23 Ақпан, 2011

Алып елмен жарастықтың өнегелі қыры

569 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін

Елбасының Қытайға мемлекеттік сапары осы елмен ынтымақтастықтың Қазақстан үшін тиімді жаңа көкжиегін айқындады

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, кеше Пекинде Қазақ­стан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назар­баев­тың Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары ресми түрде басталды. Стратегиялық әріптес ретінде Қытай жағы бұл сапарға ерекше мән беруде. Себебі, екі елдің арасындағы қарым-қатынас жылдан жылға артып, сауда-экономикалық байланыстар нығая түскен шақта елдердің бірінші басшыларының мұндай сапарларының екі жаққа да берері мол болатындығы түсінікті.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ – Пекиннен.

Егер журналист ретінде өз таным-түйсігімізбен айтатын бол­сақ, Қытай үшін Қазақ­станның Еуропа мен Азияның түйісер тұсындағы алтын көпір ретінде гео­графиялық орналасуының, қуат­ты энергетикалық мүм­кін­дігінің, түр­кі, мұсылман әлемінде көзге түсе бастаған абыройлы беделінің, бейбіт те жүйелі дамыған өмі­рінің, әлемнің көптеген ал­дыңғы қатарлы елдерімен стратегиялық әріптестігінің маңызы зор. Ал Қазақстан үшін Қытайдың маңызын «алыптың аты – алып» деген бір-ақ ауыз сөзбен тү­сін­діруге болар еді. Оның үстіне жәй алып емес, өзінің қазіргі даму қуатымен ХХІ ғасырда небір кереметтерді туындатуға айнал­ған, халықаралық экономиканың даму болашағына өзінің ауыр сал­мағымен әсер етуге кіріскен әлемдік деңгейдегі алып. Қа­зақ­стан энергетикалық және ауыл шаруашылығы ресурстарына бай, олардың экспортына мүдделі ел ретінде, міне, осы алыптың қуа­тынан нәр алуға тиіс. Қысқасы, Қытаймен тату көршіліктің, алыс-беріс, барыс-келістің Қазақ­стан үшін маңызы зор. Реті келіп тұрған соң алыппен алыс-берістің маңызы қандай болатындығына екі үлкен тарихи мысал келтіре кетейік: Ең бірінші еске түсетіні – осыдан бірнеше ғасыр бұрын Қытайдан басталып, қазақ даласын басып өтіп барып, Парсы шығанағына қарай бет тү­зеген атақты Жібек жолы. Жібек жолының гүлденген кезеңі біздің ата-бабаларымыздың да дәуір­ле­ген тұсы болғандығын, бұл жол оларды сол заманның өзінде халықаралық сауда байла­ны­сына қосқандығын тарихшы­лар жақсы біледі. Араға ғасырлар салып барып өз тәуелсіздігіне ие болған еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көкей­кесті мұраттарының бірі осы киелі жолды жаңа заман бейнесінде қайта жандандыру болып отыр­ғандығын Қазақстанда жүр­гі­зіліп жатқан қазіргі істерге қарап ойлы оқырман қауым жақ­сы түсінер деп сенеміз. Бұл жолдың тарихи ғана емес, болашағымыздан да алар маңызы туралы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің “Қа­зақстан экономикалық, әлеу­мет­тік және саяси жедел жаңару жо­лында” атты халыққа Жол­дау­ын­да: “ХV ғасырдың соңына дейін Орталық Азия әлемдік эконо­ми­каның маңызды өңірі болып келді. Біздің өңіріміз Шығыс пен Батысты жалғастырып жатты. Халықтар аумақтар мен ұлттарға бөлінген жоқ. Жібек жолының саябыр тартуы Орталық Азияны мешеу шет аймаққа айналдырды. Тәуелсіздік алғанымыздан кейін соңғы 500 жылда алғаш рет біз­дің өңіріміз әлемдік экономика үшін қайтадан экономикалық ма­ңызға ие болды. Біз өзіміздің тран­зиттік мүмкіндіктерімізді ны­ғайтып келеміз, әлемдік рынокқа бағалы тауарлар – мұнай, газ, кен, ауыл шаруашылығы шикі­затын шығаратын өңірге айнала бастадық. Қазірдің өзінде шамамен көне Жібек жолының бойы­мен өтетін ХХІ ғасырдың жаңа мұнай-газ құбырларының, авто және темір жолдарының сұлба­ла­ры айқындала бастады”, деп дөп басып айтқан болатын. Біздің түсінігімізше, Қазақстанда Батыс Қытай – Батыс Еуропа автокөлік жолының салынуының, Қытай­мен әріптестік қатынастарды да­мытуға деген ұмтылыстың, міне, осындай үлкен себептері бар. Екінші мысал. Алыста жатқан Канаданың біздің Қазақстанға бір­қатар ұқсастықтары бар. Екеуі де жерге бай, екеуі де мине­рал­дық шикізат көздері мен ауыл ша­руашылығы өнімдерін сыртқа шығарып отырған ел. Тағы бір ұқ­састығы, екеуі де алып мемле­кет­тердің қасында орналасқан. Қазақстан Қытай мен Ресейдің ортасында орналасса, Канада АҚШ-пен көрші. Міне, осы ұқ­састық туралы осыдан біраз жыл бұрын елімізде өткен “Қазақстан: Батыспен үнқатысу” атты халық­аралық конференцияға қатысқан Канаданың бұрынғы Премьер-министрі Жан Кретьен әңгіме қозғай келе, мұның себебін бы­лай деп түсіндірген болатын: “Бү­гін сіздердің елдеріңіздің алдынан кешегі біздер секілді үл­кен мүмкіндіктер ашылып отыр. Сіздердің табиғи ресурстарыңыз бүкіл әлемнің назарын өзіне аударды. Сіздердің географиялық орналасуларыңыз да ел эконо­ми­касын нәрлендіретіндей өте бір ұрымтал тұста тұр. Менің елім – Канада өзінің АҚШ-пен көр­ші­лігін басты экономикалық артық­шылығына айналдыра білді. Әрине, алыппен көрші болу оңай емес. Дегенмен, бүгінгі жаһан­дық экономикада халықаралық сауда мен оның барлық тиімді жақтары туралы әңгіме қозғалып жатқанда географиялық орналасу жөнінде адасуларға орын бол­мауы тиіс. Оның үстіне сіздердің геосаясаттағы маңыздылықта­ры­ңыз әлемнің көз тіккен осы бір нүк­тесінде өте маңызды рөл ой­най алатындықтарыңызды білдіреді”, деген еді. Бұл әңгіменің бар­лығын алыппен көрші болу­дың қаншалықты маңызды екендігін ашу үшін ғана емес, екі ел арасындағы қарым-қатынастарды дамытуға екіжақты мүдделіктің себеп-салдарларына үңіліп көру үшін де қозғап отырмыз. 1995 жылдың 8 ақпанында ҚХР Үкіметінің мәлімдемесі ар­қы­лы Қытайдың Қазақстанға қауіп­сіздік кепілдігін беруі, 1999 жыл­дың 23 қарашасында шекаралық мәселелерді түбегейлі реттеу туралы Бірлескен коммюникенің қабылдануы, 2002 жылдың 10 мамырында Қазақстан-Қытай мем­лекеттік шекарасын демаркациялау туралы хаттамаға қол қой­ылуы, 2006 жылдың 20 жел­тоқ­санында Қазақстан – Қытай мемлекеттік шекарасының режімі туралы ҚР мен ҚХР арасында келісімнің жасалуы, 2001 жыл­дың 12 қыркүйегінде транс­ше­ка­ралық өзендерді пайдалану мен қорғау саласындағы ынтымақтас­тық туралы келісімге қол қойы­луы, 2002 жылдың желтоқса­нын­да Тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы келісім-шарттың дүниеге келуі, 2005 жылдың шілдесінде Стратегия­лық әріптестікті орнықтыру мен дамыту туралы бірлескен декла­рацияның жариялануы, 2006 жыл­дың желтоқсанында ХХІ ға­сыр­дағы ынтымақтастық стратегия­сы мен экономикалық ынтымақ­тас­тықты дамыту тұжырымда­ма­сы­ның өмірге келуі, 2007 жыл­дың тамызында Экономиканың шикізаттық емес секторындағы ынтымақтастық бағдарламасы­ның қабылдануы екі ел арасын­дағы саяси қарым-қатынастар­дың жүйелі түрде алға басып келе жатқандығын айғақтайды. Міне, осылардың барлығы екі елдің жоғары басшылығының осыған дейін болған сандаған кездесулері мен өзара достық пен сый­ластық жағдайында жүйелі келіс­сөздер жүргізулерінің жемісті нәтижесі. Ал енді сауда-экономикалық қарым-қатынастарға келетін бол­сақ, Қытай Қазақстанның ха­лықаралық сауда әріптестері­нің арасында Еуропа Одағынан кейінгі екінші орында тұр. Сол секілді Қазақстан да Қытайдың ТМД-дағы сауда әріптестері ара­сында Ресейден кейінгі екінші орынды еншілеп отыр. Қазақстандық статистикалық мәліметтерге қарағанда, екі ел арасындағы сауда айналымының көлемі 2008 жылы 12,24 миллиард долларды құраса, мұнан кейінгі 2009 жылы әлемдік дағда­рыс әсерімен 9,5 миллиард дол­ларға төмендепті. Алайда, Пекинде Қытайдың іскерлік қауым­дастығымен кездесуде айтылған жаңа деректер бойынша екі ел арасындағы сауда айналымының көлемі 2010 жылдың өзінде екі есе өсіп, 20 миллиард долларға жуықтап қалған. Осы цифр­лар­дың барлығы тату көршілік пен стратегиялық әріптестік аясында өріс алып отырған алыс-берістің қаншалықты қарқынды екендігін анық байқатса керек. Ал мұның қарапайым халықтың тұрмыс-тір­шілігі мен кәсіпкерліктің да­муына тигізетін пайдасы орасан. Жекелеген отбасылардың көр­шісімен тату аралас-құра­лас­ты­ғынан көрінетініндей, қашанда болса да қатар отырған екі елдің де бір-біріне деген мұқтаждығы болады. Олар бірінде жоқты бірінен табады немесе біріндегі басы артық затты екіншісінің сатып алып, іске жаратуы арқылы екіншісіне үлкен игілік келтіреді. Қа­зақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытай Халық Республикасына мем­лекеттік сапары, міне, осын­дай дағдарыстан кейінгі дамудың сер­пінді әлеуетін көрсетіп отыр­ған, екі елдің сауда-эконо­ми­ка­лық қатынасы жаңа өрлеу кезе­ңі­нің бетін ашқан шақпен тұспа-тұс келгендігін ерекше атап өтпекпіз. Бұл күннің алғашқы кездесуі ҚХР Халық өкілдері Бүкілқытай­лық жиналысы Тұрақты коми­тетінің төрағасы (біздіңше Парламент төрағасы) У Бангомен бо­лып өтті. У Банго өз сөзінде осы мемлекеттік сапардың Қытай жа­ғы үшін маңызы жоғары сапар екенін атады. Екі ел арасындағы қарым-қатынастың қарқынды да­мып келе жатқандығына тоқтала келе, Елбасының бұл жолғы са­пары екі жақты қатынастарға жаңа серпін беретіндігіне сенімді екендігін айтты.

Қазақстан басшысы өзінің жауап сөзінде ыстық ықыласпен қа­былдап жатқан қытай жағына ал­ғысын білдіре келіп, ел тәуелсіз­дігінің он тоғыз жылы ішінде Қытай Халық Республикасына осымен он бесінші рет сапармен келіп отырғандығын жеткізді. Кездесу барысында бірқатар мәселелер талқыланды. Мұнан кейін «Дяоюйтай» мемлекеттік резиденциясында Қазақстан Президентіне «Жоғары жылдамдықтағы Астана-Алматы темір жол магистралі құрылы­сының» жобасы таныстырылды. Қазіргі қоғамдағы жаңа көлік түрі болып есептелетін жоғары жылдамдықтағы темір жол магистралі әлемде бірінші рет 1964 жылы пайдалануға берілген екен. Осыны алғашқы болып бастаған Жапонияда қазіргі күні 2452 ша­қырым, Францияда 1872 шақы­рым, Германияда 1285 шақырым, Испанияда 1604 шақырым осын­дай жол бар. Жалпы, әлемнің 18 еліндегі салынған мұндай жол­дың жалпы қашықтығы 15 мың шақырымға жуықтап отыр. Ал бұл жолдармен сағатына 250 ша­қырымнан бастап 350 шақырым­ға дейінгі аралықта жылдамдық өрбітуге болады. Қазіргі күні жоғары жылдам­дықтағы темір жол желісін салуда әлем бойынша Қытай алға шы­ғып отыр. Қазірдің өзінде бұл елде 6 мың шақырымға жуық жол са­лынып тасталған. 2015 жыл­ға таман оның ұзындығы 16 мың ша­қырымға жеткізілмек. Алыптың болашаққа қарай қандай қадам­мен алға жылжып келе жатқан­дығын, міне, осындай істерімен де өлшеуге болады. Қазақстан жағы да әлемдегі дамыған елдер қатарында осын­дай жолды салуға ниет танытуда. Таныстырылым шарасында осы туралы баяндаған «Қазақстан темір жолы» АҚ президенті Асқар Мамин жобаның бірінші нұсқасы ретінде Астана-Алматы арасында жоғары жылдамдықтағы темір жолды салу мәселесі қарастыры­лып жатқандығын айтты. Қы­тай­лық әріптестермен, соның ішінде қытай ғылыми-зерттеу институт­тарының қатысуымен жүргізіл­ген алғашқы зерттеулер қазіргі за­мандық жаңа жолдың Қазақ­стан­ның екі басты қаласы ара­сындағы бағыттық бірнеше нұс­қасын қарастырған, соның ең тиімдісі Балқаш көлінің үстін ба­сып өтетін бағыт деп есептеген. Себебі, бұл бағыт бойынша жету қашықтығы барынша қысқарып, 1050 шақырымды құрайды екен. Жол бойындағы екі үлкен аялдама – Қарағанды қаласы мен Балқаш қаласы. Сонымен қатар, оған жалпы ұзындығы 2730 шақырымды құрайтын басқа темір жол желілері де келіп қосы­лады. Жол салына қалған жағ­дайда онымен жүретін ұшқыр пой­ыздың жүріс шапшаңдығы са­ғатына 350 шақырымға дейін жетіп, жолаушыны Астанадан Алма­тыға немесе кері бағытқа бар болғаны төрт сағаттың ішінде жеткізетін болады. Алдын ала есептеулер бойынша бұл жолмен жылына 5 миллион адам қатынамақ. Бұл жолдың құрылысы бары­сында Астанада жаңа темір жол вокзалын салу, Алматыдағы темір жол вокзалын қайта жаңғыр­ту, Қарағанды мен Балқаш қала­ларында жаңа терминалдар салу, жол бойында 54 өндірістік нысан тұрғызу жұмыстары жүзеге аса­ды. Қытайлық мамандардың есеп­теулері бойынша, инновациялар мен жаңа технологияларды пайдалана отырып, жолды төрт жылдың ішінде салып, толық іске қосуға болады. Елбасы жобамен таныса келе, зерттеу жұмыстары мен есептеулерді одан әрі жал­ғастыру, жол салу мен жыл­жы­ма­лы құрамға қанша шығын жұм­салатындығын, олардың тиімділік деңгейі қандай болатын­ды­ғын дәлме-дәл есептеп шығу жөнінде тапсырма берді.

Мұнан кейін Н.Назарбаев қытайдың іскерлер қауымдасты­ғы­мен кездесіп, Қазақстанда жү­зеге асып жатқан жұмыстар, ел­дің алға қойып отырған мақсаты, инвестиция тарту саясаты туралы жан-жақты әңгімелеп берді. Екі елдің экономикалық қатынасы жаңа деңгейге шыққандығына қуа­нышты екендігін білдірген Елбасы, ең бастысы, оны одан әрі өрістете түсуге деген өзара ынтаның бар екендігін айтты. Қазіргі күні Қазақстанда Қы­тай капиталының қатысуымен мыңға тарта бірлескен кәсіпорын жұмыс істеуде. Әсіресе, энерге­тика секторындағы бірлескен жо­баларды жүзеге асыруда бірқатар алға басушылық бар. Солардың қатарында Кеңқияқ-Құмкөл, Ата­су-Алашаңқай мұнай құбырлары, Қазақстан-Қытай, Бейнеу-Бозой-Шымкент газ құбырлары жоба­ларын атауға болады. Қазақстан-Қытай ынты­мақ­тас­­тығы атом энергетикасы сала­сында да даму үстінде. Бұл салада уран ресурстарын игеруден бастап, атом электр стансаларына арналған отын өндіретін бірлескен кәсіпорындар құрып, Қытай­дағы АЭС-терді сол отынмен қам­туға болатындығын айтқан Ел­басы келесі кезекте инфрақұ­ры­лымдық жобалар саласындағы ынтымақтастықты ұлғайтуға ерек­ше мән берді. Бұл бағыттағы ортақ мақсат Орталық Азия мен Қы­тайдың көлік желілерін интеграциялау екендігін, салынып жат­қан «Батыс Еуропа – Батыс Қы­тай» халықаралық автокөлік дә­лізі мен «Жетіген – Қорғас» темір жол желісі осыған бағытталып отырғандығын айтты. Бұл жоба­ларды жүзеге асыру Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда та­сымалына жаңа қарқын бермек, сондай-ақ Қытай тауарларын ор­талық Азияға, ТМД мен Таяу Шығысқа және Шығыс Еуропаға жеткізудің неғұрлым қолайлы мүмкіндігін ұсынбақ. Аталған саладағы аса ірі Қа­зақстан – Қытай бірлескен жо­ба­сының бірі – шекаралық ынты­мақ­­тастықтың «Қорғас» халық­ара­лық орталығы. Екі елдің ара­сындағы көлік, сауда және туристік инфрақұрылым мен транзит­тің бүтін бір кешенін дамытуды қуатты қозғалысқа келтіре ала­тын бұл серпінді жоба өз саласы бойынша әзірге әлемдік деңгейде баламасыз болып табылады. Н.Назарбаев қытайлық іскер­лер­дің алдында Қазақстанда жү­зеге асырылып жатқан индус­трия­лық-инновациялық даму бағ­дарламасы туралы айтып, оларды соған қатысуға шақырды. Елба­сының сөзі ықыласпен тыңда­лып, үлкен қызығушылық туғыз­ды. Қытай ұлттық мұнай-газ кор­порациясының бас директоры Цзян Цземинь (Қытайдың бұрын­ғы басшысымен аттас-жөндес), Қазақстанның «Самұрық-Қазы­на» ұлттық әл ауқат қоры басқар­ма төрағасы Қайрат Келімбетов, Қытайдың Инвестициялық кор­пора­циясының басқарма төраға­сы Чан Чжэнминь, Қазақстанның «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық ком­паниясының басқарма төрағасы Владимир Школьник сөз алып, атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар жайлы айтып берді. Түстен кейін Қазақстан бас­шысы Қытай Халық Республика­сы Мемлекеттік кеңесінің Премьері (біздіңше Үкімет басшысы) Вень Цзябаомен кездесіп, екі жақ­ты сауда-экономикалық қаты­нас­тың маңызды мәселелерін талқылады. Осы күннің ең үлкен кездесуі Қытай Халық Республикасының Төрағасы Ху Цзиньтаомен болды. Кешегі күні берген хабарымызда Ху Цзиньтаоның Нұрсұлтан Назарбаевпен Пекинге келген бетінде кезігіп, галстуксыз жағдайда кешкі ас бергендігін айтқан едік. Ал бұл жолғы ресми кездесуге Қытай жағының барынша тың­ғылықты әзірленгендігі көрініп тұрды. Кездесу іші атшаптырым кең­діктегі Халық жиналысы үйін­де өтті. Ху Цзиньтао Қазақ­стан Президентін Құрметті қарауыл сапқа тұрған ғимараттың Сол­түстік залында қарсы алып, осы кездесуге әзірленген ҚХР ресми делегациясының құрамымен та­ныс­тырды. Өз кезегінде Н.