Қазақ ұлттық аграрлық университеті әлемнің жетекші аграрлық оқу орындарымен арадағы ынтымақтастықты дамытуда белсенді жұмыстар атқаруда. Университет басшылығы соңғы жылдары Шығыс Азияның бірнеше университеттерімен тығыз байланыс орнатып, ғалымдар мен студенттер алмасу, сала ғалымдарымен бірлесе зерттеулер жүргізу үшін өзара ынтымақтастық туралы бірқатар келісімдерге қол қойған болатын.
Шығыс Азия мен Қазақ елі арасындағы әріптестік байланысты одан әрі жандандыру мақсатында университет ректоры, академик Тілектес Есполов таяуда Қытайдың Солтүстік-батыс ауыл және орман шаруашылығы университетінің өкілдерін қабылдаған еді. Делегация құрамында университет президенті Сун Чишин, Көкөніс шаруашылығы колледжінің деканы Ма Фенгван, Экстеншен технологиялар мен ғылым басқармасының директоры Ванг Япенг, Агрономия колледжінің профессоры Ху Инган, Экономика және менеджмент колледжінің профессоры Вай Фэнг, Халықаралық ынтымақтастық және алмасулар басқармасының директоры Ю Лин және Экономика колледжінің деканы Шан Вексин бар.
Университет басшысы екі ел арасындағы байланыстың барлық сала бойынша дамып жатқанын, оқу орнының қызметі, халықаралық қатынастар туралы сөз қозғап, «Біз университеттер арасындағы ынтымақтастықтың негізгі 5 бағытын анықтадық. Олар: жеміс-жидек дақылдарын өсіру технологиясы, Су ресурстары мен технологияларын зерттеу, мал бордақылау ресурстарымен қамтамасыз ету, азық-түлік өнімдерінің биотехнологиясы болып табылады. Бұл әріптестік байланыс жақын арада өз жемісін беріп, еліміздегі білім мен ғылымның дамуына ықпал етеді деп ойлаймын», – десе, Солтүстік-батыс ауыл және орман шаруашылығы университетінің президенті Сун Чишин екі ел арасындағы байланыстың келешегіне қысқаша тоқталып өтті. Сондай-ақ, ҚазҰАУ-мен бірлесе маман дайындау, инновация саласы бойынша байланысты дамыта отырып, ғылым-білім кеңесін құру, сонымен қатар, өзі басшылық ететін университетте Қазақ елінен келген студенттерді оқыту үшін гранттар санын арттыру туралы жоспарларымен бөлісті. Қазіргі таңда Қазақ ұлттық аграрлық университетіне білім мекемесі магистратура бойынша 5 грант ұсынылғанын да жеткізді.
Жүздесуге Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева арнайы қатысқанын да айта кетсек дейміз. Сонымен, кездесу қорытындысында жоғары оқу орындарының басшылары екі келісімге қол қойды. Бірі – академиялық ұтқырлық бағдарламасын жүзеге асыру және оқытушылар мен студенттер алмасу, екіншісі – бірлесе ғылыми-зерттеу жобаларын дайындау. Ғылыми кеңестің шешімімен Солтүстік-батыс ауыл және орман шаруашылығы университетінің президенті Сун Чишин мырзаға оқу ордасының «Құрметті профессоры» атағы берілді.
«Егемен-ақпарат»