25 Ақпан, 2011

Момышұлы және Мәскеу

1353 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

«...Ұрпақ атар сексен мен жүз­дігімді, Тарихтың тереңінен сөз келгенде»  деп  көрегендіктен  ай­тып кеткен сөздеріне сай, Бау­кеңнің жүз жылдық мерейтойы өткен жылдың  басында Мәскеу­де  басталғаны мәлім.   Тараз қа­ла­сындағы «Бауыржантану» ғы­лы­ми-зерттеу орталығы әзірлеп, Мәскеудегі «Мұрагер» қоғамы­ның президенті Жәнібек Елек­баевтың, «Қазақ тілі» қоғамының жан-жақты  көмектесуімен,  Қа­зақ­­стан елшілігінің  басшылық жасап, қолдау көрсетуімен  Мәс­кеудің «Леном» баспасы Бауыр­жан Момышұлына арналған «Ле­гендарный батыр» жинағын жа­рыққа шығарып еді. Осы жи­нақ­тың  Қазақстан елшілігінде өт­кізілген тұсаукесер-танысты­ры­лымы – Бауыржан  Момыш­ұлы­ның 100 жылдық мерейтойының бе­ташары болды. Бұған  Ресей Мем­лекеттік Думасының, Мәс­кеу Үкіметінің, Ресейдің Қор­ғаныс министрлігінің, Өңірлік даму министрлігінің,  Мәскеудегі Ұлы Отан соғысы және Қарулы Күштер мұражайлары  қызмет­кер­лерінің, көзі тірі панфиловшы ардагерлердің өкілдері, генерал И.В.Панфиловтың қызы Майя Панфилова,  Баукеңнің Мәскеуде тұратын перзенті Елена Бауыр­жанқызы Коркина, Қазақстаннан ха­лық жазушысы Шерхан Мұр­таза бастаған азаматтар қатысты. Тұсаукесер рәсімін  ашқан Қа­зақстан елшісі Зауытбек Тұ­рыс­беков «Легендарный батыр»   кітабының   Ба­­уыржан Момыш­ұлы­ның  рухани мұрасына қо­сыл­ған елеулі қазына екеніне назар аударып,   аталған жи­нақ даңқ­ты батырдың есімін  мәңгі есте қалдыруға,  халықтар ара­сын­дағы  достық қарым-қатынас­тарды  дамытуға, ұрпақтардың  адамгершілік бейнесін қалыптас­ты­руға  жол аша түсетінін айтты. Ұрпақ ауысып, заман өзгеріп, қандай қоғам орнықса да, Ба­уыр­жан Момышұлының тарих қа­лып­тастырған біртуар тұлғасы  мен  дәуір бас иген  қаһарман­ды­ғының өзгермейтін  өз шындығы бар.    Ресейліктер кешегі һәм бү­гінгі буынының Кеңес Одағының Батыры,  бір өзі бір халықтың на­мысына айналған даңқты қазақ Бауыржан Момышұлының есімі мен ерлігін құрметтеп, қастер­леуде. Өйткені, Бауыржанның  ер­лігі  – Мәскеудің мәңгілік та­қы­рыбы. Баукеңнің, Александр Бек айтатын «фамилиясы жоқ адамның»  атын айдай әлемге  жай­­­ған,  ерлігін танытқан Мәскеу  түбіндегі  сұрапыл шайқастар. Оның атағы мен даңқы  адам­зат­ты  азат еткен Ұлы Жеңістің  бол­мысымен біртұтас дейтініміз де сондықтан. Баукеңнің ұлы тойы­ның Мәскеуден бастау алғаны,  бұған ең алдымен Мәскеу жұрт­шылығының   ықылас білдіргені    – тарихи шындық пен  өмір  шын­дығының    өзара үндесуі еді  деп түйіндейтініміз де  сол себепті. Орыс елі Бауыржан Мо­мышұлын өздерінің бас қаласын жауға бермеген   жауынгер қол­басшы, генерал Панфиловтың сенімді серігі, Волоколамск тас жо­лындағы «Арпалыстың» (А.Бек ро­маны)  шын иесі, «Москва үшін шайқастың»  ең басты  кейіп­кер-авторы деп біледі. Ұлы Отан соғысы жылда­рында, қанды майдан төсінде Панфилов пен Бауыржандар шың­­­даған шын мәніндегі дос­тықтың бүгінгі Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара  ын­ты­мақты  байланысты байытуға, әсіресе, екі тараптағы да өт­кенді біліңкіремей өсіп келе жат­қан  жас буынға тарихи тағылым бола алатындығын  естен шығаруға бол­майды.  