Маңғыстаулық кикбоксшылар Ресейдің Анапа қаласында кикбоксингтен жастар мен жасөспірімдер арасында өткен Әлем Кубогынан табысты оралды. Ұзын саны 12 атлеттен құралған топ 8 медальды қанжығаларына байлай келді.
Ағайынды жаттықтырушылар Есемұрат және Төремұрат Селиковтердің шәкірттері 27 елдің 830 спортшысы қатысқан аламанда еселерін жібере қоймапты. Бір алтын, екі күміс және бес қола медаль еншіленген олар Маңғыстауға көңілді оралды.
Алтын медальді иеленген Жұбатқан Сайынов 84 килограмға дейінгі салмақта жеңіп алған.
– Біз соңғы төрт жыл бойына чемпиондық титулды ұтып алып жүрген Жасұлан Нежимов, Нұрболат және Бекжан Жайлаубаевтар, Ахмет Нәбиев сынды атлеттерімізді мақтан етеміз. Биыл бұл қатарға енді Жұбатқан Сайынов қосылды. Анападан әкелген жүлдемізді еліміздің Тәуелсіздік мерекесіне арнаймыз, – дейді облыстың кикбоксинг құрамасының бас жаттықтырушысы Е.Селиков.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы