Сұңғат ӘЛІПБАЙ – Пекиннен.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары өте табысты басталғанын бұған дейін жазған едік. Мемлекет басшыларының кең құрамдағы кездесуінен кейін Қазақстан үшін маңызды болып табылатын сегіз бірдей құжатқа қол қойылғанын да хабарлаған болатынбыз. Бірақ екі жақты негізде қаралатын мәселе мұнымен тәмамдалмаған екен. Жалпы қол қойылған құжаттардың саны айтқанымыздан екі еседей көп болып шықты. Ол құжаттарға Елбасы сапарының барысында ұйымдастырылған екі елдің әр түрлі салалары басшыларының кездесулерінде қол қойылды. Олардың барлығын санамалап келтірмей-ақ қояйық, бәрі де екі ел үшін пайдалы, ел мен елдің арасын жақындастыра түсетін құжаттар. Қытайдың Қазақстанға деген құрметі айқын көрініп тұрды. Екі жақты кездесулер аяқталғаннан кейін ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтао Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне ресми түстік ас берген еді. Оған Қазақстан жағынан делегация мүшелері мен сапар барысындағы біраз жауапты тұлғалар қатысты. Міне, осы тұста да Қазақстан пайдасына орайлас біраз мәселелер оңынан шешілуге қарай бейімделе түсті. «Ақылды көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра», деген ғой атамыз қазақ. Әлем елдерінің ішінен осыған сай келетін қайсысы бар екен деп іздесеңіз, ең көп жасағаны да Қытай, ең көпті көргені де Қытай екендігіне көз жеткізесіз. Іргемізде орналасқан осынау алып елдің өркениет тарихының өзі ең бері алғанда бес мың жылдық уақытты қамтиды екен. Соның ішінде жазуды пайдалана бастағанына 3500 жылдай уақыт болған. Біріне бірі жалғасып жататын Қытайдың хан әулеттері мен бекзадалары өз халқы түлеткен өркениеттің базарында сайрандап, бұл дүниенің жұмағын бастан кешіп жатқан замандарда қазіргі күні кәрі құрлық атанып үлгерген Еуропаның бай халықтары қалың орман ішінде аң қуалап, су жағалап балық аулап, өлместің күнін көріп жатқан болатын. Дегенмен, «дүние кезек» деген атам қазақ. Дүниеде неше түрлі халықтар өмір сүріп жатқан соң заман ауыспай, өркениет өзгермей тұра алмайды. Бұған тіпті өз тарихымыз да дәлел бола алады. Осыдан мыңдаған жыл бұрын Түрік қағандығы тұсында ұлы Қытай мен аты аңызға айналған Византияның арасындағы алып аумақтың тұтқа ұстаушысы болып, Батыс пен Шығыстың басын қосып дәуірлеген тұсымыз болған екен. Екі құрлықтың арасындағы сауда жолын өзінің алып аумағы арқылы өткізіп отырғандықтан, түрік қағандығының халқы сол заманның өлшемімен алғанда, бақуатты тұрмысқа жеткен. Бірақ амал не, тарихта сүрінген тұстарымыз өте көп. Сол Түрік қағандығы екіге бөлінген кезден бастап көп ғасырлармыз, мың жылдық өміріміз ыдыраумен, бөлінумен, шағынданумен өтіп келіп еді десе де болады. Әйтеуір біз тарихи деректерден білетін соңғы 500 жылда Қытай басшылығының біздің елдің басшылығын тең дәрежеде сыйлап, үлкен құрмет көрсеткен тұсы осы соңғы жылдар, соның ішінде дәл осы кездесу болар. Әрине, өз тағдырында қытай халқының да қиындықты бастан кешірген тұстары аз кездеспейді. Дөңгеленген дүниенің бағы мен соры, қуанышы мен қайғысы әр адамнан бастап жаһанды жалпағынан басқан үлкен елдер үшін де ауыспалы болатындығы, бірден бірге көшіп жүретіндігі секілді адамзаттың тарихи жады мен жылнамасында жазылып қалған барлық дәуірлердің даңғайыр үлкен елі Қытайдың да еңкейіп барып еңсе тіктеген кездері жетерлік. Бірақ бұл халықтың бір ұлылығы – еңбек ету қабілетін ешбір жоймағандығы, рухын түсірмегендігі. Қашанда болсын өзінің ішкі қуатын бойында сақтап отыратындығы. Батыста алғашқы болып орныққан капиталистік жүйенің дем бергеніне сүйеніп, Еуропа халықтары алға озған шақта Аспанасты елі әр түрлі себептерге байланысты бұрыңғы рөлінен айрылып, жоқшылық пен кедейшілікке түскенімен, еңбек пен бірлікке, тәртіпке негізделген бай мәдениетін сақтап қалды. Қазір сол мәдениетінің арқасында қайта түледі. ХХ ғасырдың басында өзге елдердің тәжірибесі мен үлгісін алып, жаңа заман орнату жолында біраз экспериментке түскен ел өз тарихының шындығына, өз даналарының қағидаларына сүйенгенде барып қайта ес жиып, дамудың даңғылына қарай бет алды, ХХ ғасырдың төртінші ширегінен бастап, дүниені дүр сілкіндіре бастады. Қазіргі Қытайдың даму деңгейі әлемдік деңгейде сыры әлі толық ашылып болмаған ерекше феномен құбылыстардың бірі болып табылады. Осы ретте «әр мемлекеттің алдағы болашағы оның өткен тарихымен тығыз байланыста болады» деген қағидат қазіргі Қытай жағдайын айқын ашып тұр деп есептейміз. Қытай реформасының атасы Дэн Сяопин: «Біз енді дұрыс жолдамыз, халық бұған қуанышты. Біздің саясатымыз өзгермейді. Ал егер өзгеретін болса, онда тек жақсылық жағына ғана өзгереді. Сыртпен қатынасты кеңейту саясаты бұрынғыдан да икемді бола түседі. Бұдан біздің жолымыз жіңішкермейді, ол барған сайын кеңейе береді. Тар жолдың қандай болатындығын біз басымыздан асыра көрдік, сондықтан оған оралмаймыз. Егер артқа қарай қайтадан бұрылатын болсақ, қайда барарымыз тағы белгілі. Онда бізді тек кедейшілік пен артта қалушылық қана күтіп тұр», деген еді 1983 жылдың 18 шілдесінде өткен ғылыми-техникалық экономика жөніндегі Пекин форумына қатысқан шетелдік мамандар алдында сөйлеген сөзінде. Міне, осы саясатты Ху Цзиньтао бастаған Қытайдың қазіргі басшылығы лайықты жалғастырып келеді. Соның ішінде Қытай дәл осы сапар барысында Қазақстанға да ашыла түсетіндігін айқын аңғартты. Ал мұның өзі еліміздің экспорттық әлеуетін қазіргіге қарағанда арттыра түсудің жаңа мүмкіндіктері пайда болады деген сөз. Оның үстіне, біздің қолымыздағы деректерге қарағанда, өткен жылдың желтоқсан айындағы мәлімет бойынша, Қытайдағы ішкі жалпы өнімнің жан басына шаққандағы үлесі 4 мың долларға жеткен екен (ал бізде былтыр 9 мың долларды құрағандығы белгілі). Мұның біз үшін қуанышты жағы – бұрын сырттан жаңа технологиялар сатып алғаны болмаса, негізінен тек экспорт мәселесімен ғана шұғылданып келген Қытай енді бірте-бірте импорттаушы елге де айнала бастамақ. Өйткені, халықтың тұрмыс жағдайының түзелуі оның сатып алу қабілетін арттырады. Елге, әсіресе, азық-түлік жағынан көптеген өнімдер қажет болады. Осы жағдай экспорт-импорт операцияларында импорт жағының салмағын ауырлата түседі. Бұл жеке біздің болжамымыз емес. Интернеттегі орысша нұсқасын сүзіп шыққанымызда, Қытайдың басты газеті «Жэньмин жибао» да осылай жазған екен. Міне, осындай тұста екі елдің арасындағы аралас-құраластықтың артуы Қазақстан үшін пайдалы болары сөзсіз. Жалпы, Қытай әлеуетінің артқандығы, елдің жаңа технологияға ие болып қана қоймай, оны енді өз бетімен жетілдіре түскендігі Қазақстан басшысының Тяньцзинь қаласына сапары барысында анық көрінді. Шет мемлекеттерге барған кезде тек келіссөздер жүргізіп қана қайтпай, сонымен қатар, сол елдегі жаңалықтар мен жаңа технологиялармен танысып, оларды Қазақстанға тарта жүретін Нұрсұлтан Әбішұлы делегация мүшелерімен бірге Пекин мен Тяньцзинь қалаларының арасына қатынайтын жоғары жылдамдықтағы ұшқыр пойызға отырды. Пойызға отырардың алдында Пекиннің «Оңтүстік» темір жол вокзалының жұмысымен танысты. Нұрсұлтан Назарбаевты вокзалдың жұмысы және ерекшеліктерімен ҚХР Темір жол министрлігі партия ұйымының хатшысы Шэн Гуанцзу мен «Қазақстан темір жолы» АҚ президенті Асқар Мамин таныстырып, арнайы ілінген стендті аралатып көрсетті. Пойыз расында да жүрдек екен. Вокзалдан шыға салысымен сағатына 200 шақырымдық жылдамдықты ұстады да онан кейін жүрісін үдете түсті. Қаладан шыға бере сағатына 250 шақырымды алды. Онан кейін 350 шақырымға жеткізді. Шамасы, жол қауіпсіздігінің ыңғайына ма, жоқ әлде қарсы бағытта ұшырасып қалатын пойыздың ыңғайына байланысты ма екен, көбінесе сағатына 280-330 шақырым аралығындағы жылдамдықпен жүріп отырды. Оны көрші вагондағы біздер, журналистер қауымы, вагондағы таблодан көріп отырдық. Шамасы, «жер танабын қуырған» деп осындай пойызды айтуға болар. Оның жүрісімен салыстырғанда темір жолдан 500 метрдей қашықтықта қатарластыра салынған автокөлік жолының үстіндегі небір жүрдек жеңіл көліктердің жүрісі тасбақаның қозғалысындай ғана болып қалады екен. «Пекин-Тяньцзинь» халықаралық темір жол учаскесі – рельс түріндегі жоғары жылдамдықтағы темір жол магистралінің алғашқы тармағы. Темір жол құрылысын жүргізгенде техникалық жағынан күрделі бірқатар инновациялық жобалар орындалған, соның ішінде жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ұзындығы 500 метрлік рельстің жаңа түрін төсеу технологиясы қолданылған. Аталған учаскені сынақтан өткізу кезінде CRH-3 ұшқыр локомотиві сағатына 394 шақырымға дейінгі жылдамдықты көрсеткен. Иә, уақыт пен кеңістік атты ұғымымызға осы жолдың бойында үлкен өзгеріс енгендей әсерлендік. Пекиннен 130 шақырым жердегі Тяньцзинь қаласына бар болғаны жарты сағаттың ішінде жетіп келдік. Қазақстан басшысы мұнда Тяньцзинь қаласының басшыларымен кездесіп, қаланы дамытудың бас жоспарымен танысты. Аталған қалада оған кіретін айналасындағы елді мекендерді қосып алғанда 11 миллионға тарта адам тұрады екен. Қала Қытайдың ең бір өнеркәсіпті өңірлерінің бірі болып табылады. Тяньцзиннің қалалық бөлігі көлемі жағынан құрлықтағы Қытайда үшінші орында тұр. Мұнда мұнай-химия кешені, тоқыма өнеркәсібі, металл өңдеу, мәшине жасау салалары жақсы дамыған. Сонымен қатар, соңғы бірер жылдан бері «Эйрбас» ұшағын құрастыруға кіріскен. Қаланың танысуға лайық үлкен бір ерекшелігі ретінде мұнда эко-сити экологиялық жобасының қолға алынғандығын айтуға болады. Осы жоба бойынша оның жасыл желек жамылған қалаға айналатындығы өз алдына, сонымен қатар, қаланың жеті белдеуден тұратын, әр белдеудің қайта қайталанбайтын өзіндік үлгісін қалыптастыру мәселесі қарастырылуда екен. Мұнда болашақта қабырғалары қозғалатын, су мен жасыл желек ортасындағы үйлер салынбақ. Қала басшылығы Қазақстан Президентін осы жоба жайымен таныстырды. Дегенмен, қаланың қазіргі жағдайында біздің Астананың көркі одан артық болмаса кем емес екендігін аңғардық. Қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен сапардың қорытындысы туралы өткізілген брифингте Президент Нұрсұлтан Назарбаев бұл мемлекеттік сапардың Қазақстан үшін барлық жағынан пайдалы болып, ынтымақтастыққа жаңа серпін бергендігін атап өтті. «Тәуелсіздігіміздің 19 жылы ішінде біз Қытай жағымен бірлесіп қажырлы еңбек еттік және біздің қарым-қатынастарымызды нығайту үшін көп істер атқарылды», деген Елбасы Қытаймен бірлесіп салынған «Атасу – Алашаңқай» алғашқы темір жол өткелі бүгінде жылына 15 миллион тоннаға дейін жүк тасымалын қамтамасыз ететіндігін айтты. Биылғы жылы дәл осындай «Қорғас – Алматы» екінші өткелінің құрылысы аяқталмақ. Ол жүк тасымалын Қытайдан Орталық Азияға, сондай-ақ Иран арқылы Парсы шығанағына тасымалдауға мүмкіндік туғызады. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомобиль жолы салынуда. Оның бітуін Қытай жағы асыға күтіп отыр. Сонымен қатар, Қорғаста бірегей нысан – халықаралық сауда орталығы салынуда. Елбасы, сондай-ақ сапар барысында жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде «ENRC» компаниясы Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігін одан әрі дамыту үшін 1,5 миллиард АҚШ долларына ие болғандығын, «Қазақмыс» компаниясы ҚХР үшін жеткізілетін концентраттарды өңдеу жобасына қаражат алғандығын мәлімдеді. Нұрсұлтан Әбішұлы ядролық энергетика саласындағы ынтымақтастық жөнінде қабылданған құжаттың маңызын да ерекше атап өтті. Қазіргі күні Қытайда 19 ядролық блок салу мәселесі шешілген. Таяу болашақта оның тағы да 25-ін салу жоспарда тұр. Бұл жағдай әлемдік деңгейдегі ірі уран тұтынушысының іргемізден пайда болғандығын білдіреді. Алдағы уақытта Қазақстан Қытайдың уран отыны жөніндегі сұранысының 40 пайызына дейінгі мөлшерін қанағаттандырады. Мұның өзі елімізге ондаған миллиард доллар кіріс кіреді деген сөз. Ал болашақта бұл саланың пайдасы мұнай мен газдан кем болмауы да мүмкін. Қазақстан басшысы Астанада Қазақстан-Қытай суперкомпьютерлік орталығын құру жөнінде уағдаластықтар жасалғандығын айтты. Бұл жобаның мәні зор. Өйткені, қазіргі уақытта Қытай технологиясы алға шығып, ертеңгі күннің технологиясына айнала бастады. Сондықтан Қазақстанда инновациялық бағдарламалау мен Қытай инновациясын енгізуді оқытатын Қазақстан-Қытай университетін ашудың қажеттігі пайда болуда. «Біз осы жолы Қытай жағымен алғаш рет шикізаттық емес саланы дамыту жөніндегі ынтымақтастық туралы келісім қабылдадық. Бұл – біздің үлкен олжамыз», деген Елбасы 1 миллиард АҚШ долларына дейінгі қаражаты бар бірлескен қор құрылатындығын айтты. Ол қор Қазақстанның пайдасына жұмыс істеп, индустриялық-инновациялық бағдарламаны жүзеге асыруға үлес қоспақ. Бұл – өте тиімді келісім-шарт. Сапардың нәтижелері туралы айта келе, Елбасы Қытайдың жоғары басшылығымен өткен келіссөздер және сапар қорытындысы өте жемісті болғандығын атап өтті. «Қытай Халық Республикасы Қазақстан Республикасын сенімді көрші, стратегиялық әріптес ретінде көреді. Бұл – біз үшін өте маңызды. Өз экономикасының дамуы үшін Қазақстан ұлан-байтақ рынокқа ие болуы керек. Мұндай рынок ҚХР-да бар. Яғни, 20 млрд. долларды құраған тауар айналымы қарым-қатынастың шегі емес және ол жедел өсу бейімділігін көрсетіп беріп отыр», деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сөзінің соңына таман Қазақстан басшысы кешегі күні қол қойылған трансшекаралық өзендер суын бірлесіп қорғау туралы үкіметаралық келісімнің үлкен мәні бар екендігін, мұндай келісімге, яғни Ертіс пен Ілені қорғау мәселесіне біздің еліміздің ұзақ жылдардан бері ұмтылып келе жатқандығын, енді бұл істің де сәтті шешіле бастағандығын, аталған мәселені одан әрі тереңдету ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтаоның үстіміздегі жылдың ортасында Қазақстанға сапары кезінде қарастырылатындығын айтып өтті. «Біз посткеңестік кеңістік елдері ішінде Қытайдың Ресейден кейінгі екінші экономикалық әріптесіне айналдық. Қазақстан үшін Қытай – өте тиімді баламалы рынок және біздің тауарларымыздың халықаралық деңгейге шығу жолы. Өз кезегінде Қазақстан да осындай көпір міндетін атқара алады. «Астана – Алматы» жоғары жылдамдықтағы темір жол магистралінің құрылысы тәрізді жобалар үдемелі экономикалық дамуымызға үлкен мүмкіндік туғызатын болады. Бұл – өте үлкен жоба және біз оны қолға алмақпыз», деп түйіндеді сөзін Қазақстан Президенті. Сонымен, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытай Халық Республикасына жасаған бұл жолғы мемлекеттік сапары қай жағынан алып қарағанда да маңызы зор сапар болды. Оның нәтижесі көп өтпей-ақ сезіле бастайды деп сенеміз. Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.Алматы облысында үш ауысымды мектептердің мәселесі қалай шешіліп жатыр
Аймақтар • Бүгін, 15:55
Президент энергетиктерді марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды
Президент • Бүгін, 15:20
Қосшыда қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару тарифі төмендетілді
Оқиға • Бүгін, 15:11
Ауыл – біздің мәдениетіміз бен дәстүріміздің негізі - Ерлан Қошанов
Аймақтар • Бүгін, 14:34
Президент Қаратал ауданының қорғаныс істері бөліміне барды
Президент • Бүгін, 14:09
Қызылордада 504 отбасы баспаналы болды
Аймақтар • Бүгін, 13:24