2016 жылғы 9 қыркүйектегі Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы және 13 қыркүйектегі Үкімет отырысында Премьер-Министр Ауыл шаруашылығы министрлігі алдына ауқымды мақсаттар мен бірқатар міндеттер қойған болатын. Бұл міндеттемелер кеше Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі А.Мырзахметовтің төрағалығымен министрліктің өңірлермен бейнебайланыс режіміндегі алқа мәжілісінде кеңінен талқыға түсіп, оларды жүзеге асырудың жол картасы жасалды.
Біріншіден, жүзеге асырылып жатқан «Агробизнес-2020» бағдарламасы негізінде агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы әзірленетін болады. Жаңа бағдарлама АШМ желісі бойынша ауылшаруашылық өнімдері мен азық-түлік өндірісіне қолдау білдіруді ғана емес, өзге де салалармен сабақтасқан мәселелерді қамтиды.
Сондай-ақ, бағдарламаны бекіту аясында АӨК-ті субсидиялау жүйесіне бірқатар түзетулер енгізу жоспарлануда. Өсімдік шаруашылығында бұл тармақ егін алқаптарын, оның ішінде, бидай алқаптары құрылымын әртараптандыруға қатысты. Ал мал шаруашылығында тәуекелі аз, жеммен қамтамасыз етілуі оңай орта және шағын шаруашылықтарды қамту және жайылымдық мал шаруашылығы әлеуетін пайдалану мүмкіндіктері қарастырылуда.
Сонымен қатар, «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-тың несиелеу саясаты қайта қаралатын болады. Атап айтқанда, бұл АӨК субъектілерін қамту аясын еселей түсетін орта және шағын жобаларға қатысты.
Екіншіден, жаппай кәсіпкерлікті дамыту жұмысын жандандыру үшін ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту және жеке қосалқы шаруашылықтар әлеуеттерін қолдану арқылы кәсіпорындардың қайта өңдеу қуаттарын жүктеу шаралары қолға алына бастады. Бұл ауылшаруашылық өнімдерін өндіру мен жылжытуды орталықтандыру үшін жасалуда.
Құрылатын ауылшаруашылық кооперативтері сүт, ет, жемістер мен көкөністер, жүн мен тері әзірлеумен, сондай-ақ, омарташылық, құс шаруашылығы, тауарлы балық шаруашылығы және АӨК-тің басқа да бағыттарымен айналыса алады.
Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту шараларын іске асыру арқылы 3 жылда тауарлық өндіріске 226 мың ЖҚШ тарту және 70 мыңнан аса жұмыс орнын ашып, қайта өңдеу кәсіпорындарының жүктелімін кемінде 20%-ға арттыру көзделуде.
Бүгінде 448 ауылшаруашылық кооперативі құрылып үлгерді және олар үшін арнайы салықтық режімді іске асыру барысында жердің болуы талабын жою бағытында жұмыстар жүргізілуде.
Үшіншіден, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімін беру мәселесі қаралды.
Кеңейтілген отырыста Мемлекет басшысы «Нұрлы жер» бірыңғай тұрғын үй құрылысы бағдарламасын әзірлеуді тапсырған еді. Онда ЖТҮҚ үшін 10 сотық жер телімін бөлу мәселесі қозғалады.
Бұл мәселені шешу үшін Жер кодексіне әкімдіктерге мемлекет қажеттілігіне ЖТҮҚ үшін жер телімдерін сатып алу мүмкіндігін беру бойынша өзгеріс енгізу көзделуде.
Айталық, кезекте тұрған азаматтардың тізімін жүйелеу және екі рет тегін жер телімін алу жағдайларын болдырмас үшін «Электронды үкімет» порталында бірыңғай кезекте тұрған азаматтар реестрін құру жоспарлануда. Бұл жер телімдерін беру тетіктерін жетілдіріп, ел аумағында өтінімдердің бір формасы арқылы арнайы есеп жүргізуге және ағымдағы есепті өзектендіруге мүмкіндік береді.
Төртіншіден, 2016-2017 жылдары экономикалық өсімді ынталандыру және жұмыспен қамтамасыз ету жоспары аясында биылғы жылы министрлікке 97 млрд теңге көлемінде қосымша қаржы бөлінді. Бұл қаражат алға қойылған міндеттерді орындау және өндіріс тиімділігін арттыруға бағытталған. Министрліктің міндеті – аталған бюджет қаражатының тиімді игерілуін қамтамасыз ету.
Сондай-ақ, жиын барысында суармалы жерді 600 мың гектарға ұлғайту және олардың инфрақұрылымын жетілдіру мәселелері сөз болды.
Бесіншіден, 2016 жылы жануарлардың аса қатерлі ауруларына қатысты эпизоотиялық жағдай жекелеген инфекциялардың таралуын есептемегенде, қалыпты күйде және бұл бағытта тұрақтылық бар. Мысалы, жыл басынан бері жануарлар ауруларының 95 ошағы тіркелсе, олардың 42-сі дереу жойылып, жергілікті атқарушы органдар шешімімен жабылды. Ал қалған 42 ошақта нұсқаунамаға сәйкес ветеринарлық-карантиндік іс-шаралар жүргізілуде. Сонымен қатар, тіркелімге алынған бруцеллезді 109 пунктте сауықтыру жұмыстары жүргізілуде.
Жиын соңында Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі А.Мырзахметов отырыс барысында айтылған мәселелерді қорытындылай келе, алдағы уақытта АӨК-ті жаңа деңгейге көтеру бойынша бірқатар тапсырмалар берді және де олардың орындалуы қатаң бақылауда болатынын ескертті.
Мереке ТАҢАТАРОВ