29 Қыркүйек, 2016

Бүгін Қазақстанда философиялық конгресс басталады

503 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Бүгін «Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы философиялық-саясаттанулық өлшемде» атты философтар мен саясаттанушылардың халықаралық форумы және «Қазақстан философиясы әлемдік философиялық ой кеңістігінде: тарихы, қазіргі заман, болашағы» тақырыбында ІІ қазақстандық философиялық конгресі өз жұмысын бастайды. Конгресс аясында «Қазақ фило­софия­сы: көне заманнан қазіргі кезеңге дейін» тақырыбында қазақ философиясы­ның теориялық және өзекті мәселелері тал­қыланып, бүгіні мен ертеңіне, тарихи тамырлары мен рухани мәніне көңіл бөлініп, пікір алмасулар жоспарланған. Ежелгі заманнан Еуразия кеңіс­тігінде өмір сүріп келе жатқан қазақтардың бай рухани мұрасы бар. Қазақ фило­софиясының тарихы халықтың рухани тарихымен астасып жатыр. Ол – халқымыздың тарихын жан-жақты түсіну үшін іргелі рухани негіз және әдістемелік тетік. Сондықтан халықтың тарихын, саяси идеологиясын, өнерін, әдебиетін, адамгершілік қағидаларын, діндарлығын және тұтастай алғандағы дүниетанымын пайымдаудан өткізудің қазіргі жаһандану заманындағы өзек­тілігі мол. Шығыстың бай философиялық мұ­расы, оның ішінде қазақ халқының философиялық ойы поэзияда, фольклорда, музыкада, ауыз әдебиетінде, мифологияда, мақал-мәтелдерде, қанат­ты сөздерде жатыр. Әлем мен адамды тану, тұлғаның өмірдегі орны мен рөлін анықтау философиялық және эти­калық тұрғыдан жан-жақты зерделеу­лерге айрықша мән беру – қазақ фило­софиясының ерекше сипаты болып та­былады. Жалпы, қазақ философиясы – Шығыс философиясындағы адамның рухани жетілу, кемелдену, адам болу тұжырымдамасын әрі қарай жалғастыра отырып, оны өзіндік мазмұнмен байытқан даналық көзі. Тарихи үдерісте қазақ философиясы үнемі дамып отырды. Әлеуметтік-мәдени өзгерістер мен тарих сахнасында орын алған жаңа мәселелердің шешімін табу жолында қазақ ойшылдары бір­шама еңбек атқарды. Қазақ хандығы кезеңінде өмір сүрген жыраулардың, би-шешендердің шығармашылығы қазақ философиясының дамуына ерекше үлес қосқан еді. Ақындар мен жыраулар, қолбас­шылар мен батырлар, хандар мен билер, сал мен серілер – бәрі де өздері өмір сүрген заманның объективті құ­былыстарын тілге тиек, ойға өрнек етіп, әртүрлі деңгейде, бірақ жалпы алғанда рухани даму үрдісі шеңберінде қазақ халқының қоғамдық саяси, мәдени әлемін, сайып келгенде, философиялық ойлау жүйесінің құрылымын жасады. Далалық еркін ойлау, гуманистік көзқарастар, зорлық-зомбылыққа қарсы күресу, жеке адамның мәнін іздеу және қазақ халқының прогрессивті да­муын қамтамасыз етіп, қазақ қоғамының зият­керлік тарихының негізін құрады. Ұлттық мемлекетті қалып­тастыру идеясы, ұлттық қажеттіліктердің не­гізінде туындайтын білім болса, ұлттық идеяның білімін қалыптастыратын нағыз зиялылар. Асан қайғыдан бастап бүгінгі күнге дейін жетіп отырған жыраулар идеясының рухы әлі де «Мәңгілік Ел» сияқты ұлттық идеямыздың жандануына бағыт-бағдар берері сөзсіз. Ұлы Дала елінің жыраулары­ның дүниетанымдық ерекшеліктерінің астарында әлемді түсіну, рухани игеру ауқымындағы философия­лық ұстанымдар жатыр. Қазақ халқы­ның философиялық ойлау жүйесінің нағыз жарқын көріністерін айшықтай түсетін Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Ақтамберді, Марғасқа, Жиембет, Бұқар сияқты жыраулардың елді ерлікке, бірлікке шақырған мазмұнды жырлары, отты толғаулары бүгінгі ұрпақ тәрбиесіне, ұлтты рухани қалыптастыру ісіне ат салысатыны анық. Жыраулар шы­ғармашылығындағы жақсыны жаманнан, досты қастан ажырата білу, ар, ұят, адамгершілік, әділеттілік сияқты руханияттың іргелі категорияларына талдау жасалады. Қазіргі тарихи кезеңге дейін елімізде көптеген ғылыми еңбектер жарыққа шықты, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асты, бірақ осы аз уақыт ішінде қазақ философиясы өз деңгейінде толықтай зерттеліп болды деп те айту қиын. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетіне қарасты Философия, саясаттану және дінтану институтының қазақ философиясы бөлімі қызметкерлерінің қатысуымен «Қазақ даласының ойшылдары» топтамасының 4 томы, «Ұлт­тық идея және қазақ философия­сы» ұжымдық монографиясы, сонымен бірге бөлім қызметкерлерінің жеке монографиялары жарық көрді. 2013 жылы жарық көрген «Қазақ руханияты: тарихи-философиялық және этномәдени негіздер» ұжымдық монографиясында қазақ халқының руханиятының қа­лыптасуы мен дамуының тарихи-фи­лософиялық және этномәдени негіз­дері заманауи құндылықтар тұрғы­сынан сараптаудан өткізілді. 2014 жылдан бас­тап қолға алынған «Қазақ философиясы тарихы» (ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейін) 5 томдық іргелі зерттеудің 3 томы жарық көріп, 4-томы биыл баспаға ұсынылып отыр. Халқымыздың тарихи-рухани болмысын қалыптау, мәдени-этностық мүд­делерін іске асыру, қоғамдық-әлеу­­меттік ғылымдардың басты мақ­саттарының бірі болып табылады. Тарихынан көз жазып қалған халықтың дамуы баяу болады, санасы салғырт тартады. Сол тарихтың үлкен бір бөлігі – рухани тарих, ол – адамзат тари­хы­ның айнасы. Себебі, ұлттық ділді, этностың мыңдаған жылдық тарихында қалыптасқан аңыздарды, нышандарды, бейнелерді, ұғымдарды тек шын мәніндегі халықтың рухани тарихын білу арқылы ғана тануға болады. Мұны біз егемен еліміздің тәуелсіз дамуы барысындағы халықтың рухани ұмтылыстарынан анық аңғарамыз. «Қазақстан-2050» Стратегиясында осы мәселе қарастырылды. Жалпы тарихқа, оның ішінде рухани тарихқа ден қоюдың күшейе түсетін себебі, адамдар өткеннен бүгінгі күнге ұқсастықтар іздейді, одан бүгінгі күн мәселелерінің шешімдерін табуға, тәлім-тәрбие, тағылым алуға талпынады. Бүгінгі таңда тәуелсіз елдің сая­си-экономикалық, әлеуметтік-ру­ха­ни ахуалына сәйкес философия өз маз­мұны мен келбетін өзгертеді, ғылыми ізденістердің жаңа дүниетанымдық бағ­дарлары анықталып, басым бағыттары айшықталады. Қазіргі тәуелсіз Қазақ­стан жағдайында отандық философия әлемдік философияның құрамдас бөлі­гі болып табылады. Ол өз бойына әлемдік мәдениеттің, ғылым мен техниканың жетістіктерін жинақтап, жалпыадамзат рухының логикасын танытатын құбылысқа айналғаны абзал. Сонда ғана қазақтың ұлттық философиясы мен әлемдік философия арасында байланыс орнап, зерттеу мен оқыту кең қанат жа­йып, адам санасы мен рухындағы терең астарлар айшықтана түседі. Қазақстандағы қазіргі философияның алдында жаңа әлеуметтік және саяси шындықтың күрделі мағынасын ашу, өтпелі кезеңнің қайшылықтары мен ерекшеліктерін анықтау, тәуелсіз Қазақстанның өркениетті отыз елдің қатарына енуінің мәдени-тарихи алғы­шарттарын байыптау сияқты қиын да күрделі міндеттер түр. Жаңа фи­ло­софиялық білім беру, ғылыми-тех­никалық, ұлттық және мәдени саясатты қалыптастыру мәселелері сана­ның азаматтық қоғам мен нарықтық экономиканың құндылықтарын қа­жет етеді. Жаңа құндылықтарға бағ­дар ұстану Қазақстан дамуының демо­кратиялық жолмен өрбуіне, әлеу­меттік қатынастардың қоғамды біріктіре түсетін құрылысқа айналуына негіз бола алады. Осындай фило­софиялық тұғыр этносаралық және конфессияаралық, әлеуметтік және саяси тұрақтылықтың елімізде нығая түсуіне ықпал етеді.  Жазира ОШАҚБАЕВА, философия ғылымдарының кандидаты, ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институтының аға ғылыми қызметкері Алматы