Ұлттық Банк хабарлайды, түсініктеме береді, түсіндіреді
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің төрағасы Данияр Ақышев Kapital.kz порталымен бірлесіп ұйымдастырылған онлайн-конференция барысында еліміздің қаржы өміріне қатысты бірқатар маңызды және өзекті сұрақтарға жауап берді. Қазіргі уақытта Ұлттық Банктің ақша-кредит саясатын және қаржылық реттеуді жүзеге асыратын орган ретінде реттеушіге деген сенімді қалпына келтіру жөніндегі стратегиясы шеңберінде ауқымды жұмыс жүргізілуде. Нарыққа қатысушылардың және халықтың Ұлттық Банктің қызметі туралы хабардар болуын жақсартуға мүмкіндік беретін қадамдардың бірі еліміздің бас қаржы институтының оның азаматтарымен барынша тығыз байланысы үшін жаңа коммуникациялық арналарды құру болып табылады. Коммуникациялық байланыстарды барынша тиімді дамыту үшін Ұлттық Банк ағымдағы мәселелерді стандартты емес шешуге қабілетті жас мамандармен жұмысты күшейтеді. Бұдан басқа, қоғамдық бірлестіктермен жұмыс істеу тиімділігі артуда. Әзірленіп жатқан Қаржылық сауаттылық бағдарламасының шеңберінде басты назар студенттермен, қоғамдық бірлестіктермен, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарымен бірлесіп жұмыс істеуге аударылады. Мыңдаған қазақстандықтарға ең өзекті әрі олар үшін аса маңызды ақпаратқа қолжетімділікті ашатын құралдардың бірі онлайн-конференция өткізу болды, ондай конференцияларды Ұлттық Банк болашақта тұрақты негізде өткізуге ниеттеніп отыр. Онлайн-конференция басталғанға дейін Ұлттық Банкке және оның төрағасының атына екі жүзден астам сұрақ келіп түсті. Екі сағат бойы Данияр Ақышев Қазақстанның республикалық және іскерлік бұқаралық ақпарат құралдарынан келген журналистердің қатысуымен сұрақтардың бір бөлігіне ғана жауап берді. Еліміздің қаржы секторының проблемалары қызықтыратын азаматтарымыздың қалған сұрақтарына және өтініштеріне келетін болсақ, Ұлттық Банк басшысының айтуынша ол сұрақтарға жауаптар 23 қыркүйекке дейін Kapital.kz. іскерлік ақпарат орталығының алаңында жарияланатын болады. Сұрақтарға жауап бермес бұрын Данияр Ақышев қаржы нарығындағы соңғы деректерді мәлімдеді. Мәселен, ағымдағы жылғы тамыздағы жағдай бойынша инфляция 5,4%-ды құрады. Бұл ретте Ұлттық Банк басшысы 2016 жылғы қазаннан бастап жылдық инфляцияның төмендейтінін атап өтті. Ал 2016 жылдың соңына қарай жылдық инфляцияның бір мәнді цифрға дейін төмендеуі және оның 6-8% нысаналы дәліздің жоғары шегіне жақындауы күтілетіні туралы айтты. Ол сондай-ақ тұтастай алғанда болашақта инфляцияның айтарлықтай өсуі күтілмейтінін де атап өтті. Бұл жөнінде Ұлттық Банктің интернет-ресурсында ұсынылған инфляциялық күтулер бойынша деректер куәландырады. Валюта нарығындағы жағдайға келетін болсақ, ол 2016 жылғы тамызда және қыркүйекте тұрақты болды. Ұлттық Банктің деректері бойынша, теңге тамызда бір АҚШ доллары үшін 352, 25 теңгеден 340,10 теңгеге дейін 3,4%-ға нығайды. Айырбастау бағамы 19 қыркүйекте тамыздың соңындағы жағдаймен салыстырғанда шамалы нығая отырып (0,2%), бір АҚШ доллары үшін 339,35 теңге деңгейінде қалыптасты. Онлайн-конференция барысында Данияр Ақышев сондай-ақ Ұлттық Банктің алтын-валюта активтерінің және Ұлттық қор активтері өсуінің оң серпінін атап өтті. Оның айтуынша, Ұлттық Банктің алтын-валюта активтері