23 Ақпан, 2011

Тәуелсіздік және демократия

1079 рет
көрсетілді
29 мин
оқу үшін
Әлем және Қазақстан Осыған орай М. Әуезовтің «Абай» ро­манындағы Қодар мен Қамқаның өлім­дері­не байланысты көріністі еске тү­сі­ре­йік­ші. Бөкеншіге кірме сана­ла­тын Борсақ руының кедей азаматы Қо­дар­дың жалғыз ұлы дүние салып, Қам­қа келіні екеуі жа­тақ­та қалады. Жай­лау­ға көшуге көлігі жоқ байғұстар жұрт­та қалады. Қос кә­ріп­тің тұрмысы ешкімді алаңдатпайды. Кө­мек­тесер деген руласы дәукес Жексен бол­са, мұ­ның қыстаудағы өзіне іргелес жатқан жеріне қызығып, Қодарды өсекке қалдыра­ды, жесір келінімен көңілдес екен деген өсекке ұшыратады. Шариғатқа қай­шы қы­лық Құнанбайдың құлағына да жетеді. Бар­ған жерінде оған: «Шыңғыстың бөк­теріндегі шашты сайтаныңды тый­саң­шы», деп бетіне басады. Соған намыс­тан­ған Құнанбай ру басыларын жинап, күнә­кар­лар­ды жазалау жайын ортаға салады. Жұ­мабай қалаға барып, Ахмет риза хазіреттен фатуа сұрап келді. Жазасы дарға асу депті. Қарашоқыдағы Жексен ауылында үлкен жиын. Қамысбай бастаған бес жі­гіт Қодар мен Қамқаны осында алып келеді. Жүз қаралы адам жиылған. Ор­тасында Құнанбай, Бөжей, Байсал, Қа­ра­тай, Сүйіндік, Майбасар – бәрі бар. Алдағы осылар да, артында ентелеп тұрған ақсақал, қарасақал. Әр рудың, көп рудың адамдары. Ылғи атқамінері ғана. Ішінде жұпыны киімді біреуі жоқ. Қодар мен Қамқаны түйенің үстіне екі жағына мойнына тұзақ арқан кигізіп байлады. Түйені тұрғызғанда Қамқа бір сәтте үзіліп кетті. Қодар болса бір жиырылып, бір созылып тез өле ал­ма­ды. Екі жанның өлім азабын өз үстіне арқалап тұрған түйе де үнсіз. Мына сұмдыққа жаны түршіккен жұрт кү­бір­лесіп кетіпті. Сонда Құнанбай қасын­дағы құзды көрсетіп: – Шық алып, мынаның басына! Құлатыңдар содан кәпірді! Бітсін сонымен! – деді. Құз басынан тастап жіберген өлі дене тұп-тура ағып кеп, ауыр салмақпен гүрс етіп бір-ақ түсті. Қодар құздан құласымен Құнанбай: – Әлі жаны шыққан жоқ. Енді анау кәпірден өз жанымызды ақтап, аулақ әкету үшін, қырық рудың қырық кісісі кесек атсын. Ал, осы жиындағы әр атаның баласынан бір-бір кісі кесек алыңдар колдарыңа! – деген. – Міне, шариғат бүйрығы. Атыңдар кесектеріңмен! – деп алдымен өзі лақ­ты­рып, Қодардың жонынан ұрды. Жұрт бірі­нің артынан бірі тас жіберіп ұрып жатыр («Абай жолы» 1-кітап, 1961, 44-бет). М.Әуезов романының Қодар өлімі­не байланысты қайғылы көріністі суреттейтін беттерінен ұзағырақ үзіндіні бекерге келтіріп отырған жоқпыз. Дала демократиясының да өз ас­тары бар. Қодар мен Қамқаны Қамыс­бай бас­таған баскесер баукеспелерге тап­сырып та өлтіруге болар еді. Құнан­бай олай еткен жоқ. Кісі өлімін ешкім де өз мойнына ал­ғысы келмейді. Көп болып кеңесіп шешті. Қаладағы хазіреттен шариғат жолын бұз­ғандарға қолданылатын жазаны да сұра­тып біліп алды. Дарға асу, өлім жа­за­сы. Мұ­ны білсе де, Құнанбай Қара­шоқы­дағы Қо­дардың руласы Жексен ауылына қа­лың жұртты жинады. Құздың басынан тастал­ған Қодардың жан тапсыруы сөзсіз. Бірақ Құнанбай мұнымен шектелген жоқ. Қырық рудың қырық кісісінің Қодарды таспен атуын талап етті. Кәпірден