Қа­зақ­стан үшін, қа­зақ­­тар үшін бұл соғыс  – кешегі ортақ тарихтың бір бөлшегі.  Ба­баңның қа­ны төгілген, атаңның сүйегі жат­қан, әкеңнің есімі та­сы­на ойып жа­зылған топырақ қалай жат болады? «Соғыс көр­ген әке­лер­ден жаралып, соғыс көр­ген ана­ларды емген» ұрпақ мұны  жақ­сы түсінсе керек. Қан майданда қаза тапқан  мың­­даған жерлестеріміздің, со­ның ішін­де бірқатар Кеңес Одағы Ба­тыр­ларының  сүйегі Ресей жерінде  жатыр.  Нүркен Әбдіров Ростов об­лы­сында, Жүнісбай Қа­йыпов пен Төлеген Тоқтаров  Нов­город облы­сын­да, Әлікбай Қо­саев,  Мұсабек Сең­гірбаев, Нарсұтбай Есеболатов Мәскеу об­лысында, Боран Ны­сан­баев Орел облысында, Қарсыбай Сы­патаев Қал­мақ Республикасында жерленген. Дубосеково бекетіндегі ас­пан­мен астасқан алты сол­дат­тың тас бейнесінен түзілген 28  пан­фи­лов­шыларға арналған, 1975 жылы тұр­ғызылған  алып ме­мо­риал­ды алы­ңыз. Бұл – жиырма сегіз панфи­ловшылар сапында болған алты ұлт өкілдерінің  өр тұлғасын  өр­нек­те­ген тас тұғырлар.  Алайда, қа­зір­гі­дей заман өзгеріп, Ұлы Отан со­ғы­сына деген көзқарас өзге­ше­леніп жат­қан кезде панфиловшылар  ерлігіне күмәнмен қараушылар кез­де­сетіндігін айтпаса болмас. Оны қол­­дан жасалған ерлік  дейтіндер  бар. Бірақ мына бір оқиғаны еске тү­сіріп көрелікші. 1941 жылдың қа­һарлы қарашасының 16 жұлды­зын­да Мәскеуге қарай өршелене ұм­тылған жаудың танк дивизия­ла­ры­на  қарсы   Волоколамск тас жолы тұсында, Дубосековоның ойық-ойық орманды даласында  Панфилов дивизиясының  қантөгісті қор­ғаныс ұрыстарын жүргізгенін ешбір тарих жоққа шығара алмайды. Бұл соғыстың дерегін Баукең  «Москва үшін шайқас» кітабында тарихи тұрғыда тиянақтап берді. Мұны ерлік емес деп кім айта алады? Нелидово деревнясында ба­уыр­лас­тар зираты бар.  Деревняда 1967 жылдан бері Батыр-панфи­ловшы­лар мұражайы жұмыс істейді. Мұ­ражайда И.Панфиловтың, Б.Мо­мыш­­ұлы­ның, В.Клочковтың және бас­қа да қаһарман жауынгерлердің өмірі мен ерлігіне байланысты мың­­­даған  экспонаттар жинақ­тал­ған. Панфиловшылардың ерлігі әлем­ге танылған 16  қарашаға орай­ластырып  салтанатты түрде ашыл­ған  Батыр-панфиловшылар мұра­жа­йы  40 жылдан бері жүйелі жұ­мыс істеп келеді. Мұражайдың   жас­тарға тарихи-патриоттық тәр­бие беруде, екі ел халықтарының  соғыс жылдарында шыңдалған   дос­­тығын одан әрі дамытуда  ерекше  орны бар. 2007 жылы Қазақ­стан елшілігінің қолдауымен  Ба­тыр-панфиловшылар мұражайының    құрылғанына 40 жыл толуы   ла­йықты аталып өтті. 2005 жылы Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың  жеке тап­сырмасы бойынша Волоколамск қа­­ласында Кеңес Одағының Батыр­лары Иван Панфилов пен Ба­уыр­жан Момышұлының мүсіндері  ор­натылған болатын. Еліміздің бас­шысының  Волоколамск қаласында қос батырдың мүсіндерін  ашу рәсі­мінде сөйлеген сөзінде  И.Панфилов пен Б.