жылдың басынан бері 10%-ға өсіп, 30,7 млрд АҚШ долларын құрады. Ал Ұлттық қордың активтері 2%-ға өсіп, 64,9 млрд АҚШ доллары болды. Сонымен қатар, ол Қазақстанның ақша нарығында өтімділіктің құрылымдық профицитінің байқалғаны туралы атап өтті. Бұл банк жүйесінде теңге қаражатының айтарлықтай көлемінің жинақталғанын білдіреді. Алайда, халық пен кәсіпорындар тарапынан кредиттерге сұранысының төмен болуынан, сондай-ақ банктердің кредиттер беру жөніндегі қатаң саясатынан бұл қаражат экономикаға түспеуде. Таяу уақытта Ұлттық Банк халықпен қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы қызмет мәселелері бойынша хабарлармен жедел алмасу үшін мобильді қосымшаны қосуды жоспарлап отыр. Қосымшаның алдын ала аты – «Ұлттық банк онлайн», оған ипотекалық кредиттеу, айырбастау операциялары, төлемдер мен аударымдар, банкноттар мен монеталар, банкоматтардың жұмысы және банктердегі қызмет көрсету кіреді. Ұлттық Банктің басшысы қазақстандықтарды мобильді қосымшаның атауы бойынша, сондай-ақ оның бөлімдері бойынша өз ұсыныстарын Ұлттық Банктің press@nationalbank.kz электронды мекенжайына жіберуге шақырды. Kapital.kz порталының сайтына және Ұлттық Банктің баспасөз қызметіне тікелей келіп түскен сұрақтарға келетін болсақ, Данияр АҚЫШЕВ оларға қысқа әрі тұжырымды жауап қайтарды. Іс-шараның модераторы Руслан ГАЗИЕВ те студиядағы журналистерге сұрақ қоюға мүмкіндік берді. Ұлттық Банк басшысының барлық қойылған сұрақтарға, оның ішінде жасырын жіберілген сұрақтарға жауап беруіне орай, біз оқырмандарымыз үшін жауаптары барынша қызықты болып көрінетін сұрақтарды ғана келтіріп отырмыз. Сұрақ: Сіз Ұлттық Банкке келгеннен бері Ұлттық Банк барынша ашық болды. Бұл сіздің өмірлік ұстанымыңыз ба әлде уақыт талабы ма? Д.А.: Бүкіл әлемде орталық банктің ашық және айқын болуы ақша-кредит саясатын табысты жүргізу кепілдерінің бірі болып табылады. Бұл халықтың және нарыққа қатысушылардың жүргізіліп отырған саясатқа және тұтастай алғанда, Ұлттық Банкке және теңгеге деген сенімінің артуына әкеледі. Сұрақ: Жақында сіздің Ұлттық Банкке келгеніңізге бір жыл толады. Қорытынды шығаруға әлі ертерек, бірақ менің мынадай сұрағым бар: сіз және Ұлттық Банк ақша-кредит саясатын және реттеушінің саясатын жүргізген кезде қандай сыртқы және ішкі сын-қатерлерге тап болдыңыз және қандай сын-қатерлер әлі алда? Осы кезеңде қандай іс-қимыл барабар әрі тиімді болады? Д.А.: Мұнайдың әлемдік бағасының құлдырауы ең ауқымды сыртқы сын-қатер болды, бұл ішкі қаржы нарығындағы девальвациялық күтулердің және құбылмалылықтың өсуіне алып келді. Жағдайды игеру және тұрақтандыру үшін шын мәніндегі маңызды күш-жігер талап етілді. Ішкі сын-қатерлердің ішінде инфляциялық таргеттеуді енгізу барысында туындаған проблемаларды атап өтуге болады, оларға өткен жылдың соңындағы күйзелістен кейін ішкі нарықтың қалпына келуі мен дамуы, Ұлттық Банкте әзірленген макроэкономикалық модельдеу және болжамдау жүйесін іс жүзінде енгізу жатады. Бүгінгі күні экономиканың жоғары долларлану, қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету, Ұлттық Банкке, теңгеге және тұтастай алғанда банк секторына сенімді арттыру қажеттілігі проблемалары маңызды сын-қатер болып отыр. Біз бұл бағытта жария етілген барлық шараларды жалғастырамыз. Байқалған нәтижелерді ескере отырып, біздің барлық шараларымыз барабар әрі тиімді болды. Сұрақ: Қарапайым адамдардың зейнетақы жүйесіне деген сенімін қалай арттырмақсыздар? Зейнетақы активтерін басқару жағы қалай шешілмекші? Д.