өз жанын ақтап алу үшін, күнәһарды талақ ету үшін бәр-бәрі тас лақтырып, Қодар­дың қазасына бір кісідей атсалысты. Енді ешкім Құнанбайдан құн сұрай алмайды. Өлтірген өздері, қырық ру­дың өз адамдары. Шариғат та күшті­лер­дің, мықтылардың айласына орайласа кететіні осындай. Қарашоқыдағы қаралы жиын бүгінгінің тілімен айт­қан­да, алқалы бидің соты секілді, немесе әскери трибунал десе де бол­ған­дай. Ешкім дау айта алмайды, ешқайда дауласып арыз жаза алмайды. Дала демократиясы жалпы ритуал­ды сақтай білген. Алдын ала кеңескен. Кісілер жіберіп, тіл алдырған. Кешегі Кеңес өкіметі кезіндегі 37-жылдағыдай үштіктің шешімімен кісіні атып тастай бермеген, немесе жалпы тізіммен өлім жазасына кеспеген. Шариғат заңының жақтаушысы хазіреттің қолдауымен, рұқсатымен көптің қолымен өлтірген. Өлім үшін ұжымдық жауапкершілікті өздері мойындарына алған. Елдің ішіндегі ру араздығы күшейіп кетпеуі үшін дала әкімдері осыған барған. Ұжым­дық шешім – дала демократиясының символы іспеттес. Ежелгі грекке тән Афина демокра­тия­сының жұрнағы – жалпыхалықтық дауыс берудің далалық көрінісі. Ал енді осы заманғы демократия көрініс­тері­не көз жіберіп көрелік. Оны кім қалай түсінеді? АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Хил­­лари Клинтон ЕҚЫҰ-ның Астана­дағы Саммитіне келгенде үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесіп, жақ­сы пікірлер айтты. Баспасөзге қысым жасап, журналистерді өлтіріп кету факті­лерінің көп елде орын алып отырғанына қынжылыс білдірді. Бұған қарсы бірлесіп күрес жүргізуге шақырды. Сондай-ақ ол үкіметтер азаматтық қоғамның кейбір ұйымдарының құқы­ғын кеңейтіп, ал басқалардікін шектеуге барады. Бұл дұрыс емес. Интернетке кіруін қолдағанмен, оның сайттарын сөндіріп тастауын құптауға болмайды. Баспасөз бостандығына кепілдік бере оты­рып, журналистердің жұмысына шек­­теу қоюын құптамады. Сайлау өт­кізу жеткіліксіз, бұл сайлаулардың ер­кін әрі әділ өтуін қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің бәрін істеу керек, деді ол. Мемлекеттік хатшының сөзі көп­шілікке жақсы әсер қалдырды. Сөз жүзінде бәрі дұрыс. Бірақ оның өзінің елінде осы қағидалар қалай жүзеге асып отыр десеңізші! «Уикиликс» сайтының жетекшісі Джу­лиан Ассандж құпия мәліметтерді жария еткені үшін қуғындалып, Англияда тұтқындалды. Жасырын деректерді жариялағаны үшін емес, швециялық екі әйелді зорлағаны үшін сотқа ша­қыр­тылу­да. Айтпаса да бұл қудалаудың аяғында АҚШ-тың барлау орган­дары­ның тұрғаны жасырын емес. Ресейдің премьер-министрі В. Путин өзінің франциялық әріптесі Франсуа Фийонмен әңгіме кезінде бұл туралы ашық айтты. «Джулиан Ассандж мырзаны неге түрмеге тықты? Бұл да демо­кратияға жата ма?» деді ол. Батыс үнемі демократияны сөз бос­тан­дығымен тікелей байланыстырып келгені мәлім. Ғаламтордың ақпарат та­ратуға еркін араласуын жақтап келген-ді. Енді австралиялық Джулиан Ассандж АҚШ құпия құжаттарын ғаламтор арқылы тарата бастағанда, бұрынғы ұстанымдарынан ауытқып, ғаламтордың үнін өшірумен әлек болды. Сонда батыстың демо­кра­тия­сын қалай түсінуге болады? Ақпараттың