арасындағы теңгерім қайткенде қамтамасыз етіледі?
Қазақстан Республикасын демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыруда мемлекеттің қылмыстық-құқықтық саясаты, қылмыстық-атқару заңнамасының деңгейі, оның еліміздің Конституциясына, негізгі халықаралық стандарттарға және қылмыстық сот ісін жүргізу қағидаттарына сәйкес келуі ерекше рөл атқарады. Бұл ретте барлық мемлекеттік органдардың, лауазымды тұлғалар мен азаматтардың қолданыстағы қылмыстық-атқару заңының нормаларын мүлтіксіз әрі дәл сақтауы да заң үстемдігін қамтамасыз етудің маңызды шарты болып табылады.
Қылмыстық сот ісін жүргізудің мазмұны мен нысанын айқындайтын құқықтық тұжырымдамада ең маңызды элемент ретінде Қылмыстық-атқару кодексінің (ҚАК) 23-бабында бекітілген айыптаушы және қорғаушы тараптардың жарыспалылығы мен тең құқылығы қағидаты негізінде сот ісін жүргізуді жүзеге асыру болып табылады. Біздің елімізде қылмыстық процестің аталған қағидатына сәйкес қылмыстық қудалау, қорғау және соттың iстi шешуi бiр-бiрiнен бөлiнген және оларды әртүрлi органдар мен лауазымды адамдар жүзеге асырады. Адамның қылмыстық құқық бұзушылықты жасаудағы кiнәлiлiгiн дәлелдеу және оның өзін қорғайтын дәлелдерін теріске шығару мiндетi – қылмыстық қудалау органдарына, ал сотта іс жүргізу кезінде мемлекеттік және жекеше айыптаушыларға жүктеледi. Қорғаушы күдіктіні, айыпталушыны, сотталушыны, сотталған адамды, ақталған адамды қорғаудың заңда көзделген барлық тәсілдерін пайдалануға мiндеттi. Сот қылмыстық қудалау органы болып табылмайды, айыптаушы немесе қорғаушы тарап жағында әрекет етпейді және әділдіктен басқа қандай да болсын мүдделердi бiлдiрмейдi. Сот нақтылықты және бейтараптылықты сақтай отырып, тараптардың өз атқарушылық мiндеттерін орындауы және өздерiне берiлген құқықтарды жүзеге асыруы үшiн қажеттi жағдайларды жасауға міндетті.
Қылмыстық процестің қағидаларын бекітуге және айыптау мен қорғау арасындағы теңгерімді қамтамасыз етуге бағытталған қазақстандық құқықты дамытудағы елеулі құбылыс және ҚАК-тің 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілуі, сондай-ақ «Бес институттық реформаны іске асыру жөніндегі «100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарын іске асыру шеңберінде оған өзгерістер мен толықтырулардың енгізілуі болып табылады. Осы жоспарға сәйкес заң үстемдігін қамтамасыз ету жөніндегі институттық реформа шеңберінде (Жоспардың ІІ-бөлімінің 22-тармағы) адамның және азаматтың конституциялық құқықтарын шектейтін бүкіл тергеу әрекеттеріне санкция беру өкілеттіктерін тергеу судьясына кезең-кезеңмен беру есебінен соттарда айыптау мен қорғау арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету шаралары көзделген.
Қылмыстық сот ісін жүргізуге тергеу судьясының енгізілуі және оған тиісті өкілеттіктердің берілуі заң үстемдігін нығайтуда және қылмыстық процесте айыптау мен қорғау арасындағы теңгерімді қамтамасыз етуде маңызды да тиімді құқықтық тетік болып табылады. Тергеу судьясының өкілеттігі азаматтардың конституциялық құқықтарын шектейтін тергеу әрекеттеріне сот арқылы санкция берумен, қылмыстық қудалау органдарының әрекеттері мен шешімдеріне келтірілген шағымдарды қараумен, адвокаттардың өкілеттіктерін қамтамасыз етумен және қылмыстық процестің сотқа дейінгі сатысында сот бақылауының басқа да тетіктерімен байланысты. Олардың іске асуы қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі іс жүргізудің барлық сатысына елеулі оң әсерін тигізеді, қылмыстық қудалау органдарын тәртіпке келтіреді, адамдардың қорғалу құқығын қамтамасыз етуде адвокатураның рөлін арттыра түседі және оның қызметін жандандырады, қылмыстық процестің міндеттерін оның бастапқы сатысында қамтамасыз етеді.
Қолданыстағы қылмыстық-атқару заңдарына сәйкес тергеу судьясының ерекше өкілеттігіне азаматтардың конституциялық құқықтарын шектейтін бірқатар негізгі тергеу әрекеттерін санкциялау кіреді, атап айтқанда: күзетпен ұстауды және үйқамақты санкциялау, мүлікке тыйым салуды санкциялау; күзетпен ұсталмайтын адамды сот-психиатриялық немесе сот-медициналық сараптама жүргізу үшін медициналық ұйымға мәжбүрлеп орналастыру; мәйітті эксгумациялау; күдіктіге, айыпталушыға халықаралық іздеу жариялау; қарап-тексеруді, тінтуді, алуды, жеке тінтуді санкциялау.
Қылмыстық процесте айыптау мен қорғау арасындағы теңгерімді қамтамасыз етуге бағытталған қылмыстық-процестік заңның негізгі жаңалығы тергеу судьясына қорғаушы адвокаттың қылмыстық іс үшін маңызы бар кез келген мәліметтерді, құжаттарды, нәрселерді талап етіп алдыру және қылмыстық іске қосып тігу туралы; егер қылмыстық қудалау органы осындай өтінішхатты қанағаттандырудан негізсіз бас тартса не ол бойынша үш тәулік ішінде шешім қабылданбаса, сараптама тағайындау туралы, қылмыстық процесті жүргізетін органға айғақ беруі үшін келуін қамтамасыз ету қиындық тудыратын, яғни бұрын өздері жауап алған куәні мәжбүрлеп әкелу туралы өтінішхаттарын шешу мәселесінің берілуі болып табылады.
