28 Қыркүйек, 2016

Қамқорлығы үшін алғыс білдірді

247 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтановтан хат келіп түсті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. Елбасының атына әл-Фараби атындағы ҚазҰУ рек­торынан хат келіп түсті. Хат­та университеттің бар­лық маңызды жетістігі Қазақ­стан Президентінің басшы­лығымен елдің тәуелсіздік жылдарындағы қарқынды дамуына тікелей байланысты екеніне назар аударылған. «Бұл жылдары Қазақстан әлемдегі танымал әрі бәсекеге қабілетті іргелі мемлекеттің біріне айналып, тиімді экономика құру, азаматтардың әл-ауқатын арттыру, саяси демократияландыру және халықаралық интеграция мен жаһандық үдерістерге көшбасшылық ету жолында зор табыстарға қол жеткізді» – делінген хатта. Ғ.Мұтанов университеттің әлемдік беделі артып келе жатқанына тоқталды. «ЮНЕСКО-ның әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ді Орталық Азия өңірі бойынша хаб ретінде және тұрақты даму мәселелері жөніндегі жаһан­дық хаб ретінде мойын­дауы осының дәлелі сана­­лады. Университеттің маңыз­ды жетістігі – 2016 жылы беделді QS рейтинг агентті­гі­нің (Ұлыбритания) зерттеу қо­рытындысы бойынша әлем­нің үздік ТОП-250 универ­ситеттері қатарына енуі» – делінген хатта. Сондай-ақ, университет ректоры халықаралық стан­дарттарға сәйкес келе­тін басқарудың тиімді жүйе­сінің ҚазҰУ-де табысты енгізілгенін атап өткен. «Университетте үде­ріс­тік менеджмент пен еңбек жетістігін рейтингтік баға­лауға бағытталған бас­қару жүйесі енгізілді. Әлем­нің алдыңғы қатарлы универ­ситеттері үлгісімен ҚазҰУ-де халықаралық аккредитация­дан өткен эксперименттік білім беру бағдарламалары әзір­леніп, қолданысқа енгі­зілді» – делінген хатта. Оқу ордасының басшысы мемлекет-жекеменшік серік­тестігі арқасында универси­теттің бірқатар білім беру жә­не инфрақұрылымдық нысан­дарының құрылысы аяқтал­ғанын атап өткен. «Механика-математика, физика-техника және химия факультеттерінің жаңа оқу ғимараттары, әл-Фараби ғылыми кітапханасы, Жас ғалымдар үйі, «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы, медициналық диагностикалық орталығы салынды. Бұдан бөлек, биылғы оқу жылында Д.Баландин атындағы жүзу бассейні және Студенттер мен түлектердің салтанатты қақпасы ашылды» – делінген үндеуде. Соңында университет ректоры оқу орнының ұжымы атынан университетке көр­сеткен қолдауы және отандық білім мен ғылымды дамыту мәселелеріне қам­қорлығы үшін Қазақстан Президентіне алғыс білдірді.