өзі­не қатысы болмағанда интернетті кеңі­нен ұлғайтуды ұсынды. Өз құпияларын әлем­ге тарата бастағанда, сайттың иесін түр­меге тығып, үнін өшіруге кірісті. Астанада болғанда Х. Клинтон ханым басқаша сөйледі, еліне барғанда басқаша әрекет етті. Сонда демократияның қос стандарты болғаны ғой бұл елде, деген ойға еріксіз келесіз. Тәуелсіздікті алдық, енді демократия өзі келеді деген ұғым қате. Тәуел­сіздік бір басқа, демократия өзінше бір басқа. Екеуі бір-бірінің салдары емес. Әрқай­сысы өзінше жеке құндылық. Сол құн­ды­лықтарды әрі қарай орнық­тыра түсу керек. Алда әлі де алынбаған қа­малдар көп. Тәуелсіздік пен демо­кра­ти­я­ны ор­нық­тыру үшін көп жұмыстар іс­­телуге тиіс. Бұл екеуінің өз заңды­лық­тары, амал-тәсілдері бар. Елбасы айтқандай, тәуелсіз­дікке қол жеткізу де, оны баянды ету де оңай емес. Мұны өз көзімізбен кө­ріп, күн­делікті өмірде анық сезініп жүр­міз. Әсі­ре­се, тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дары мұны мейлінше анық аңғар­дық. Ескі империяның қирауы, идеоло­гияның күй­реуі экономикалық, әлеумет­тік, рухани байланыстардың үзілуі сал­дары­нан бол­ған қиындықтар көпке мәлім. Тәуелсіздік таңының атуын халық де­мо­кратияның да орнауы деп түсінді. Азат­тықпен қоса демократиялық бос­тан­дық­тар да бірден салтанат құрады деген ұғым көпшіліктің басында тұр­ды. Халықтың еркіндікті сезінгені сонша, оны анархияға дейін апарды, хаос­қа ұластыра жаздады. Тәуелсіздік – бұл кеңестік империядан құтқарған шетсіз-шексіз бостандық. Енді бәріне өзіміз қо­жа­мыз, деп қарады. Ала­сапыран ке­зең­ді пайдаланып, ел байлы­ғын бір­қа­тар пысықтар иемденіп, жекешелендіріп алды. Империя мүлкі иесіз қалған дүние деп түсінді. Әркім өзінше бұл бай­лықты басып қалуға тырысты. Тоқ­тап қалған зауыт, фабрикалар, совхоздар байлығы талан-таражға түсті. Әр­кім ұрлап-жырлады. Аз уақыт ішінде өтпелі кезеңді пайдаланып, азғана топ байып шы­ға келді. Мұны капита­лизм­нің алғаш­қы қорлану қоры деп қабыл­даған жас үкі­мет те араша түсе алма­ды. Жаңа ағымның жетегінде кетті. Мем­лекеттен қарыз ал­ған­дар оны қай­тара алмады. Мемлекеттің шығынды өзі жабуына тура келді. Міне, мұны қауым жұрт тәуелсіздік деп түсінді. Оны демократияның баламасы (синонимі) деп ұғынды. Әркім өзінше ұран тас­тады. Көше сөзге толып кетті. Еңбек ету емес, алаңда митингі, ереуіл жасаумен әуес­тенді. Мұны демократияның жемісі деп бағалады. Бұқара халық тәуелсіздік пен демократияны біртұтас егіз ұғым деп қабылдады. Шынында да бұл екеуі бір ұғым емес. Тәуелсіздік саяси билікті қол­ға алу, елді басқару тізгінін ұлттың өз қа­ра­мағына алуы болып табылады. Ал демократия болса, бұл қоғамның өмір сүру ережесі. Бұл халықтың рухани деңгейіне, тарихи дәстүріне, мәдениеті мен менталитетіне тікелей байланысты дүние. Ол қоғамдағы ахуалдың, азаматтық сананың деңгейімен бірге келеді. Азаматтық қо­ғам­ның белең алуымен, оның белсенділігімен бірге келеді. Әрине, ол бір күндік, бір жылдық шаруа емес. Заңға бағынып, оны құрметтеп, мүл­тіксіз басшылыққа алу дәстүрі қоғамда те­рең қалыптасуы керек. Заңмен емес, ұғым­мен өмір сүру, әр ауылдың өз ақ­са­қалының айтқанымен жүру, соны ғана тың­дап, басқаны елемеу, жалпы ұлттық құндылықты ескермеу демократияға жол ашпайды, қара түнекке, тұйыққа тірейді. Заңдылықты сақтауды, демокра­тия­лық үрдісті сөз еткенде, «Біржан сал» фильміндегі бір көрініс еске түседі. Жан­бота болыс Қарқаралыдағы орыс жан­да­ра­лы қатысатын жәрмеңкеде ерек­­ше көзге түскісі келеді. Ғашығына қосыла алмай ішқұса болып жүрген Біржанға ол: «Көңі­лің жүдеп жүр ғой, жәрмеңкеге барып ән айтып, бой сергітіп қайт, өзіңді тізімге қостым», дейді. Ақын ән айтуға зауқы жоғын айтып, келісім бермеп еді, Жанбота қолқа салып қоймады. Қарқаралыда Біржан сал жандаралдың шашбауын кө­те­ріп ән салған жоқ. Өз елін, сұлу Көкше­сін, оның әсем табиғатын, сексен көлін жырға қосып, мақтанды. Біржанның әні басқа болыстың – Азнабайдың ашу-ызы­сын туғызып, қызғанышын қоз­дырды. Жан­дайшап поштабайын жіберіп, әншіні қамшының астына алдырды. Жанбота болыстың мерейін өсіретін ән-жырдың Азнабайға түкке керегі жоқ. Оның үнін өшіргісі келеді, алты алаш­тың ақын серісі Біржанның бұған еш керегі жоқ, оған жан­дарал алдында мұның беделін көте­ретін әнші керек. Бір кезде болысы мен болысы бәсе­ке­лескен қоғамнан демократияны бірден талап ету, әрине, қиын. Бірақ біздің батыс­тық ақылшы-кеңесшілеріміз Қа­зақ­стан әлі толық демократияға көш­кен жоқ, деп санайды. Шынын айту керек, соңғы кезде мұхиттың ар жағын­да­ғы көнекөз Еуро­па­дағы саясаткерлеріміз демократияны экс­порт­тауға түсі­ніс­тікпен қарай бастаған секілді. Еуропарламенттегі социалистер мен демо­крат­тардың прогресшіл Альянс тобы­ның өкілі Адриан Северин: «Демократия егетін дәрі емес. Қазақстандағы демократияның «ұрығы» еуропалық емес, Қазақстанның өзінікі болуға тиіс... біз еуропалық демократия моделі кіршіксіз және оны кезек күттірместен Қазақстан немесе басқа елге енгізу қажет деп айта алмаймыз», деді (Қараңыз: ЕҚ, 20.XI.10). Еуропарламент депутаты өте дұрыс айтып отыр. Батыс демократиясын сол қал­пында Азия, Африка елдеріне экс­порттауға болмайды, әр елдің даму та­рихы, ежелгі дәстүрі, мәдениеті мен менталитеті бар. Осыларға икемделмеген, жаңа топыраққа бейімделмеген дән терең тамыр жайып, жақсы жеміс бер­мейді. Тұқымды себер алдында «өң­деуден» өткізу қажет болады. Тәуелсіздікті орнықтыру үшін, ең ал­ды­мен, экономиканы жаңғырту керек, үдемелі индустриялық-иннова­ция­ны кеңінен қолдану қажет. Ғылым мен өндірістің кірігуін қамтамасыз еткен жөн. Өндіргіш күштерді арттыруға ға­на емес, өндірістік қатынастарды жетілдіруге де баса назар аударылуға тиіс. Бұл тәуелсіздікті баянды етудің бір жағы ғана. Әрине, мұның бәрі адам үшін істелетін шаруалар. Ал адам ка­питалы басқа да сұраныстарға зәру. Бұл оның еркіндігі, рухани қажет­тілік­терінің өтелуі, ар-намысының құрмет­телуі, қоғамды басқаруға деген тілек-талабының ескерілуі болып табылады. Бұл үшін ЕҚЫҰ-ның үшінші өлшемін­дегі гуманитарлық талаптардың жүзеге асырылуы қажет, яғни демократиялық үрдістің өріс алуы керек. Астанада өткен саммиттің декларациясында бұл жағдайлар