Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілуіне байланысты құрылған үшжақты комиссияның мүшелерімен кездесіп, олардың белсенді іс-қимылына ризашылығын білдірді. Түйіп айтқанда, өңір басшысының тапсырмасына орай, Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілуіне байланысты елімізде бірінші болып, Ақтөбе облысында Жер кодексінің нормаларын талқылап, өз ұсыныстарын енгізу үшін үшжақты комиссиясы құрылған еді. Комиссия мүшелері Ақтөбе қаласында және облыс аудандарында жер реформасының негізгі нормаларын және биліктің осы мәселеге орай жағдайды тұрақтандыруда атқарып жатқан шаралары бойынша бірлескен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Комиссияның жұмысы нәтижелі болуы үшін аудан орталықтарында және Ақтөбе қаласында азаматтарды қабылдау пункттері жұмыс істеді.
Өңір басшысы жер мәселесін талқылауда, халық арасында түсінік жұмыстарын жүргізуде үш айдан астам жұмыс істеген комиссия қызметіне оң баға берді. Комиссия мүшелері Естай Жайлыбаев, Ізімғали Көбенов, Көшкінбай Ахметов өз кезегінде облыс әкіміне комиссия құру туралы дер кезінде шешім шығарып, бұл проблемаға ерекше назар аударып, оның жұмысына қолдау көрсеткені үшін алғыстарын білдірді.
– Біздің комиссия өз жұмысында жақсы нәтижелер көрсетті. Біз сізге бұл мәселеге қатысты қолдау жасағаныңыз үшін ықылас сезімімізді білдіреміз, – деді Естай Жайлыбаев. Көшкінбай Ахметовтің айтуынша, республикалық комиссияда қабылданған 10 шешімнің 9-ы ақтөбелік белсенділердің ұсыныстары екен.
– Біздің негізгі міндетіміз – халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін барлық жағдайды жасау. Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасы. Біз өз тарапымыздан бұл міндетті шешу үшін барлық мүмкіндіктерді ойластырамыз. Комиссия алда да жұмыс істейтін болады. Халықтың тағдырына бейжай қарай алмайтын жандармен жұмыс істеу маған ұнайды, сіздермен басқа да маңызды мәселелер бойынша бірлесіп жұмыс істейтін боламыз, – деді Бердібек Сапарбаев.
Өңір басшысы комиссия мүшелеріне жер мәселесіне қатысты белсенді жұмыстары үшін Алғыс хаттар тапсырды.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы