Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен Үкімет пен Ұлттық банк ипотекалық қарыз алушылардың проблемаларын қайта қаржыландыру бағдарламасы бойынша шешу үшін 130 млрд теңге бөлген еді. Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы Меруерт ҚАЗБЕКОВА осы қаражат қарыз алушылардың проблемаларын ұтымдылықпен шешіп жатқан жоқ деп дабыл қағып отыр. Біз депутаттан мәселенің мәнісін сұрадық.
– Бұл бағдарлама ипотекалық қарыздар алған қоғамдағы әлеуметтік әлжуаз топтарды қолдау үшін қабылданған. Сондай-ақ, шетелдік валютамен және ұлттық валютамен алған қарыздарының уақыты өткен қарыз алушыларды қамтыған еді. Осы бағдарлама банктердің өз қалаулары бойынша қарыздарды кешіруіне дейін мүмкіндік берді. Тіпті, өсім ғана емес, өздерінің шарттарына сәйкес болса, негізгі қарыздың қалдығын кешіруіне де жол ашылды.
– Бұл қарыз алушылар үшін өте тамаша жағдай ғой, енді оның қай жерінде кілтипан болып тұр?
– Әрине, бағдарламаның шарты дұрыс секілді еді, бірақ сол қарыздарын уақтылы төлеп жүрген жандар үшін тиімді болмай отыр. Біздің «Ақ жол» партиясына келіп шағымданған бір топ қарыз алушының айтуына қарағанда, шетелдік валютамен қарыз алып, өтеп жатқандар үшін қайта қаржыландыру бағдарламасы тиімді болмаған. Мысалы, бес жылға доллармен алған несиесіне ай сайын 50 мың теңге төлеп жатқан жандар доллардың теңгеге қатысты 2,5 есе қымбаттап кетуіне байланысты енді 125 тың теңге төлеуге мәжбүр. Доллар екі жарым есе өскенімен, халықтың еңбекақысы 2,5 есе өскен жоқ қой, сондықтан бұл қарыз алушыларға қиындық туғызып отыр. Осының салдарынан проблемалы кредиттер азаюдың орнына көбейіп кеткен. Қарызын осы мезгілге дейін уақтылы төлеп келгендер енді уақтылы төлемегендер қатарына қосылып жатыр екен.
Ең қызығы сол, «қайта қаржыландыру» бағдарламасының шарты бойынша шетелдік валютамен несие алып, оның қарызын 90 күннен артық төлемегендерге 2015 жылдың 15 тамызындағы курспен қайта есептейді. Ал ол кездегі курс 1 долларға 180 теңге болатын. Демек, бір жыл, тіпті екі жыл төлемегендерге осы курспен қайта есептеу жасалады. Мысалы, доллармен 50 мың алып, 90 күннен артық қарызын төлемей келе жатқандар үшін оның теңгеге ауыстырғандағы бағамы бүгінгі өлшеммен салыстырғанда аса үлкен емес. Ал енді қарызын уақтылы төлеп келгендер үшін қайта есептегенде бүгінгі бағам, яғни 1 долларға 350 теңге қолданылады. Сөйтіп, уақтылы төлегендер үшін бұл жеңіл жағдай жасаудың орнына қиындық тудырады. Демек, бұл несиені уақтылы төлемеуге итермелейді емес пе? Тіпті, ешқандай қисын жоқ...
– Осыған қарсы сіздердің тараптарыңыздан қандай әрекет жасалып жатыр?
– Біз осы мәселеге көңіл аудартып, Ұлттық банкке бірнеше рет қайырылдық. Олар бізге мұндай фактінің бар екенін растай келіп, қарызгерлердің бәрінің несиесін 180 теңгелік бағаммен қайта есептеу үшін қосымша 80 млрд теңге қажет екенін көлденең тартады. Сонымен қатар, несие алушылар Ұлттық банктің бағдарламасымен келіспесе, екінші деңгейдегі банктердің өздерінің ішкі бағдарламасына енуіне болады дейді. Әрине, бұл жауапқа біз қанағаттанбаймыз. Өйткені, бұл шешім Қазақстан Республикасы Конституциясының 14-бабын бұзып отыр. Онда Қазақстан азаматтарының бәрі заң алдында бірдей, тең құқылы делінген. Сондықтан қарыз алушылардың бәріне бірдей жеңілдетілген норма қолданылуы керек деп санаймыз. Мәжілістегі «Ақ жол» партиясының фракциясы осыны айтып, Ұлттық банктің төрағасына тағы бір депутаттық сауал жолдадық. Ол мәселені дұрыс шешер деген үміттеміз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»