А.: Мемлекет зейнетақы активтерін жалғыз басқарушы болып табылатын жинақтаушы зейнетақы жүйесінің қолданыстағы моделі кемшіліктерінің бірі – салымшының өз зейнетақы жинақ ақшасын басқаруға қатыса алмайтындығында. Зейнетақы жүйесіне сенімсіздіктің негізгі себебі осында. Өзінің жинақ ақшасын басқару үдерісіне қатыспаған салымшы инвестициялық стратегияға ықпал ете алмайды, басқарушыны таңдай алмайды және ең бастысы, басқарушы ретінде мемлекет қызметінің нәтижелерін салыстыра алмайды, себебі бәсекелес орта жоқ. Өз кезегінде, кез келген нарықта бәсекелес ортаның болмауы көрсетілетін қызметтер сапасын арттыруға ықпал етпейді. Сондықтан да зейнетақы жинақ ақшасын инвестициялық басқарудың тиімділігін арттыру және зейнетақы активтерін жеке басқарушы компанияларға беру Мемлекет басшысының Ұлттық Банктің алдына қойған негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Салымшының инвестициялық стратегияны және басқарушыны таңдауы зейнетақы активтерін басқарудың негізі болуға тиіс. Зейнетақы қызметтерінің бәсекелес нарығының болуы басқарушылардың инвестициялық кірісті көбірек алуына, салымшыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға, нарықтық жағдайлармен инвестициялауға ынталандыратын болады. Салымшыға дәл осындай таңдаудың берілуі Ұлттық Банктің Қазақстан Республикасының жинақтаушы зейнетақы жүйесін одан әрі реформалау жөніндегі ұсыныстар жасауына негіз болып отыр. Бүгінгі күні бұл ұсыныстарды мүдделі министрліктер мен ведомстволар талқылауда. Сұрақ: Қазақстанның сыртқы борышының жай-күйі туралы әңгіме көп. Осы жайында толығырақ айтсаңыз. Д.А.: Қазақстан Республикасының жалпы сыртқы борышын бағалауды Ұлттық Банк тоқсан сайын жүргізіп отырады. Сыртқы борыш статистикасы толығымен халықаралық ұйымдардың (ХЕБ, ХВҚ, ЭЫДҰ, ДБ және басқа) әдіснамалық ұсынымдарына сәйкес қалыптастырылатынын және Қазақстан резиденттерінің сыртқы борыштық міндеттемелерінің барынша толық қамтылуын қамтамасыз ететінін атап өткен жөн. Сыртқы борыш статистикасын қалыптастыру Ұлттық Банктің респонденттердің кең ауқымынан: мемлекеттік органдардан, банктерден, қаржы ұйымдарынан, нақты сектор кәсіпорындарынан және шетелдік компаниялардың Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын филиалдарынан алатын есептерінің негізінде жүзеге асырылады. Халықаралық ұйымдар Қазақстанның сыртқы борыш статистикасын қалыптастыруда қол жеткізген жетістіктерін бірнеше рет атап өтті. Жалпы, сыртқы борышты бағалау резиденттердің бейрезиденттер алдындағы шетел валютасындағы да, ұлттық валютадағы да белгілі бір күнгі жағдай бойынша борыштық міндеттемелерін білдіреді және тартылған сыртқы қарыздар бойынша міндеттемелерден ғана емес, шетелдік тікелей инвестициялау операциялары шеңберінде туындайтын борыштық міндеттемелерден (фирмааралық берешек) де, коммерциялық операциялар бойынша кредиторлық берешектен, сондай-ақ бейрезиденттердің қазақстандық банктердегі шоттарындағы қаражаттан тұрады. Талдамалық мақсаттарда сыртқы борыш құрылымында мемлекеттік сектордың (Қазақстан Үкіметі