21 Қыркүйек, 2016

Жасампаздық жылнамасы

544 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
image-41993 *25 қазанда Қазақстанға Иран Ислам Республикасы­ның Президенті Али Акбар Хашеми-Рафсанджани ресми сапармен келді. Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен жылғы күзде Иранға барған сапарынан кейін екіжақты байланыстар өзара тиімді ынтымақтастықтың барған сайын жаңа салаларын қамти отырып, қарқынды дамып келе жатқан­дығы кездесу барысында атап өтілді. Бұл жөнінде «Егемен Қазақ­стан» газетінің 26 қазан күнгі нөмірінде «Иранмен өзара тиімді ынтымақтастық нығаюда» атты мақала жарияланды. *3 қарашада Мәскеуде өткен Ресей мен Қазақстан пре­мьер-министрлерінің кездесуінде еліміздің сом айма­ғы­нан шығатындығы туралы шешім хабарланды. * 5 қарашада Қазақстан Президентінің «Ақша жүйе­сін тұрақ­тандыру жөніндегі шұғыл шаралар туралы» Жар­лығына қол қойылды. Сондай-ақ бұл күні Президент Н.Ә.Назарбаев «Болашақ» бағдарламасын тағайындады. Осы жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелге жастарды оқыту басталды. *12 қарашада Президенттің «Қазақстан Республи­касы­ның ұлттық валютасын енгізу туралы» Жарлығы шықты. Осы күні түнде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі мен Министрлер Кабинетінің «Қазақстан Республикасы Президентінің ұлттық валюта – теңгені енгізу туралы шешімі жөнінде» қаулысы қабылданды. * 13 қарашада Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақ­стан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» Жарлығы мен Елбасының Қазақ­стан Республикасының азаматтарына, барлық халықтарына Үндеуі «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланды. *15 қарашада Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы – теңге енгізілді. Осы кезге дейін жаңа валютаның банкноттары мен тиындары республиканың барлық облыс­тары мен аудандарына тасып жеткізілген болатын. *16 қарашада Президент Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Уильям Кортниді оның өтініші бойынша қабылдады. Президент Билл Клинтонның Қазақстан басшысына жеке хатын тапсырған елші АҚШ Қазақстанның ұлттық валюта енгізу туралы шешімін жақтайтынын және халықаралық қаржы ұйымдары тарапынан кең көлемде қолдау ұйымдастыру жолымен елге қажетті көмек көрсетуге әзір екендігі туралы хабарлады. * 19 қарашада еліміздің валюта биржасында АҚШ долларына кезекті сауда өтті. Нәтижесінде 1 АҚШ долларының белгіленген бағам деңгейі 4 теңге 68 тиынға тең болып шықты. * 20 қарашада Нұрсұлтан Назарбаевқа «Жыл адамы» құрметті атағы бе­ріл­гені туралы хабар «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланды. «Руханият» халық­аралық қауымдастығы бұл құрметті атақты Қазақстан басшысына ТМД Экономикалық одағын құруға, мемлекеттер арасындағы қатынастарды тұрақтандыруға, бейбітшілік пен тату көршілікті жақтау ісіне қосқан зор үлесі үшін берді. * 25 қарашада «Төтенше жағдайдың құқықтық режимі туралы» Қазақ­стан Рес­публикасының Заңы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланды. * 8 желтоқсанда Президент Н.Ә.Назарбаев мемлекеттің тұрақты жұ­мыс істейтін бірден-бір заң шығарушы және жоғары өкілді орган ретін­дегі бірінші сайланатын Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі депутаттарының және Қазақстан Республикасының облыстық, аудандық және қалалық өкілетті органдары депутаттарының сайлауын 1994 жылғы 7 наурызға тағайындау жөнінде Заңға қол қойды. * 9 желтоқсанда «Қазақстан Республикасы халық депутаттары жергі­лікті кеңестерінің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы» Заңға Президент қол қойды. * 10 желтоқсанда Жоғарғы Кеңес өз өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқ­тату туралы шешім қабылдады. Парламент тарады. * 13 желтоқсанда АҚШ-тың вице-президенті Альберт Гор Қазақ­станға ресми сапармен келді. Альберт Гор Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа мұхит­тың арғы жағына ресми сапар жасауға АҚШ Президентінің шақыруын тапсыра отырып, Билл Клинтонның Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен мүмкіндігінше жақынырақ танысқысы келетінін атап өтті. * 16 желтоқсанда Қазақстан халқы Тәуелсіздік күнін кең көлемде атап өтті. * 17 желтоқсан­да Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік акаде­мия­­лық драма теа­трын­да Қазақтар­дың дүниежүзілік қа­уым­дастығы­ның тұ­­сау­­­кесер салта­на­ты өткізілді. Жи­нал­ғандар алдында Қазақстан Пре­зи­денті, Қауым­дас­тық­тың құр­мет­ті Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі. * 22 желтоқсанда Екібастұз-2 ГРЭС-інің екінші энергия блогы іске қосыл­ды. Осыған орай өткізілген митингіде Президент Нұрсұлтан Назарбаев бүкіл республика үшін маңызды оқиғамен энергия құрылысшыларын, энергия монтажшыларын және пайдаланушыларды құттықтап, бұдан былай желтоқсанның 22-сі Қазақстан энергетикасының кәсіптік мерекесі болатындығын мәлімдеді. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінің 24 желтоқсандағы нөмірінде «Екібастұз қуаты – ел қуаты» тақырыбымен мақала жарық көрді. * 24 желтоқсанда Ашғабадта ТМД елдері басшыларының кезекті кездесуі өтті. Пленарлық мәжіліс 21 құжатқа қол қоюмен аяқталды. * 27 желтоқсанда ауыл тұрғындарының қажетін неғұрлым толық қана­ғат­тан­дыру мақсатында Президент Н.Ә.Назарбаев «Селолық жердің тауар өндіру­шілері мен халқына қызмет көрсетуді жақсарту шаралары туралы» Жарлыққа қол қойды. Қазақстан Республикасы Тұтыну қоғамдары одағының село халқына қызмет көрсетуді жақсарту және кооперативтік ұйымдар қызметінің аясын кеңейту жөніндегі бағдарламасы мақұлданды. image
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда қанша ер мұғалім бар?

Қазақстан • Бүгін, 10:10

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024