толық көрініс тапты. Демократиялық үрдісті дамыту – үз­діксіз жүретін үдеріс. Ол бірден көз­ді ашып-жұмғанша қалыптаса қалмай­ды. Ұлттың тарих бойында қалып­тас­қан дәс­түрі, өмір сүру ережелері жаңа заманға біртіндеп ыңғайлануға тиіс. Демо­кра­тия­ның талаптарын меңгеріп, оны өз тұр­мы­сына сіңіру керек. Қоғам­ды басқаруға азаматтық қоғамның белсенді араласуы, ұсыныс-талаптар қоюы дағдыға айналуы қажет. Билік халыққа қызмет етуі керек. Халық билікке кіріптар болмауы керек. Керісінше, билік қоғамға тәуелді болуы абзал. Өйткені, билік – мемлекеттік аппарат – Отан емес, социумның базисі емес, оның қондырмасы. Ол өзгеріп тұрады. Билікке жаңа менеджерлер келеді. Сөйтіп, мемлекеттік басқару жүйесі үнемі алмасып отырады. Жаңа толқын биліктің қан айналысын жаңартады. Бас­қару жүйесі тың күштермен толығады. Міне, бұл – дәстүрлі демокра­тия­ның алғышарты. Өркениетті қоғам көп пар­тиялы болуы қажет. Бұл таласып-тартыс­қан, бір-бірінің бетін жыртыс­қан, орта ғасырлық әдеттен арылмаған құжынаған шағын топтар емес, саяси мәдениеті жо­ғары, маңызды бағдар­ла­м­а­лар ұсына ала­тын, артына халықтың бірқатар бөлігін ілестіре алатын, саяси жетекшісі бар, белгілі мақсат-мұраты бар қоғамдық саяси күштер болып табылады. Көп партиялық де­ген сөз қоғамдағы плюрализмнің көрі­нісі. Пікір алуандығы қоғамдық ой-сана­ның тоқырауына жол бермейді, катализатор міндетін атқарады. Бір партиялық пар­ламенттегі бірауыздылық қоғамдағы тұрақтылықтың толық кепілі емес. Ресей президенті Д. Медведев айтқандай, бұл – тоқырауға апаратын тура жол. Көл­ге жаңа жылғалар, бұлақтар құй­ма­са, ол борсып иістеніп кетпей ме? «Біз­дің саяси өмірі­мізде бірқатар уақыттан бері тоқыраудың белгілері көріне бас­тады, – деді Д.Медведев, – тұрақты­лық­­тың стагнация ( бұл сөзді латын­ша­дан аударғанда «тұрып қалған шалшық су» деген мағынаны білдіреді) фак­торы­на айналу қаупі сезіле бастады. Мұндай тоқырау билеуші партия үшін де, оппозициялық партия үшін де өте қауіпті. Егер оппозициялық партия әділ күресте жеңіп шығуға азғантай да мүмкіндігі болмаса, ол қожырап құлды­рап кетеді. Ал билеуші партияның еш жерде ешқандай жеңілетін кезегі болмаса, ол сұрғылт тартып тас мүсінге ұқсап кетеді, ақырында ол да қозғалысқа түспеген кез келген жанды организм секілді қожырап құлдырауға ұшырайды». Ресей президенті өз сөзіндегі саяси ахуалды сипаттай отырып, билеуші пар­тияның да қалыптасқан жағдайды терең сезініп, соған қарай бейімделуі қажеттігін ескертті. Саяси партия ат­қарушы биліктің атқосшысы қызметін атқармай, оның өз құқығы мен міндеттері, яғни өз беті болуын ашық айтты. Сонда ғана билеуші партия қоғамдағы өз рөлін атқара алады. Қоғамда әрқашан бір партияның ғана үні естілуі елдің бірауыз­ды­лығы­ның көрі­нісі бола алмайды. Бір партия әлеуметтік бір топтың, мейлі ол үлкен болса да, бәрі­бір бүкіл халықты қамти алмайды, әй­теуір бір топ назардан тыс қалады. Сон­дық­тан да ұсақ партия­лар­дың да көзқа­ра­сы есепке алынуға тиіс. Өйткені, олар ша­ғын болса да аза­мат­тардың қоғамда үні естіліп, биліктің құлағына жетуі әрі оның