және Ұлттық Банкі), банктердің және басқа секторлардың борышы бөлек көрсетіледі. Сонымен бірге, сыртқы борышты бағалаған кезде кәсіпорындардың шетелдік тікелей инвесторлардың, тікелей инвестициялайтын шетелдік кәсіпорындардың алдындағы және шетелдік тел кәсіпорындардың алдындағы міндеттемелерінен тұратын фирмааралық берешек бөлек көрсетіледі. Сыртқы борышты басқаруды айтқан кезде мемлекеттің фирмааралық берешекпен байланысты жүйелік тәуекелдері төмен бағаланатынын атап өткен жөн, себебі кредитор-тікелей инвестор қарыз алушының төлем жасау қабілетсіздігінің тәуекелін оның қызметін басқаруға өзінің қатысуы арқылы бөліседі. Қазақстан Республикасында фирмааралық берешек бойынша негізгі міндеттемелер (80%-дан аса) бірлескен мұнай-газ секторының кәсіпорындарында бар, олар сыртқы борышын қызметінен түскен кірістерінің есебінен өтейді. 2016 жылғы 31 наурыздағы жағдай бойынша Қазақстанның сыртқы борышы 154,0 млрд долларды құрады, оның 12,2 млрд доллары мемлекеттік секторға (оның ішінде 0,9 млрд доллары – Ұлттық Банктің сыртқы борышы) тиесілі, 7,7 млрд доллар – банктердің сыртқы борышы, 51,2 млрд доллар – басқа секторлардың үлестес емес бейрезиденттер алдындағы берешегі, ал 82,8 млрд доллар – фирмааралық берешек. 2016 жылғы 30 маусымдағы жағдай бойынша сыртқы борышты бағалау жөніндегі деректер қалыптастырылып, Ұлттық Банктің интернет-ресурсында 2016 жылғы 30 қыркүйекте орналастырылатын болады. Сұрақ: Нашар кредиттерді есептен шығару бойынша салықтық жеңілдіктердің мерзімін ұзарту мәселесі бойынша қандай шешім қабылданды? Есептен шығару кезіндегі салық жеке тұлғалар бойынша төлене ме әлде заңды тұлғалар бойынша төлене ме? Д.А.: Салық кодексіне өзгерістердің соңғы редакциясы бойынша шешімді Қазақстан Үкіметі қабылдайтыны белгілі, ал осы соңғы редакцияны тікелей қалыптастырумен Ұлттық экономика министрлігі айналысады. Кешіру бойынша банктік жеңілдіктерге келер болсақ, мынадай талапқа назар аудару қажет: бірінші – мерзімі ұзартылатын жеңілдік ағымдағы жылдың басына дейін болған жеңілдікке ұқсас болады, екінші – жеңілдіктің қолданылуы қарыз алушылардың қандай да бір санатымен немесе кешірудің қандай да бір алдын ала жазылған немесе қағазбастылық тәртібімен шектелмейді, үшінші – халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтары мәртебесі бар қарыз алушылардың санатына қосымша кешірілетін берешекті 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін ипотекалық қарыз алған жеке тұлғалар үшін салық салынуға жататын кіріс ретінде қарамау ұсынылады және ең негізгісі, төртінші – банктердің барлық берешек түрін, оның ішінде өсімпұлдарды, айыппұлдарды, жинақталған пайызды, негізгі борышты және т.б.кешіруі кезінде жеңілдікті қолдану ұсынылады. Бұл ұсыныстар банк қоғамдастығымен алдын ала келісілді. Сұрақ: Базалық мөлшерлеме осы айда неліктен жарияланбайды? Ол немен байланысты? Д.