Назарбаев Қытай басшысын қазақ­стан­дық делегация құрамымен таныс­тырды. Мұнан кейін екі мемлекет бас­шысы кең залдың ортасын­да­ғы тұғырға көтерілді. Құрметті қа­рауыл басшысы мемлекет бас­шы­ларының алдына келіп, әскери құрмет көрсетті. Осы кезде Қа­зақ­стан мен Қытайдың мемлекеттік әнұрандары шырқалды. Н.Назарбаев пен Ху Цзиньтао саптағы құр­метті қаруыл алдын аралап өтті. Мұнан кейін ғимараттың Шы­ғыс залында кеңейтілген құрам­дағы кездесу басталды. «Сізді Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапармен келуіңіз­бен қызу құттықтаймын. Сіз біздің дәстүрлі мерекеміз – Көктем мерекесінен кейін елімізге бірінші болып келіп отырған шетелдік көшбасшысыз. Қытайда «көк­темнің күні жылды азықтан­дырады» деген тамаша сөз бар. Мен Сіздің бұл сапарыңыз Қазақ­стан-Қытай қарым-қатынасында жаңа белес болып, аралас-құра­лас­тығымызға өмірлік қуат береді, стратегиялық әріптестігімізді неғұрлым жоғары деңгейге көте­ре­ді деп сенемін. Мен Сізбен бірге екі ел қарым-қатынасының ма­ңызды мәселелерін және өңірі­міз­дегі біздің елдеріміздің мүдде­сіне қатысы бар көкейкесті проб­лемаларды талқылауға өте ықы­ластымын», деді. Өз кезегінде Қазақстан бас­шы­сы қонақжайлық, достық пейілмен жылы қабылдаулары үшін ҚХР Төрағасы мен халқына шын жүректен алғысын білдірді. Мұн­дай ыстық ықыласты жүздесу­лердің дәстүрге енгендігін, бұл қарым-қатынасты жоғары баға­лай­тындығын жеткізе келе, екі ел­дің арасында стратегиялық әріп­тестік жөніндегі келісімге қол қойылғандығын еске сала кетті. Екеуара және екі ел халқының арасында жыл өткен сайын сенім мен достықтың нығайып келе жатқандығын, екі елдің көптеген халықаралық мәселелерде көзқа­рас­тарының ұқсасып жататын­дығын, Қазақстанның біртұтас аумақты Қытай саясатын қолдай­тындығын білдірді. Екі мемлекет басшысының бұл кездесуі өте жемісті өтті деп айта аламыз. Соның куәсіндей, кездесу соңынан сегіз маңызды құжатқа қол қойылды. Солардың ішінде ең маңыздысы ҚР мен ҚХР үкіметтері арасындағы транс­шекаралық өзендер суының сапасын қорғау туралы келісім болды. Бұл құжаттың Қазақстан үшін маңызды болатын себебі, жерге бай елімізде суға деген зә­рулік бар. Біздегі су ресурс­та­рының едәуір бөлігі өз бас­тау­ларын өзендердің жоғары саға­сында отырған елдерден алады. Оның үстіне көптеген саясаткерлер мен сарапшылар осы ғасы­рымызды су ғасыры болады, кә­дімгі ағып жатқан су ғасырдың ең бағалы бас тауларына айна­лады деген болжамды жасап та қойды. Міне, осындай жағдайда су ресурстарының мәселесі уа­қыт өткен сайын алдыңғы лекке шығып, Қазақстанның барынша көкейкесті мәселесіне айналып отыр. Бір жағы теңіз арқылы мұ­хитқа тиіп жатқанымен, Қытай да су ресурстарына бай ел емес. Мұнда су ресурстарымен әр өңірдің әркелкі