Қылмыстық процестің сотқа дейінгі сатысында сот бақылауын және айыптау мен қорғау арасындағы теңгерімді қамтамасыз етуге бағытталған тергеу судьясының өкілеттігі қылмыстық істі мәні бойынша қарау арқылы сот төрелігін жүзеге асыратын судьяның өкілеттігінен ерекшеленеді. Мәселен, тергеу судьясы өз өкілеттіктерін қылмыстық процестің сотқа дейінгі сатысында жүзеге асыру кезінде қылмыстық істі мәні бойынша шешу үшін сотта қаралатын мәселелерді алдын ала шешуге, соның ішінде кінәсінің дәлелденген-дәлелденбегені, іс бойынша жинақталған дәлелдемелердің қатыстылығы, жол берілушілігі, нанымдылығы мен жеткіліктілігі туралы қорытынды беруге тиіс емес. Сонымен бірге, сот соттық бақылау шеңберінде сотқа дейінгі іс жүргізуді жүзеге асыратын органдардың процестік әрекеттерді жасау кезінде заң нормаларының сақталуын, сондай-ақ қылмыстық қудалау үшін материалдық-құқықтық және процестік негіздердің бар-жоғын тексеруге құқылы. Жалпы қағидаға сәйкес тергеу судьясы сотқа дейінгі іс жүргізуді жүзеге асыратын органға тергеуге жіберу және тергеу әрекеттерін жүргізу туралы нұсқау беруге тиіс емес. Тергеу әрекеттерін жүргізу туралы нұсқауды тергеу судьясы ҚАК-іде көзделген жағдайда ғана прокурорға беруге құқылы. Мәселен, ҚАК-тің 56-бабының 5-бөлігіне сәйкес күдікті өзіне азаптау және басқа да заңсыз әрекеттер қолданылғаны туралы арызданған немесе онда күш қолданудың іздері болған кезде тергеу судьясы қадағалаушы прокурорға көрсетілген фактілерді дереу тексеруді жүзеге асыруды тапсыруға міндетті. Адамның құқықтары мен бостандықтарын, ұйымдардың заңмен қорғалатын мүдделерін заңсыз шектеу немесе өзге де бұзу фактілері анықталған кезде тергеу судьясы ҚАК-тің 56-бабының 6-бөлігіне сәйкес жекеше қаулы шығару арқылы заң бұзушылыққа жол берген тұлғалардың жауаптылығы туралы мәселе қояды.
Соттың ҚАК-тің 106-бабындағы тәртіппен қылмыстық қудалау органдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне келтірілген шағымдарды қарау институты соттық бақылаудың және айыптау мен қорғау арасындағы теңгерімді сақтаудың пәрменді процестік тетігі болып табылады. Құқықтары мен бостандықтарын прокурордың, тергеу және анықтау органдарының әрекеті (әрекетсіздігі) және шешімі тікелей қозғайтын тұлға сотқа ҚАК-тің 106-бабына сай шағыммен жүгінуге құқылы. Қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде сотқа қылмыстық істі мәні бойынша шешу кезінде сотта қарау нысанасы болуы мүмкін мәселелерді алдын ала шешпей, қылмыстық қудалау органының кез келген әрекеттері мен шешімдерінің заңдылығына шағым беруге болады.
Сот төрелігін, қылмыстық процестің қағидаларын, сотта айыптау мен қорғау арасындағы теңгерімді қамтамасыз етуді нығайту бойынша елеулі шаралар Қазақстанда алқабилердің қатысуымен кейбір қылмыстық істерді қарау институтын енгізу болып табылады. Алқабилер қатысатын сот ісі тараптардың тең құқылығы мен жарыспалығы қағидатын бекітуде, алдын ала тергеу мен сот талқылауы сапасын жақсартуда, тараптардың кәсіби деңгейін арттыруда маңызды оң рөл атқарады. Бұдан басқа, ол сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарын тәртіпке келтіреді және процестік заңда жазылған барлық нұсқауларды мүлтіксіз орындауда бағдар береді. Алқабилер қатысатын сот ісін жүргізудің өзіндік ерекшелігі бар. Алқа билер қылмыстық істің материалдарын алдын ала зерделемейді және олардың назарына олардың бейтараптылығына әсер етуі мүмкін кейбір нақты деректер жеткізілмейді. Мәселен, ҚАК-тің талаптарына сәйкес судья алқабилерді дәлелдеме ретінде жол берілмеген нақты деректермен таныстыруға тиіс емес. Алқабилер сотталушының бұрынғы соттылығымен байланысты мән-жайлар туралы, оны маскүнем немесе нашақор деп тану туралы ақпаратты, сондай-ақ олардың тарапынан сотталушыға қатысты қате түсінік тудыратын өзге де мән-жайларды білуге тиіс емес. Бұл тұрғыда алқабилер нақты және толық жарыспалылық процестің нәтижесі бойынша сотталушының кінәлі екені немесе кінәлі еместігі туралы өз шешімін шығарады. Мұндай процестерде алқабилердің кесімі айыптаушы немесе қорғаушы тараптың кәсіпқойлығына және жауапты көзқарасына жиі байланысты болады. Тәжірибе көрсеткендей, алқабилер соты басқа соттарға қарағанда ақтау үкімдерін жиі шығарады.
Әбдірашит ЖҮКЕНОВ,
Жоғарғы соттың судьясы