А.: Инфляциялық таргеттеу режімін пайдаланатын көптеген орталық банктер базалық мөлшерлеме бойынша шешімдерді қажетті статистикалық деректердің жариялануына және қалыптасқан практикаға қарай жылына 6-дан 12 ретке дейін қабылдайды. Ерекше жағдайларда шешімдер белгіленген кестеден тыс қабылдануы мүмкін. Біз өзіміз үшін ағымдағы жылы базалық мөлшерлемені қайта қараудың оңтайлы кезеңділігін жылына 8 рет деп айқындадық. Бұл мөлшерлеме деңгейінің ай сайын қаралмайтынын білдіреді. Базалық мөлшерлеме бойынша соңғы шешім 2016 жылғы 15 тамызда жарияланды, осы мәселе бойынша келесі шешім 2016 жылғы 3 қазанда жарияланатын болады. Тиісінше, ағымдағы жылғы қыркүйекте, сондай-ақ желтоқсанда базалық мөлшерлеме мәселесі қаралмайды. Сұрақ: Шетелдік банктердің 4 жылдан кейін өз филиалдары арқылы біздің нарыққа келетіні, сондай-ақ олар еншілес ұйымдарын құрмайтыны шын ба? Біздің банктер не істеуі керек? Клиенттер осыдан ұта ма? Д.А.: 2015 жылы Қазақстан ДСҰ-ға кірді. Бес жылдық өтпелі кезең аяқталып, Қазақстан ДСҰ-ға кіргеннен кейін шетелдік банктер Ұлттық Банк белгілеген талаптарға сәйкес келген жағдайда Қазақстанның аумағында өз филиалдарын аша алады. Бұл ретте шетелдік банктер филиалдарының банктік қызмет нарығына келуі банк секторындағы бәсекелестікті күшейтуге мүмкіндік жасайды, бұл көрсетілетін банктік қызметтердің сапасын арттыруға және секторын кеңейтуге әкелуге тиіс. Оқиғалардың осылайша өрбуінен банк клиенттерінің ұтатыны сөзсіз. Сұрақ: Доллармен күрестің алғашқы нәтижелері көрініп отыр. Барлық баға теңгемен берілген. Ал долларды өмірімізден қашан алып тастаймыз? Шетелдіктер теңгені сатып алуға және депозитке салуға қашан ұмтылады? Д.А.: Ұлттық Банк Үкіметпен бірлесіп теңгеге деген сенімді қайтару және ұлттық валютадағы құралдардың тартымдылығын арттыру жөнінде шаралар қабылдауда. Осы үрдістің одан әрі шарықтауы қосымша уақыт пен күш-жігерді, сондай-ақ «сананы долларсыздандырудың» ортақ ниетін талап етеді. Сұрақ: Сіз бұрын хабарлағандай, Қазақстанның меншігіндегі, жалпы көлемі 220 тоннадан асатын алтынның нақты салмағы шамамен 114 тонна болатын алтын қорының едәуір бөлігі Қазақстан Республикасынан тысқары сақтау үшін әкетілді. Осыған байланысты Қазақстанның алтын қорының жай-күйі туралы толығырақ айтып берсеңіз? Д.А.: Ұлттық Банктің алтын портфелінің жалпы көлемі 2016 жылғы тамыздың соңында 10,3 млрд АҚШ долларын немесе 244 тоннаны құрады, оның ішінде алтынның көп бөлігі (59%) ел ішінде сақталады. 41%-ға жуығын сыйақы есептелетін депозиттерде және сол сияқты шетелдегі сақтау орындарында нақты нысанда орналастырылған сыртқы алтынның үлесі құрайды. Ұлттық Банк алтынды сыртқа соңғы рет Қазақстан Республикасынан тысқары 1990 жылдардың ортасында, алтын-валюта резервтерін қалыптастыру кезеңінде әкетті. Ұлттық Банк алтын-валюта резервтерінің бір бөлігін әкету және әкелу туралы шешімді дербес қабылдайды және аллокирленген алтынның шетелде сақталып отырған бір бөлігін бақылауда ұстап отыр. Сонымен қатар, ел ішіндегі алтын қорына тиісті қорғау қамтамасыз етілген. Алтын қорының шетелде сақталып отырған бір бөлігін сақтау активтердің өтімділігін арттырумен, алтынды бағалы металдар айналысының негізгі нарықтарына тасымалдау шығыстарын төмендету мүмкіндігіне негізделген, бұл өте қажет болған жағдайда жедел өткізу мүмкіндігін береді. Әлемнің жетекші орталық банктері алтын қорларының бір бөлігін шет мемлекеттерде сақтауды қолданады. Бұл көбінесе алтын қорларын орналастырудың әртараптандырылуына және бағалы металдар айналысының негізгі нарықтарына тасымалдау шығындарын төмендетуге негізделген. Сұрақ: Сіз алтын-валюта резервтерін ғана емес, сонымен қатар, Ұлттық қорды қоса алғанда елдің халықаралық активтерін тиімді басқарудың қандай перспективаларын болжап отырсыз? Д.А.: Алтын-валюта резервтерінің мақсатын ескере отырып, Ұлттық Банк болашақта активтердің өтімділігін, сондай-ақ тәуекелдің тиімді деңгейін ескере отырып теңгерімделген кірісті қамтамасыз етуге ниетті. Сонымен қатар, Ұлттық Банк Ұлттық қордың активтеріне қатысты Ұлттық қордың қаражатын қалыптастыру және пайдалану тұжырымдамасын қайта қарау шеңберінде оның активтерін стратегиялық бөлуді қайта қарауға бастама жасады. Мәселен, дамушы елдердің корпоративтік облигацияларын және мемлекеттік облигацияларын енгізу арқылы облигацияларды әртараптандыруды, акциялар сияқты, барынша тәуекелді, бірақ сонымен қатар барынша кірісті құралдардың үлесін ұлғайтуды, сондай-ақ құралдардың балама түрлерін енгізуді ұсынды. Осы шара ұзақ мерзімді перспективада Ұлттық қор активтерінің күтіліп отырған неғұрлым жоғары кірістілігін қамтамасыз етуге бағытталған. Осы бастама қазіргі кезде Қазақстан Үкіметімен бірлесіп талқылануда. Сұрақ: Біз сақтандыру компаниялары мен жасалатын сақтандыру шарттары санының төмендегенін көріп отырмыз. Бұл ретте сақтандыру – маңызды қаржы құралы, осы нарықты дамыту стратегиясы бар ма, қандай даму бағыттары айқындалған? Д.А.: Сақтандыру секторының ел экономикасының дамуындағы маңыздылығы қазіргі кезде аса жоғары емес. Әлеуетті тұтынушыларды сақтандырумен ауқымды қамту, әсіресе сақтандырудың ерікті сыныптары бойынша болмай отыр, бұл көбінесе сақтандыру ұйымдарындағы көрсетілетін қызметтер мен қызмет көрсету сапасының төмен болуына, сақтандыру нарығының қатысушылары қызметінің айқын болмауына және сол сияқты осы қызметті тұтынушылардың қаржылық сауаттылығының төмен болуына және халықтың сақтандыру нарығына сенімінің жеткіліксіз болуына негізделген. Қазақстан Республикасының сақтандыру нарығы оның тиімді дамуына кедергі келтіретін бірқатар проблемаларды шешуді талап етеді. Еліміздің экономикасы мен әлеуметтік саласының қазіргі кездегі даму кезеңі, оның әлемдік жүйеге кіруі, ДСҰ-ға кіру, сондай-ақ жаһандану үдерістері ұлттық сақтандыру саласының алдына жаңа мақсаттар мен міндеттер қояды. Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында сақтандыру нарығын дамытуға ерекше назар аударылады. Ұлттық Банк 2016 жылғы жазда Қазақстанның қаржылық тұрақтылық және қаржы нарығын дамыту жөніндегі кеңестің сақтандыру қызметінің 2016 жылғы мәселелері бойынша екі отырыс өткізді. Кеңесте шешілуі сақтандыру мәселелері және сақтандыру қызметі жөніндегі заң жобасын әзірлеу кезінде ескерілетін барлық проблемалық мәселелер талқыланды. Атап айтқанда мыналар көзделеді: – Сақтандыру өнімдерінің халық үшін қолжетімділігін қамтамасыз ету және сақтандыру агенттерінің айқын емес қызметін сату үдерісінен алып тастау үшін сақтандыру полистеріне электрондық сатуды енгізу. – Инвестициялар және даму министрлігімен бірлесіп шетелге шығу кезінде туристің тәуекелдерін сақтандыру арқылы оны қорғауға бағытталған шаралар кешенін қабылдау. – Азаматтардың әлеуметтік тұрғыдан қорғалу деңгейінің артуын қамтамасыз ететін өмірді жинақтап сақтандыру өнімдерін сатып алатын азаматтар үшін салықтық жеңілдіктер енгізу. – Сақтандыру бойынша бірыңғай дерекқорды дамыту, бұл статистикалық ақпаратқа