тарапынан қолдау табуы қажет. Шынайы демократия осыны талап етеді. Қоғамда демоқратияның басқа түр­лерін де қолдайтындар бар. Оларға қан­дай демократия керек? Ондаған мың адам қолға күрек, шот-сайман алып, көшеге шығып, ғимаратқа шабуыл жасап, машина, магазиндерді өртеп, адамдар бірінің бірі мұрнын бұзып, бетін қан жуғызып, не­м­есе қол-аяғын, қабырғасын сынды­рып, тіпті мертіктіріп, өлтіруге жол беретін ереуіл-бүлік жасауды демократия деп түсінетіндер де бар. Мәскеудің Манеж алаңындағы, кейін басқа көшелеріндегі кав­каз­дықтар мен ұлтшыл-патриот­тар­дың жүгенсіздігін қандай демократиямен ақтауға болады? Бұл шектен шыққан вандализм, барып тұрған қылмыс, қоғамның тыныштығын шайқауға бағытталған заң­сыз әрекет болып табылады. Сөзге, ескертуге құлақ аспайтын бұл жүгенсіз топқа ерік беріп, күш қолданбау демократия ма? Оларға қарсы күш қолдануды бостан­дық­ты, еркіндікті аяққа басу деп түсінуге бола ма? Әрине, жоқ. Елдің тыныштығын алып, қоғамдық тәртіпті бұзу – ауыр қыл­мыс ретінде қатаң жазалануға тиіс. Мұны демократиялық үдерістерге шабуыл деп түсінуге болмайды. Бұл қылмыстар демократиямен үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Соған қа­ра­­мас­тан, бұл бүлікшіл топқа қала көш­е­лерінде қырғын төбелес ұйымдастыру, тұр­ғындардың берекесін алу не үшін керек? Билікке қыр көрсету үшін бе, әлде қоғамдағы жөнсіздіктерге биліктің көзін жеткізу үшін бе? Саяси қозғалыстар үшін билікпен келісім-мәмілеге келудің, заң­сыз­дықтардың алдын кесудің басқа әдіс-амалдары жоқ па? Рас, қоғамда қиянат жасаушылық, әді­летсіздік жетіп артылады. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Жем­қор­лық ты­йы­лар емес, биліктегілер өзіне тапсырыл­ған іске жауапсыздықпен қарап, өз қыз­меттерін формальді түрде атқарады, жұ­мыстың нәтижелілігіне көңіл аудармайды. Жәбір көргендерге, әлсіздерге, қорған­сыз­дарға жаны ашымайды. Азаматтардың арыз-шағымдарына атүсті қарайды. Жә­бір көргендердің жан ашуын жеңіл­детуге, олардың қайғы-қасіретін түсінуге мән бермейді, тоғышарлық мінез танытады. Д. Мережковскийдің әкесі оны бала кезінде Ф.Достоевскийге ертіп апарып, осы баламнан ақын шыға ма, деп сұра­ған­да, ол мынадай жауап алады: «Бұл үшін ұлыңыз азап шегіп, қиналысты бастан кешіруі керек», деген. Сонда ақынның әке­сі: «Балам ақын болмай-ақ қойсын, бірақ өмірде азап шекпей-ақ өтсін», деген екен. Сондай-ақ шенеуніктерден алдына өтініш жасап барғандармен бірге жан азабын қо­са тартсын демейміз, бірақ адамдар­дың, әсіресе, мүгедек қарттардың жан күйзе­лі­сін сезіне біліп, оған қолұшын беруге ын­талы болса екен дейміз. Сонда ғана олар­дың еңбегі нәтижелі болады, көптің көңі­лінен шығады. Демократияны дамытуға өзін-өзі бас­қаруды жақсартудың көп маңызы бар. Өйткені, адамдардың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қажетті жайлардың бәрі жергілікті жерлерде шешіледі. Осыған орай Елбасының ауыл-селоны жаңғырту үшін жоғары білімді жас мамандарды көптен жіберіп, оларға барлық жағдайды жасау­ды ұсынуы жер-жерде кеңінен қолдау таба бастады. Өйткені, жастарсыз ауыл-село өркендей алмайды. Жастар ауылға жас­тық жалын әкеледі, спортты дамы­ту­ға мүмкіндік туады. Шағын қалалар типтес ауылдар пайда болады. Газ, электр, мәдениет ошағы, емхана, мектептер мен клубтар пайда болады. Ауыл дамудың осы заманғы жолына түседі. Ұрпақтар сабақтастығы жалғасады. Ауыл-селодағы басшылыққа жастар араласады, демократиялық үрдісті да­мы­тады, әділеттік пен адамгершілік ны­шандар көбірек өріс алады. Посткеңестік кеңістікте демократия­лық үрдіс дамудың қиын, бұралаң жол­дарын бастан кешіруде. Демократияны мал­данған қырғыз ағайындар екі ре­вол­ю­цияны бастан өткізді. Елдегі дүрбелең, ұзақ­­қа созылған қақтығыстар саяси ахуал­ды қиындатып, экономикасын тұралата түсті. Жасампаз еңбектен гөрі көшеге ереуілге шығу, кландық топтарға бөліну Қыр­ғызстанды да саяси дағдарысқа ұшы­ра­тып, мемлекеттік басқару жүйесін қа­лы­птастыруда түрлі қиындықтарға кезіктіріп отыр. Белоруссиядағы сайлау қорытын­ды­сы халықтың көшеге шығуына себепші бол­ды. Жеңілген кандидаттар өз сайлау­шы­ларын қоғамдық тәртіпті ширықтыруға өздері бас болып барды. Үкімет ғима­рат­тарын басып алу үшін әрекет жасады. Түрлі саймандарды іске қосып, үйлердің есік-терезесін қиратты. Үкіметтің құқық қорғау органдары тиісті шара қолданып, ереуілшілердің бетін қайтарды. Қоғамдық тәртіпті бұзған, соған ұйытқы болған 600-дей адам ұсталды, ішінде президенттікке кандидаттар да бар. Демократияның осын­дай күйкі көріністерін көргенде Эрих Фромның сөзі еске түседі. Ол мұны «еркіндіктен безу» деп атағаны белгілі. Елдің бұрынғы президенті басым дауыспен жеңіп шықты, байқаушылар сайлау ережесін бұзудың өрескел фактілерін тіркемеді, сайлау дұрыс өтті деп бағалады. Ал жеңілген кандидаттар мұны мойындауға батылы бармады, өз сайлау­шыларын арандатып бақты. Бұдан кім ұтты? Бұл елдің конституциясындағы пре­зидент болып сайлануға мерзімдік шек­теу алынып тасталған. Осыған орай Александр Лукашенконың төртінші рет сайлауға түсуге құқығы бар екен. Дауыс беру әділ өтсе, бұған неге қарсы боламыз? Сайлауда кімге дауыс беру азаматтардың өз еркі. Күштеп дауыс бергізуге жол жоқ. Ал рұхсат етілмеген митингі жасау, ереуіл ұйымдастыруға заң тыйым салады. Сонда билік кінәлі ме, әлде жеңілген кандидаттар жауапкершілік көтере ме? Мәселе – осында. ТМД елдерінде ереуілге шығу жиілей түсті. Бұл үрдістің зияндылығы сонда – ұлттар арасындағы кикілжің бой көрсете бастады. Ұлттық мүддені қорғау ниетімен саясатқа әсіре ұлтшылдар мен ұлттық киім киюшілер араласатын болды. Ұлт мәселесі – өте нәзік дүние. Оны әрдайым назарда ұстап, ағымдағы жағдайға терең талдау жасап отырмаса, мұның аяғы өртке ұласып кетуі ықтимал. Ұлт саясатын, халықтар достығы мен бірлігін түсінуде біржақтылық, жаңсақ­тық жоқ емес. Бұл екіұшты пікірлер жауап­ты саясаткерлер тарапынан да кездеседі. Мә­селен, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төр­ағасының орынбасары Е. Тоғжанов былай деп жазды. Автордың пікірін дәл жеткізу үшін сол қалпында келтірейік. «Перед Казахстаном стоят фундаментальные задачи национального строительства: интегрировать этнический и культурно отличающие народы в единую нацию выработать прием­лемые для всех ценности и цели национального развития» («Казахстанская правда», 25.11.10). Шындығына келсек, Ассамблеяның міндеті бір ұлт жасау емес. Ұлтты қалып­тастыру жеке институттың, жеке тұлға­ның құзіретіне жатпайды. Ұлтты қалып­тас­тыру ғимарат салу емес, ол – ұзақ мерзімді талап ететін тарихи үдеріс. Оны ешкім де күшпен жеделдете, шапшаңдата алмайды. Ол – объективтік тарихи құ­былыс. Ұзақ мерзім өткен соң кейбір ұлт­тардың қалыптасуы мүмкін. Бірақ бүгінгі ұрпақ тұсында Қазақстанда жаңа бір ұлт қалыптасады деу ұшқары пікір. Ассамблеяның міндеті әр этностың рухани сұраныстарын қанағаттандыру, тілін, дінін, мәдениетін, дәстүрін, әдет-ғұр­пын жоғалтпай дамытуға қамқорлық жасау, әртүрлі ұлт өкілдерін өзара жақын­дас­тырып, ұлт пен ұлттың достығына дәне­керлік ету болып табылады. Ассам­блея – осындай маңызды міндеттерді жү­зеге асыратын, бір ұлт жасауға ұмтыл­май­тын қоғамдық институт. Өйткені, 2001 жылы қабылданған ЮНЕСКО-ның жал­пыға ортақ декларациясында атап көрсе­тіл­геніндей, мәдениеттің, халықтың бірлігі, тұтастығы саналуандықты жүзеге асыру арқылы қалыптасады. Ұлт саясатында ең алдымен демократия көрініс табуы керек. Ұлттық ар-намысты қоздыру – қылмыстың нағыз өзі. Әр ұлттың өкіліне ең алдымен адам ре­тін­де қарауымыз керек. Адам – таби­ғат­т­ың ең басты құндылығы, бұл туралы бүкіл елдің конститу­ция­ларын­да арнайы бап бар. Ал содан кейін барып оған белгілі бір мәдениеттің, ұлттың, ұлыстың өкілі деп қарауымыз керек. Бұл екінші жағ­дай­да олардың ұлттық дәстүріне, мәдениеті мен өнеріне, діні мен діліне құрмет көр­сетілуі керек. Мұнсыз халықтар арасын­дағы сыйластықты, татулықты, бірлікті қамтамасыз ету мүмкін емес. Демократиялық үрдіс әрбір ұлттың, ұлыстың өкілдерін өз елінде тең құ­қықпен пайдалануына, сайлау не сай­лану құқығын жүзеге асыруға жағдай жасайды. Демократияны дамытуға ба­ғытталған әрбір қадам еліміздегі тәуел­сіздікті баянды етуге, оны түбегейлі орнықтыруға қызмет етеді. Тәуелсіздік қатып қалған жансыз дүние, ескерткіш биік мұнара емес, ол – үнемі даму үстіндегі жасампаз үдеріс. Осы үдеріс үстінде тәуелсіздік тамырын тереңге жібереді, жапырақтары көкке бой созып, қанатын кеңге жаяды. Бұл бәй­те­ректің бой түзеуі асқақ, оның тамыры жуан әрі мықты, анау-мынау желге былқ етпейді, желмен бірге жапырағы жайқалып, кербездене түседі. Биылғы қоян жылы – Тәуел­сіз­ді­гі­міздің 20 жылдығы. Елбасымыз айт­қан­дай, бұл – біз үшін тек мерейтойлық оқи­ға ғана емес, жетістігімізді де, кемшілігімізді де саралайтын, болашақты бағ­дар­лайтын кез. Алда алынбаған қамалдар жеткілікті. Шешуін күтіп тұрған өзекті мә­селелер де көп. Сондықтан да еліміздің әрбір азаматы бәрін тындырдық деп масаттанбай, тәуелсіз елдің күш-қуатын, эконо­ми­ка­лық және қорғаныстық әлеуе­тін еселеп арттыра беру үшін аянбай еңбек  етуі тиіс. Бұл біздің алға жыл­жуы­­мыз­дың, өрке­ниетті елдердің ал­дыңғы­ шебінде болуы­мыз­дың бірден-бір шарты болып табылады. Әбдеш ҚАЛМЫРЗАЕВ, философия ғылымдарының докторы, профессор.