Момышұлының  Қа­зақ­станға да,   Ресейге де бірдей ортақ, аса қадірлі адамдар болғанына назар аударып, бұл орнатылған ес­керт­­кіш-белгілер Мәскеу мен Ста­­линг­радтың, Курск мен Бер­линнің түбінде қаза тапқан белгілі һәм бел­гісіз барлық жауын­гер­лердің де ру­хын бейнелейтінін атап көр­сет­кені кейінгі талай жи­ын­дарда  қай­та­ла­нып,   тілге тиек болып жүр. Қазақстандықтардың Мәскеу тү­біндегі ересен ерлігінің осы ескерткіштері  бүгінде Қазақстан елшілігі дипломаттарының,  Ресей қа­зақтарының тағзым ететін  қастерлі  орнына   айналды.  16  қараша күні және дәстүрлі   Жеңіс  мейрамында  Панфилов дивизиясы жауынгер­ле­рі­нің ерлігін еске алып, 28  панфи­ловшыларға арналған  мемориалға,  Нелидово деревнясындағы бауыр­лас­тар зиратына, Волоколамск қа­ла­сындағы Батырлар аллеясында тұрған  Иван Панфилов пен Бауыр­жан Момышұлының ескерткіш мү­сіндеріне гүл шоқтарын қою,  Ба­тыр-панфиловшылар мұра­жа­йын­­да болу  – жыл сайынғы бо­рыш­ты іс болып қалыптасты. Ресей астанасының мерекелі жылы  Баукең рухына адалдығын ай­қындаған қасиетті ісінің бірі Мәс­кеудің № 229 орта мектебіне Бауыржан Момышұлының есімінің берілуі еді. Бұл батырға  ең ал­дымен қазақ халқына  көрсетілген зор құр­мет деп қабылданды. Бұған дейін Мәскеудегі Әлия Мол­дағұлова  атындағы № 891 ор­та мектеп ақтөбеліктердің, Псков об­лы­­сындағы Мәншүк Мә­метова атын­дағы орта мектеп  батыс­қа­зақ­стан­дықтардың қам­қор­лығын­да бо­лып келе жатса, Әулиеата жұрты Бауыржан атын­дағы мектепті бірінші күннен қам­қорлық аясына алды.  Жам­был облы­сы­ның әкімі Қанат Бо­зымбаев пен оның орынбасары Мейрамбек Тө­лепбергеннің бас­шылығымен, жам­былдық іскер аза­маттардың қолдау-көмегімен   Бау­кең мектебі түбегейлі жа­ңа­рып, жаңадан жаб­дықталып, жа­рақ­та­нып,  мұ­ра­жа­йы ашы­лып, ау­ласына мүсіні орнатылды. Бү­гінде іші-сыр­тының әспеттеліп, әсемделуі, жал­пы жабдықталуы жағынан Әлия мек­тебі мен Ба­уыржан мектебіне теңдесе ала­тын білім ұясын бүкіл Мәс­кеу­ден табу оңай емес. Мұны мәс­кеуліктердің өздері де мо­йындап отыр.  Ақтөбеліктердің Әлия мек­тебін, жамбылдық­тар­дың  Ба­уыржан мектебін қазіргі заманғы оқу-техникалық құрал-жабдық­тарымен жарақтандыруға  жұм­саған қар­жы­лай  көмегінің жал­пы сомасы   бір миллион АҚШ дол­ларына жетті. Мәскеу жұртшылығы жуыр­да  Әдебиетшілердің орталық үйінде Бауыржан Момышұлын еске алуға арналған  салтанатты кешке жи­нал­ды. Елшіліктің қолдап, көмек­тесуі­мен, кештің ұйымдас­ты­ры­луына Ресей Жа­зушылар одағы, Әдебиет­ші­лердің орталық үйі, Мәс­кеудегі «Мұрагер» және «Қа­зақ тілі» қо­ғам­дары, мәскеулік студент-жас­тар­дың «Жас қанат» ұйымы   ұйытқы болды. ...Кенет кең залды Левитанның әйгілі дауысы кернеді: «Тың­да­ңыз­дар! Тыңда­ңыздар! Мәскеуден сөй­леп тұрмыз!..». Іле-шала «Қа­сиет­ті соғыс» әні қалықтады. Ән қанатына ілесіп,  кешті жүр­гі­зуші – Қазақстанның мәдениет қай­рат­кері, белгілі өнерпаз Абы­лайхан Оспанов «...