана бүлдіршіндердің қо­лына ұстату тиімді ме? Оларды осынша жұ­мыс дәптерлерімен оқытып, тәрбиелейміз деп күні ертең білімге деген ынтасын жойып алып жүрмейміз бе?  Осынша дүниені арқалап жүру бармақтай балаға ауырлық келтірмей ме? Бір сөзбен айтқанда, заман талабы дегенді жалаулатып, зерттеп, зерделеп алмай, жаңашыл­дыққа құлаш ұра беруден, яғни реформалардан отандық білім саласы кей тұста ұтылып қалып жүргенін естен шығармасақ екен. Сонда ұрпақ алдындағы қарыз бен парызды өтеуге оң жағынан қадам басқанымыз болып шығатыны күмәнсіз. Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан»