21 Қыркүйек, 2016

Егіздерге есік ашық

413 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
735Қарағанды қаласындағы гим­назия­лардың бірінде мектеп табал­дырығын үш бірдей жұп егіздер аттаған еді. Бір қызығы, бұлар­дың бойына білім нәрін құя­тын ұстаздардың өздері де егіздер екен. «Сырт қарағанда, егіздер өте ұқсас болып көрінеді. Ал шын мәнінде, олар мүлде бөлек», дейді егіздердің аналарының бірі. Дегенмен, әзірге егіздерді түстеу мұғалімдер үшін оңайға түсіп жатқан жоқ. Бірінші сыныпқа келген егіз балақай­ларды егіз ұстаздар – Салтанат және Махаббат Айт­пайлар өзара бөлісіп алды. Діл­наз бен Гүлназды Салтанат алса, Әбдірахым мен Әбдірахман Махаббаттың сыныбына қа­был­данған. Ал егіз қыз бен ұлды екі мұғалімге бөліп беруге тура келіпті. Жалпы, психологтар егіздерді бөлек сыныптарда оқытқанды құп көреді екен. Ал ата-аналар болса, көбіне мұндай тұжырыммен келісе бермейтін көрінеді. Мысалы, өзі де егіздің сыңары, егіз қыздардың әкесі Мұрат Жұмаділдин деген қала тұрғыны былай дейді: «Біз бірінші сыныпқа барар алдында сыңарым екеуміз сынақ тапсырдық. Әпкем өтіп кетті де, мен сынақты тапсыра алмай қалдым. Бірақ, мұғалімдер бізді ажыратпай, бір сыныпқа қа­былдады. Сөйтіп, сыңарыма мені оқу жағынан «сүйреп» жүруге тура келді...». Педагог мамандардың айтуынша, бірі­нен-бірі аумайтын оқушылардың түр-түсін ажырату уақытша ғана қиындық тудырады екен. Бірер сабақтан кейін әр баланың өзіндік мінез-құлқы айқындала бастайтын көрінеді. Дегенмен, ұстаздар егіздерді оқыту мен тәрбиелеу барысында оларға деген көзқарастың ерекше болуы керектігін айтады. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» ҚАРАҒАНДЫ