22 Қыркүйек, 2016

Кубок жолындағы кездесулер

248 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше футболдан Қазақстан Кубогы жартылай финалының алғашқы ойындары өтті. Әуелгі матчта Павлодардың «Ертісі» өз алаңында елорданың «Астана­сын» қабылдады. 2:1 есебім­ен қонақ­тардың пайдасына шешіл­ген тар­тысты кездесудегі доптың бар­лығы бірінші таймда соғылғанын атап айтқан жөн. Ойынның 23-ші ми­нутында астаналықтардың жарты­лай қорғаушысы Асхат Тағыберген мер­гендік танытса, арада он минутқа же­тер-жетпесте «Ертістің» үздік шаб­уыл­шысы Роман Мұртазаев тара­­зы басын теңестірді. Содан тура бес минут өткенде, яғни ойынның 37-ші минутында елордалықтардың жа­қында ғана жарақатынан айығып, сап­қа қосылған команда капитаны, ша­буыл­шы Таңат Нөсербаев өз клубын қайтадан басымдыққа ие қылды. Айта кетерлік нәрсе, бұл ойында маусымның соңына дейін жарақаты­на байланысты қатардан шығып қал­ған Давид Лорияның орнына, пав­лодарлықтардың қақпасын Антон Цирин қорғады. Ал алаңға негізінен қосалқы құрамдағы жас ойыншыларын шығарған астаналықтардың соңғы шебінде әдеттегідей Ненад Эрич емес, оның әріптесі Александр Мокин тұрды. Міне, ол ойынның соңындағы төреші қосқан уақытта өз қақпасына белгіленген 11 метрлік айып добын шеберлікпен ұстап, павлодарлық ойыншы Джиби Фалльға бармақ тістетті. Сөйтіп, таб­лодағы есеп өзгерген жоқ. Жартылай финалдың екінші кездесуі Алматыда өтті. Қазақстан Кубогының қазіргі иегері, жергілікті «Қайрат» мұнайшылар өңірінен келген «Атырау» командасымен бақ сынасты. Қонақтар күші басым алаң иелеріне бірінші таймда лайықты қарсылық көрсетті. Бұл шиеленісті текетірестің тағдырын екінші тайм­ның ортасы ауа бере торда тулаған жалғыз доп шешті. Ойынның 72-ші минутында «Қайраттың» жартылай қорғаушысы Исламбек Қуат оңтайлы сәтті пайдаланып, қарсыластарын қапы қалдырды. Сөйтіп, алаң иелері 1:0 есебімен жеңіске жетті. Енді 5 қарашада «Атырау» «Қайратты» өз алаңында қабылдап, қарымта ойында есе жібермеуге тырысады. Ал «Астана» мен «Ертіс» арасындағы қарымта матч 6 қараша күні елордадағы «Астана-Арена» стадионында өтеді. Әлжан Әліш