29 Қыркүйек, 2016

Жамбылдық жас балуандар үлкен үміт күттіреді

498 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
img_1589«Қарап отырсақ, оймақтай ғана Осетия­дан осы күнге дейін күрестен 14 Олим­пиада чемпионы шығыпты. Қазақ­стан түгілі Жамбыл облысынан 3-4 есе кішкентай ғана елдің күреске, спортқа деген құлшыныстары ерекше. Және Осетия билігі де соған сай жағдай жасап отыр. Міне, осындай жанашырлықты соңғы кездері Жамбыл облысынан көріп жүрмін. Бұл өңір басшылығы спорттың осы түріне көп жағдай жасаған. Арнайы зал, мектеп бар. Жастардың да қызығушылығы жоғары. Мен Жамбыл жерінің жас балуандарынан көп үміт күтемін». Еліміздегі грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының аймақтық даму жөніндегі вице-президенті Бауыржан Оспанов Таразға келген бір сапарында осылай деп ағынан жарылғаны бар еді. Міне, соның дәлеліндей биыл Түрікменстанда самбо күресінен жастар мен ересектер арасында өткен Азия чемпионатында Ақтолқын Смағанбетова мен Арайлым Шегенова бірінші орын, Дәулет Ахмет екінші, Лейла Ақмолда үшінші орынды иеленді. Ал, жасөспірімдер арасында VI халықаралық «Азия балалары 2016» спорттық ойындарында еркін күрестен Нұртілек Оңдаш 42 кило салмақ дәрежесінде І орын алса, дзюдодан 81 кило салмақ дәрежесінде Ізбасар Ералиев және 52 килода Рауза Нұрмахамметова ІІІ орынға табан тіреді. Ал еркін күрестен есту қабілеті төмен тұлғалар арасында өткен Әлем чемпио­натында (Иран) жасөспірімдер арасында Ғасыр Тұрғанбай – ІІ орын, жастар ара­сында Ғалымбет Молдашев – ІІІ орын, ересектер арасында Ғабит Есжанов пен Нұрсұлтан Дүйсембиев өз салмақ дәре­желерінде ІІІ орындарға ие болды. Сондай-ақ, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесі үшін өткен республикалық турнирде Бейбіт Ыстыбаевтың үшінші мәрте «Қазақстан Барысы» атанып және Рио-де-Жанейро (Бразилия) қаласында өткен ХХХI жазғы Олимпия ойындарында дзюдодан Елдос Сметовтің күміс жүлдеге қол жеткізгені де Жамбыл жерінде осы спорт түрлерінің өте қарқынды дамып жатқанын байқатса керек. Бұл байрақты бәсекеге облыстан 5 спортшы қатысты. Олар – бокстан Олжас Сәттібаев, дзюдодан Елдос Сметов, таеквондодан Руслан Жапаров, жеңіл атлетикадан Михаил Красилов пен Светлана Голендова. Ал Зүлфия Ғабидуллинаның XV жазғы Паралимпиада ойындарында 100 метр қашықтықта еркін жүзуде ел тарихында тұңғыш рет Паралимпиада чемпионы атанғаны бәрімізге белгілі. Жалпы алғанда облыс спортшылары биыл әлем, Азия чемпионаттары мен кубоктарында 71 медальға (оның ішінде 34 алтын, 19 күміс және 18 қола), Қазақстан Республикасы чемпионаттары мен кубоктарында 588 медальға (оның ішінде 203 алтын, 177 күміс және 208 қола) және халықаралық турнирлерде 69 медальға (оның ішінде 28 алтын, 18 күміс және 23 қола) қол жеткізді. Атап айтар болсақ, велоспорттан Азия чемпионатында (Жапония) Дінмұха­мед Ұлысбаев чемпион атанып, Әлем кубо­гының (Швейцария) 2 кезеңінің қорытындысы бойынша ІІ орынға ие болды. Ал қол күресінен интерконтиненталь чемпиондық белбеуі PAL (Professional Arm Wrestling League) үшін жарыста (АҚШ) абсолютті салмақ дәрежесінде Дмитрий Трубин интерконтиненталь чемпионы титулын жеңіп, осы белбеу иегері атанды. Паратаеквондодан мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында ашық Азия чемпионатында (Филиппин) Өмірәлі Нышан жеңімпаз атанды. Ақтөбе қаласында өткен жүзуден ересектер арасында Қазақстан Республикасының чемпионатында 7 қашықтықта Элмира Ибраим-Айғалиева 7 алтын медаль олжалады. Бүгінгі таңда бұқаралық спортты дамыту мақсатында да бірқатар ауқым­ды істер жүзеге асырылуда. Өңірде дене­шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 26,1 пайызға (290,4 мың адам) жетті. Биылғы жылдың қыркүйегіне дейін облыс бойынша 1973 спорттық іс-шара өткізіліп, оған 348 мыңнан астам адам тартылды. Жыл басынан Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай, Қазақстан Президенті жүлдесіне арналған қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» республикалық турниріне ауылдық, аудандық және облыстық іріктеу жарыстары, мектеп оқушылары арасында мектеп лигасы, «Алтын сақа» облыстық турнирі, «Әке, ана және мен» спорттық отбасылық ойындарының ауылдық, аудандық іріктеу жарыстары, облыстық жергілікті әскери басқару органдарының қызметкерлері арасындағы спартакиадасы, Қазақстан Республикасы Судьялар одағының республикалық аймақтық спартакиадасы, Мемлекеттiк қызметшілер күніне орай облыстық спартакиадасы және тағы басқа көптеген іс-шаралар өткізілді. Соның ішінде, әсіресе, «Көше ойындары – 2016» және «Аула ойындары – 2016» облыс чемпионаттарын айрықша атап өтуге болады. Аула ойындары спорттың 5 түрі бойынша өткізілді. Жалпы жарыстың бірінші кезеңіне 13 мыңнан астам спортшы, аудандық, қалалық іріктеу жарыстарына (2-кезеңі) 2,5 мыңнан астам спортшы, ал, облыстық іріктеу жарысына 150-ге жуық жасөспірімдер мен жастар қатысты. Ал көше ойындарының облыс чемпионаты спорттың 6 түрі бойынша өткізіліп, жарыс­тың аудандық іріктеу кезеңіне 1700, об­лыстық іріктеу жарысына 500-ге жуық спорт­шы қатысты. Бүгінде облыста 2016 спорт нысаны бар. Облыс бойынша тұрғындардың спорт­пен жүйелі түрде шұғылдану үшін қол­жетімді 1024 спорт нысаны анықталды. Оның 398-і Тараз қаласында, 626-сы аудандарда орналасқан. Бұл нысандарда тұрғындардың спортпен шұғылдануы үшін арнайы кестелер жасалып, ол жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. Сонымен қатар, сабақтан тыс бос уақытта орта мектептердің спорт залдарын пайдалану үшін Жамбыл облысы әкімдігінің денешынықтыру және спорт, білім басқармалары, Тараз қаласы мен аудан әкімдіктері арасында 3 жақты меморандум жасалды. Демеушілер тарапынан Қордай ауданының Қаракемер ауылында жаңа спорт нысаны есігін айқара ашты. Енді жақында Шу қаласында салынып жатқан спорт нысаны да пайдалануға беріледі. Тараз қаласында 7 стритворкаут көше спорт қондырғылары орнатылды. Қазір­гі таңда облыста мүмкіндігі шектеулі адам­дардың саны 33 643 адамды құрайды, соның ішінде 707 адам немесе 2,1 па­йызы спорттың әр түрімен шұғылдануда. Жалпы алған­да, 2013 жылы құрылған Дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арнал­ған спорт клубы бүгінде табысты қызмет атқарып келеді. Біздің бұл арадағы бас­ты мақсатымыз – тағдырдың ауыр жолы иықтарына түскен мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өмірден өз орындарын тауып, спортпен тұрақты айналысуларына қамқорлық жасау, алған ниеттеріне қолдау көрсету. Спорт клубы ашылғаннан бері уақытта клуб мүшелері жазғы Пара­лимпия және Сурдлимпиялық ойындарында 2 алтын медальді жеңіп алды. Олар жүзуден Зүлфия Ғабидуллина және еркін күрестен Ғабит Есжанов. Әлем чемпионаттарында 1 алтын, 3 күміс, 9 қола медальдарды жеңіп алды. Басқа да халық­аралық жарыстарда, оның ішінде Бүкілдүниежүзілік ойындарында, Еуропа чемпионаттарында, шет мемлекеттердің ашық чемпионаттары мен кубоктерінде 31 алтын, 13 күміс, 11 қола медальді жеңіп алды. Бұл – үлкен жетістік. Облыста 45 спорт мекемесі жұмыс ат­қара­ды. Қазіргі уақытта облыстың спорт мекемелерінде спорттың 43 түрі қамтылған. Бір сөзбен айтқанда, бұл бағытта өңірде мақ­сатты жұмыстар жүргізіп келеміз. Гамлет ҚАЙНАРБЕКОВ, Жамбыл облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы  ТАРАЗ img_5090 img_1371 img_5637 img_4287