талдау және барлық сақтандыру сыныптары бойынша сақтандыру қызметтерін тұтынушылар үшін барабар тарифтердің есебін жүргізуге мүмкіндік береді. – Сақтандыру омбудсменінің барлық сақтандыру сыныптары бойынша қызметінің аясын кеңейту, бұл клиенттің сот органдарына өтініш жасағанына дейін сақтандыру төлемдерін реттеу үдерісін тездетуге мүмкіндік береді. – Халықтың сақтандыру жүйесіне және сақтандыруды қорғаудың сақталуына деген сенімін арттыру мақсатында кепілдік берілетін сақтандыру түрлерінің тізбесін кеңейту. – Автокөлік иелері басқа елдердің аумағына шыққан уақытта жол-көлік оқиғасы басталған жағдайда сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру мақсатында халықаралық автосақтандыру жүйелеріне Қазақстан Республикасының қатысу мүмкіндігін қарастыру. Осы және басқа шаралар Қазақстан Республикасының сақтандыру нарығын одан әрі дамытуға және оның Қазақстан Республикасының қаржы нарығындағы маңыздылығын арттыруға ықпал ететін жаңа сапалы деңгейге шығаруға мүмкіндік береді. Сұрақ: Қазақстандағы қор нарығы жеткілікті түрде дамымағаны баршамызға белгілі. Сіз және Ұлттық Банк нарықтың осы сегментін дамыту бағытында қандай жұмыс жүргізуді жоспарлап отыр? Д.А.: Қазіргі кезде қор нарығы капиталды тарту және орналастыру құралы ретінде қаралмайды, яғни үлестік және борыштық қағаздар бизнесті қаржыландыру құралдарына айнала алмады. Кәсіпкерлер қорландыру көздері ретінде басынан бастап кепілдердің болуы, айыппұл санкциялары және т.б. сияқты белгілі бір ковенанттар мен пайдаланудың қатаң талаптары бар дәстүрлі кредиттерді пайдаланады. Ұлттық Банк қазіргі уақытта нақты экономика секторын қаржыландырудың балама арналарын құру мақсатында қор нарығын қайта іске қосу бойынша шараларды қабылдауда. Осы мақсаттар үшін эмитенттердің барлық санаттарының қор нарығына кіруін жеңілдетуге байланысты мәселелерді шешу, институционалдық инвесторлар мен бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылардың инвестициялық мүмкіндіктерін кеңейту, балама ортаны құру, бүгінгі күні қор нарығындағы өзекті емес талаптарды жою жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта Қазақстан Ұлттық Банкінде қаржы секторында жаңа технологияларды қолдану мүмкіндігін зерделеу жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Жүргізіліп отырған жұмыс шеңберінде сатып алынған бағалы қағаздарға транзакциялардың жүргізілуін және меншік құқығын растау үшін «Blockchain» технологиясын пайдалана отырып, халық үшін қысқа мерзімді бағалы қағаздарды шығару жөніндегі жобаны енгізу мүмкіндігі алдыңғы қатарлы бағыттардың бірі ретінде қарастырылып отыр. Электрондық ақшаны пайдалана отырып, бағалы қағаздарды сатып алу (сату) мәселесі пысықталуда. Бағалы қағаздармен мәмілелерді онлайн режімінде жасау (лезде жеткізу), делдалдардың болмауы, мобильді технологияларды қолдана отырып, әрбір клиент үшін операциялар туралы ақпараттың толық айқындылығы мен қолжетімділігі аталған жобаның негізгі артықшылығы болып табылады. Осылайша, жобада электрондық ақшаны пайдалану, бағалы қағаздарды сатып алу (сату) бойынша операцияларды жүргізуге арналған мобильді қосымшаны қолдану, сондай-ақ «Blockchain» технологиясын іске асыру сияқты үш озық шешімдердің синтезі көзделеді. Жоба ауқымды, ол технологияларды