Бұдан жетпіс жыл бұрын Мәскеу түбінде  қантөгіс шайқастар болып жат­ты... Сол қан майданның орта­сында қазақтың қайсар ұлы Ба­уыржан жүрді...» деп  тебіренте сөз бастады. Бұған академик-жазушы Сәбит Мұқа­новтың «Ба­тыр інім Бауыржанға» өлеңінің: Я много прошел  и тропинок, и трасс, Немало увидел стран, И вместо приветствия   слышал не раз: Москва, Казахстан, Баурджан! Тогда, восхищенье читая в глазах Гаванцев, пражан, парижан, Был горд, что герой этот  славный  – казах, Земляк мой – стальной Баурджан, – деген  өршіл жолдары  жалғасты. Сахна төрінде – батыр   бейнесі. Экраннан «За нами Москва» фильмінің  фрагменттері өтуде. Кино көріністері аясында  Алма­тыда құрылған  Панфилов ди­ви­зиясының  тарихы баян­да­лып, жа­уынгерлерді жорыққа ат­тандыр­ған Жамбыл ақынның  жыр жол­дары тасқындай тө­гі­лді.   Ол  бірте-бірте  әйгілі «Же­ңіс күні» әнінің әуеніне ұласты. Осы кештің сүйінші һәм сү­йінішті жаңалығы –  «Ердің ері – Бауыржан» деп аталатын жа­ңа әннің тұсауы кесілгені. Әннің сөзі мен сазының авторы – халық­аралық А.Фадеев атын­дағы және «Алаш» әдеби сый­лық­тарының лауреаты, белгілі ақын әрі сазгер  Тұрсынай Оразбаева.  Мәтінді орысша аударған – ақын Людмила Щипахина. Жа­ңа әнді бірінші рет Мәс­кеудегі студент жастардың «Жас қанат» қоғамдық ұйымының мүшелері орындады. Иә, Бауыржан батырдың был­­тыр Мәскеуде басталған тойы кең байтақ атамекенімізді аралап келіп, қайтадан  Мәс­­кеу­­де  то­ғысты. Ол жоға­рыдағы кеш еді. Баукең ту­ралы  кез келген келелі кеңес, кең толғау әр­қашан аңызды емес айғақты, ақи­қатты, шын­дықты алға тар­тады. Мәс­кеу­ліктер  Ба­уыржан Мо­мыш­ұлы жайлы са­лиқалы сөзге құш­тар, оның заманнан за­манға өт­кен  өр тұл­ғасын,  ескірмеген ер­лі­гін қа­дірлейді, құрмет тұ­тады. Міне, Бауыржан Мо­мыш­­ұлына арнал­ған бұл  кеш  қаһар­ма­нын қас­терлейтін, өз ер­лерін  ес­кере білетін қа­зақы қа­сие­ті­мізді тағы да та­нытты. Күні кеше арамыздан кеткен көрнекті  қаламгер Әзілхан Нұр­шайықов жазған атақты «Ақиқат пен аңыз» романында  мынадай бір сәт бар: Бауыржан Момыш­ұлы міндетті әскери борышын өтеуге аттанатын кезде әкесі  бата береді.  Сол батаны Баукең ұмыт­пай, есінде сақтап жүреді екен. Исі қа­зақтың мақ­таны­шына айна­ла­тын алтын айдар ұлы­на Момыш баба батасымен сөз аяғын түйелік: Ақ жүрек болып жолдасың, Адалдық сені қолдасын. Жақсылық үшін тірессең, Жаныңды арың қорғасын. Арынды болсын шабысың, Алымды болсын табысың, Найзадай болсын намысың, Ер жігітке бәрі сын. Қиындық көрсең мұқалма, Ауырлық көрсең жұқарма, Қамқоршы болып кішіге, Үлкенді үлгі тұт алға! Серікқали БАЙМЕНШЕ , «Егемен Қазақстан» –  Мәскеуден..

Автор туралы анықтама

Серікқали БАЙМЕНШЕ «Егемен Қа­­­­­зақстан» га­зеті­нің Мәс­кеу қала­сын­дағы өкіл тілшісі қызме­тіне кірісті. Біз бүгін әріп­тесіміздің ал­ғаш­­­қы ма­қаласын беріп отыр­мыз. Ол 1956 жылы туған. 1977 жылы ҚазМУ-дің жур­на­лис­­тика факультетін бітірген соң Ақ­төбе об­лыстық «Ком­мунизм жо­лы», рес­пуб­ли­калық «Лениншіл жас» га­зет­терінде еңбек етті. Сыртқы істер ми­нистрлігінің екін­­ші хатшысы қыз­метін атқарып, Парламентте жа­уап­ты жұмыста болды. Қазір Қа­зақ­станның Ресейдегі елшілігінің бірінші хат­шы­сы. Филология ғылым­да­ры­ның докторы.