Бүгінде «Батыс» өңірлік қолбасшылығы сапында көптеген ұлт өкілдері өздерінің Отан алдындағы қызметтерін абыроймен атқарып келеді. Біз өңірлік қолбасшылыққа қарасты бөлімшелерде болып, әскерилердің бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысқан едік. Әскерилер дәстүр мен әдетке сай, елдің тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтау жөніндегі өз ой-пікірлерін емін-еркін ортаға салды.
Солардың бірі – «Батыс» өңірлік қолбасшылығы байланыс қызметінің бастығы, украин ұлтының өкілі
Геннадий Шкребко. Ол Солтүстік Қазақстан өңірінде дүниеге келген.
– Қазақстан Республикасының азаматы болу біздің мақтаныш сезімімізді туғызады. Әрі бізге үлкен міндеттер жүктейді. Біріншіден, азаматтылық Отанымызды шексіз сүйе білуге, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге дағдыландырады. Әрі барша қазақстандықтарға деген сыйластық сезімін қалыптастыруға алғышарт қалайды. Еліміздің Конституциясын қастерлеп, заңдарын қалтқысыз сақтау және мемлекетімізді қорғауға бір кісідей әзір болу – басты парызымыз, – деді ол газет тілшісіне.
Петропавл әскери институтының түлегі Г.Шкребконың мемлекеттік тілді үйрену жөніндегі талап-тілегі мен қызығушылығы аталған оқу орнының қабырғасында ояныпты. Майор шеніндегі Геннадий Александрович бізбен әңгімесінде тіл үйрену сабақтарының тигізген пайдасы мен көмегін бүгінде әскери қызметте кеңінен пайдаланып жүргенін жеткізді. Бәріміз де мемлекеттік тілді білуге міндеттіміз деп санайды әскери қызметкер.
Ал корей ұлтының өкілі 5517 әскери бөлімі командирінің орынбасары
Вячеслав Пак көпэтносты еліміздегі тату-тәтті тіршілік пен достық қарым-қатынастарды жоғары бағалайды. Әрі осындай бейбітсүйгіш елӨде қызмет етіп жүргенін мақтан тұтады.
– Менің өзіме жүктелген сенім жүгі де салмақты. Атқарып жүрген қызметімнің жауапкершілігі де жоғары. Мен «Батыс» өңірлік қолбасшылығы сапында командирдің тәрбиелік және әлеуметтік құқықтар жөніндегі орынбасары болып қызмет етемін. Мұның өзі маған қашанда мерейлі міндеттер жүктейді. Соның ең бастысы, жеке құраммен мемлекеттік-құқықтық дайындықтар бойынша дәріс беру деп есептеймін. Бұл дәрістер жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Оған тыңдаушылар қашанда белсенді түрде қатысып жүр. Ешқайсысы да, енжарлық, селсоқтық көрсетпейді. Қызмет барысында сарбаздарды мүмкіндігінше болуы ықтимал түрлі құқық бұзушылардан сақтандырып, тәртіпті бұзбауға, жарғы талаптарын бұлжытпай сақтауға шақырып отырамын. Бұл іс-әрекетім – еліміздің ұлттық қауіпсіздігі мен беріктігін нығайтуға қосқан үлесім, – дейді ағынан жарыла тіл қатқан майор В.Пак. «Өзім туып-өскен қазақ жерінің болашағы мен игілігі үшін білімім мен біліктілігімді және күш-қайратым мен жігерімді, бұған дейінгі жинақтаған тәжірибемді сарқа жұмсауға дайынмын», деп ой қорытты Вячеслав Пак.
Біздің келесі бір кездесіп, ой-пікір алмасқан кейіпкеріміз – тәжік ұлтының өкілі
Жорабай Сулаймонов болды. Ол «Батыс» өңірлік қолбасшылығы жауынгерлік қызметі басқармасының аға сардары. Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Жиырма жылдан астам уақыттан бері әскерилер сапында қызмет атқарып жүрген подполковник Жорабай Асадуллаұлы қазақ тілін де, орыс тілін де жетік меңгергенін бірден көрсетті. Екі тілге де судай. Ол «Тілге құрмет – елге құрмет» деп санайды екен. Несі бар, өте орынды, өте орнықты көзқарас.
Сонау саяси қуғын-сүргін кезеңінде, Ұлы Отан соғысы жылдарында қазақ халқының көрмеген қиыншылығы жоқ. Соған қарамастан, қазақ жеріне еріксіз аударылып, еріксіз тоғытылған өзге ұлт өкілдеріне құшақтарын айқара ашты. Оларға қолындағы барын бөліп берді. Біз мұны қазақ елінің тарихынан жақсы білеміз дейді кейіпкеріміз. Жиырма жылдан бері қандай қызметтің тізгінін ұстаса да Жорабай сол ұжым мүшелерінің өзіне деген ыстық ықыласын сезіне алғанын мақтанышпен айтты. Жорабай Сулаймоновтың отбасында Мухаммад және Тимур есімді ұлдар өсіп келеді.
Мінекей, әскерилер қатарында ортақ Отанымыз – Қазақстан Республикасының қауіпсіздігі үшін жан аямай еңбектеніп жүрген осындай азаматтар жетерлік. Қандай ұлт пен ұлыстың өкілі болсын олардың тілектері мен ниеттері ортақ.
Жазып алған
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
ОРАЛ