саралаудың сан алуан түрлерімен байланыста болады және төлемдер, бағалы қағаздар саласындағы заңнаманы және клиентті сәйкестендіру мәселелерін ескере отырып, барлық аспектілерді пысықтауды талап етеді. Жобаны іске асыруға байланысты көрсетілген мәселелер зерделеуді талап етеді, қазіргі уақытта жұмыс тобының іс-әрекеті соған бағытталып отыр. Жобаның барынша толық пайымын біз жылдың соңына таман не келесі жылдың басына қарай ұсынамыз. Сұрақ: Төлем жүйелерінің нарығын және төлемдер мен аударымдар қауіпсіздігінің шараларын дамытудағы сіздің болжамыңыз қандай? Д.А.: Сұрағыңызға рахмет. Төлем жүйелері елдің қаржы нарығының негізгі инфрақұрылымдық құрамдас бөлігі болып табылады. Қаржы секторының операциялары және бизнес пен халықтың күнделікті ақша ағыны төлем арналары арқылы өтеді. Бұл, бір жағынан, қантамыр жүйесі тәрізді. Жылдамдық, сенімділік пен қауіпсіздік оның негізгі көрсеткіштері. Қазақстанда қаржы секторының сұраныстарына ұтымды жауап беретін төлемдік инфрақұрылым құрылды және жұмыс істейді. Сонымен қоса, бизнес субъектілері мен халық үшін төлем сервистерінің тиімділігі мен қолжетімділігін арттыру осы саладағы маңызды бағыт болып табылады. Орта мерзімді перспективада төлем нарығының дәл осы сегментінде белсенді даму күтіледі, бұл ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуына және жаппай енгізілуіне байланысты орын алмақ. Біз қазірден бастап Қазақстанда интернет пен мобильді төлемдердің 50%-дық жыл сайынғы өсімін байқап отырмыз, яғни төлемдерді жүргізудің дәстүрлі әдістерінен төлемдерді қашықтан жүргізу арналары мен балама тәсілдерін пайдалануға өту орын алатын болады. Бизнес пен халықтың бұдан да жедел төлемдерге деген өсіп келе жатқан сұранысын қанағаттандыру үшін Ұлттық Банк банктердің әртүрлі инновациялық сервистерді (бірсәттік төлемдерді, мобильді төлемдерді) енгізуі жөніндегі алғышарттары мен талаптарын құру үшін банкаралық төлем инфрақұрылымын түрлендіру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізеді. Сондай-ақ, Қазақстанның шынайы болмысында шалғайдағы өңірлер үшін қаржылық, оның ішінде төлемдік қызметтердің қолжетімділігін арттыру міндеті өзекті болып табылады. Аталған жағдайда біз бүкіл халықты базалық төлем сервистерімен қамтуды қамтамасыз ету үшін инновациялық технологиялардың артықшылығын пайдалана білуіміз керек. Бұл ретте, қауіпсіздік төлемдерді жүзеге асырудағы маңызды фактор болып табылады, осыған байланысты туындайтын тәуекелдер деңгейін бірмезгілде шектей отырып даму тиімділігі мен тұрақтылығының теңгерімін қолдауға да баса назар аударылады. Онлайн-конференцияның толық нұсқасымен Kapital.kz порталында таныса аласыздар. Бетті дайындағандар: Марат АҚҚҰЛ, «Егемен Қазақстан» және Сергей НАГОВИЦЫНПрезидент Қаратал ауданының қорғаныс істері бөліміне барды
Президент • Бүгін, 14:09
Қызылордада 504 отбасы баспаналы болды
Аймақтар • Бүгін, 13:24
Президент Үштөбе қаласында орналасқан Кемел Тоқаев атындағы орта мектепке барды
Президент • Бүгін, 13:01
Мемлекет басшысы Қаратал ауданындағы әлеуметтік нысандармен танысты
Президент • Бүгін, 12:41
Биыл Алматы облысында 57 мың жұмыс орны ашылды - Марат Сұлтанғазиев
Аймақтар • Бүгін, 12:14
Мемлекет басшысы: «Жазушылар одағы – руханиятымыздың алтын діңгегі»
Президент • Бүгін, 11:56