қамтылу пробле­масы орын алған. Сондықтан да Қытай Янцызы мен Хуанхэ өзендерінің арасын қайта қосу жөніндегі ондаған миллиард дол­ларды құрайтын ұлы жобаны араға қанша ғасырлар салып ба­рып қайтадан бастап кетті. Екінші жақтан алғанда, Қытайдың Қазақстанмен көршілес батыс өңірі өндірістің қаулап өсуіне байланысты ағын судан мұқтаж­дық көре бастады. Қаулап өскен өндіріс суды жылдан жылға лас­тау­дың алғышарттарын туында­тып отыр. Міне, осындай жағ­дай­да Қытайдың Қазақстанмен жо­ғарыдағыдай келісімге келуі стра­тегиялық әріптес­тігіміздің шын мәніндегі үлкен көрінісі болғаны анық. Жалпы, Қазақстан Қытаймен трансшекаралық өзендер мәселе­сін реттеу жөнінде ұзақ жылдар­дан бері келіссөздер жүргізіп келеді. Жоғарыдағы қол қойылған құжат көкейкесті бұл мәселені де түбегейлі реттеуге болатынды­ғын, Қазақстанның ұлы көрші­мізбен арадағы бұдан басқа да маңызды мәселелерді табысты ше­ше алатындығын білдіреді. Сондықтан жоғарыдағыдай келісімге қол қойылуын Қазақстан Республикасының Президенті Нұр­сұлтан Назарбаевтың Қы­тайға жасаған мемлекеттік сапарының болашақта үлкен тарихи маңызы болатын жемісті нәтижесі деп түсіндік. Біздің ойымызша, бір осы келісімнің өзі мемлекеттік сапардың маңызы мен мақсатын әбден ақтап тұрды. Дегенмен, екі ел арасында қол жеткізілген басқа да келісім­дердің маңызы осал емес. Мәсе­лен, ҚР Бас прокуроры Қайрат Мәми мен ҚХР Әділет министрі У.Айин қол қойған екі ел ара­сында сотталғандарды беру туралы келісім қылмыспен кү­рес­те екі елге бірдей тиімді болса, Қазақстан темір жолы мен Қытайдың Темір жол министрлігі арасында ынтымақтастық жөнін­де жасалған меморандум Қазақ­станда жоғары жылдамдықтағы темір жол құрылысын жүргізуге жол ашады. Ал «Самұрық-Қа­зына» қоры мен Қытайдың мемлекеттік даму банкі арасында жасалған несиелік келісім Қа­зақстанға 1660 миллион дол­лар­дың инвестициясы болып құйылмақ. «Қазфосфат» ЖШС мен Қы­тай химия корпорациясының ара­сында стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойы­луы­ның да Қазақстан үшін үлкен ма­ңызы бар. Қазақстан еліміздің химия саласын дамыту үшін осы са­лаға ірі де әлеуетті инвес­тор­дың келуіне барынша мұқтаж болып отыр. Сондықтан бұл келісімді осы проблеманы шешудің үлкен бір табысы деуге болады. Ал «Қазатомөнеркәсіп» АҚ пен Қытайдың Гуандун ядролық-энер­гетикалық корпорациясы ара­сында өзара түсіністік жө­нінде жасалған меморандум алдағы уақытта Қазақстанның Қытайға жылына 15 мың тоннаға дейін уран сатуына жол ашпақ. Егер осы жөнінде түбегейлі келісім жасалатын болса, бұл қадам еліміздің оң жамбасына дөп келіп, Қазақстан уран өндірісі жөнінен әлемдік көшбасшылық орынға берік бекімек. Ең қысқа түсініктермен айт­қан­ның өзінде, жоғарыда қол қойылған құжаттардың еліміз үшін осындай орасан маңызы бар. Сондықтан Н.Назарбаевтың Қытайға жасаған бұл мемлекеттік сапарын, ол әлі толық аяқталып болмаса да, жан-жақты табыспен қорытындыланған, екі жақты қарым-қатынастардың жаңа көкжиегін белгілеген, ел мен елді одан әрі жақындастыра түскен, өзара сенім мен құрметті нығайтқан сапар болды деп нық сеніммен айта аламыз. Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.