Баяғыда бір танысымның осы Астана төңірегіндегі ауылдардың бірінен үй сатып алып едім, сонда ақшасын төлеппін де, қожайыннан үйдің құжаттарын алмаппын, енді сол адамды таба алмай жүрмін дегені бар еді. Ақшаңызды беріп тұрып, үйдің құжаттарын сұрамағаныңыз қалай деген сауалыма, е, қайдан білейін, өзіміздің қазақтың баласы, алдамайтын адам сияқты болып көрінген және өзі кейін беремін деді ғой, деп жауап қайтарған болатын әлгі танысым. Абырой болғанда, талай уақытын сарп етіп соңына түсіп жүріп үйдің құжаттарын алды-ау әйтеуір жаңағы кісі араға айлар салып. Шынымен де ана қазақтың ұяты бар екен деп ойладым мен кейін мәселенің дау-дамайсыз шешілгенін естігенде. Мен ештеңе білмеймін, сізден ақша алған жоқпын десе қайтер еді?.. Біздің ағайындардың аңғалдығын (бәлкім ашықауыздығын) көрсететін бұл сияқты мысалдарды іздей берсең жүздеп келтіруге болады.
Белгілі бір компанияға жұмысқа орналасқанда кәсіпорын басшысымен еңбек шартын жасаспайтындар да сол баяғы өзіміздің қазақтар. Содан да алда-жалда ондай жұмысшы өндірісте жүріп бақытсыздық жағдайына душар бола қалса, заңға сәйкес өзіне тиесілі өтемақыны өндіріп ала алмайды. Өйткені, жұмыс беруші мен жұмысшының арасындағы еңбек жағдайлары алдын-ала құжат түрінде келісіліп, заңдастырылмаған. Осыдан келіп олар соңынан, яғни болары болып, бояуы сіңгеннен кейін түрлі соттардың босағаларын тоздырады әділдік іздеп. Бірақ кеш.
Ешқандай кезексіз-ақ пәтерге қарық қыламын, айлығы аспанға шығатын, екі қолыңды жылы суға малып отырып-ақ ақшаның астында қалатын жұмыс тауып беремін деген алаяқтардың қолдарына, істің анық-қанығына жетпестен, ойланбастан миллиондаған теңге ақшаларын ұстаса салып, сан соғып қалып жатқандар қаншама?! Алданудың мұндай түрі әсіресе, құрылысқа үлестік қатысу деген жаңалық шыққан жылдары үдей түсті. Ондайлар тіпті өздеріне жасалып жатқан ескертулерді де құлақтарына ілетін емес. Бір рет алданғандарымен қоймай, араға уақыттар салып екінші қайта алданып жатуларының сыры да дәл осында. Сол баяғы сауатсыздық. Орыс халқының «Тегін ірімшік тек қақпанда ғана болады» деген мәтелін түсінбеушілік.
Ресторандарды аузы-мұрнына дейін толтырып апта сайын өтіп жатқан тойлар ше?.. Бұл да ойсыз, есепсіз мал шашудың тамаша жолы. Онсыз да арзанға түспейтін дастарқан мәзіріне тойды басқаруға шақырылатын асаба мен қызмет көрсететін әнші-бишілерге төленетін ақыны қосыңыз. Сөйткен асабаң мәдениетті мінезімен, ойлы сөзімен тойыңның сәнін кіргізе қойса жақсы ғой, қайда-а, ондайлардың көпшілігі жұртты күлдіремін деп аузына не келсе соны айтып, кейде тіпті арзан анекдоттарымен дөрекіліктерге жол беріп, қазақтың салт-дәстүріне мүлде жат қылықтар көрсетіп жатады. Мәселен, жаңа түсіп жатқан келіннің тойдың тортын кесіп алып атасы мен енесінің ауыздарына тықпалағанын бұрын қай қазақтан көріп едік?.. Біз бұл жерде тіпті 20-25-тердегі жастардың үйлену тойларында 70-тен асқан шал-кемпірлердің жалп-жалп етіп билейтіндерін айтып та жатқан жоқпыз. Әрине, би деген өнер. Егер жаңағы кісілер классикалық билердің бірін орындап жатса сөз басқа ғой. Іс жүзінде олай емес. Олардың билейтіндері түнгі клубтардың төрін бермейтін шейк, твист, чарлстон... Ал, әншілерге келсек, олардың бір де бірі жанды дауыспен ән айтпайды, фонограмманы қосып қояды да өздері әншейін аузы-бастарын қисаңдатады. Оларының да дені ән деп айтуға келе бермейтін әншейін бақырған-шақырған әлаулайлар. Бұл қазіргі тойларда болып жататын көріністердің неғұрлым сыпайырағы, айта берсе бұдан да сорақылары бар. Ең қызығы, игілікті қуанышымыздың әңкі-тәңкісін шығарып жатқандарға біздің рахмет айтып, ақша төлейтіндігімізде. Бұл да болса білік-білігіміздің, талап-талғамымыздың деңгейін көрсетсе керек. Осылардың бәрінің қазақ боламыз, ата-баба салтын қайта жаңғыртамыз деп даурығып жүрген кезде орын алып жатқанын айтсайшы бәрінен бұрын...
Егер осы айтылғандарға өз ағайындарымыздың бүгінгі таңдағы сөз саптауларын, ара-тұра айтып жататын ой-пікірлерін қосар болсақ, сауаттылық пен сындарлылық мәселесінің соңғы уақыттары айтарлықтай дәрежеде ақсап тұрғанын аңғару онша қиынға түспейді. Газет оқып, теледидар хабарларын тыңдай қалсаңыз бұрмаланған қазақ сөздеріне сүрініп жығыласыз. Олар туралы кезінде айттық та, жаздық та. Сондықтан қайталап жатудың қажеті жоқ сияқты. Тек қана теледидар тілшілері еліміздегі зиялы қауым өкілдері саналатын кейбір кісілерге микрофон тосып, қоғамда болып жатқан кейбір өзгерістерге қатысты пікір сұраған кезде бәзбір ағайындарымыздың ел аман, жұрт тыныш болсын деп бата беруден әріге бара алмайтындарын ғана амалсыздан айтуға тура келеді. Сөз жоқ, елдің амандығын тілеген жақсы, бірақ бұл жерде журналист одан бата сұрап тұрған жоқ, орын алып жатқан оқиғаларға байланысты тәжірибелі, көргенді адам ретіндегі пікірін, көзқарасын сұрап тұр ғой. Сұхбат беруші де соған сәйкес жауап қайтаруы тиіс. Егер өркениетті елдердің азаматтары білдірген пікірлерге құлақ түрер болсаңыз, олардың өмірдегі құбылыстарға, жаңалықтарға қатысты өз ойларын ортаға салып жатқанын естисіз. Тыңдай бергің келеді. Оған қарап олар өз елдерінің тыныштығын, халқының амандығын тілемейді деуге еш құқымыз жоқ. Бар болғаны, олар не сұрасаң соған лайық жауап береді.
Қазақта «Көп сөйлеген білімді емес, дөп сөйлеген білімді» деген аталы сөз бар. Аттамай жатып сүрініп, алысқа ұзамай жатып адасып жататынымызды көргенде ата-бабадан қалған осы нақылдың ұрпақтарының құлағына жеткен-жетпегеніне күмәнмен қарауға мәжбүр болады екенсің...
Сейфолла
ШАЙЫНҒАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»