30 Қыркүйек, 2016

Дендропаркке қолдау қажет

463 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
burabay-ulttyk-sayabagyЖоғарғы палатаның кешегі жалпы отырысында сенатор Ж.Ерғалиев жасаған депутаттық сауал назар аудартты – Құрметті Жабал Ерғалиұлы, «Бура­бай» курортты аймағына байланысты Сенат­тың жалпы отырысында Үкімет бас­­шысы Бақытжан Сағынтаевтың атына жол­­даған сауалыңызға не түрткі болды? – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бурабай» ұлттық саябағының қызметі туралы берген сұхбатында «Бурабай – Қазақстанның інжу-маржаны. Мұнда болғанда ән айтпау, шабыттанбау мүмкін емес» дей келіп, Астана мен Бурабай аралығындағы орман алқаптарын біріктіру міндетін алға қойғандығын және оның орындалып келе жатқанын айтқан болатын. Міне, осы маңызды шараларды жүзеге асыруға айрықша үлес қосып келе жатқан Бурабай ауданындағы Қазақ орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мен агроорманмелиорация шаруа­шылы­ғы­ның дендрологиялық паркі. Мен осы ұйым­дар­дың соңғысының бүгінгі мүшкіл халіне Үкі­меттің назарын аудардым. – Оның қызметі туралы шағын анық­тама бере кетсеңіз? – Елбасы Н.Назарбаев 2007 жылы осы дендропарктің жұмысымен танысып, Астананың жасыл белдеуін қалыптастырып жатқан кезде жас өскіннің түрі мен тегін, аудан­дастырылуын, сұраныстағы тұқым дайы­ндауды және оған қатысты ғылыми негіз­демелер мен ұсыныстарды басшылыққа алу керектігін айтып, осыған байланысты мін­дет­темелер жүктеген. Президенттің осы тапсырмалары ойдағыдай орындалып келеді. Астананың «жасыл белдеуінің» аумағында негізінен бурабайлық ғалымдардың жаңа патенттерімен өсірілген бағалы ағаштары, сая­лы өскіндері жайқалып тұр. Сондай-ақ, дендропарк өсімдіктерді сақтап қалу, жерсіндіру жолындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізудің, экзотикалық, техникалық, азық-түліктік, емдік және декоративті өсімдіктердің түр-түрлерін сақтап, өсіріп, таратудың бірден-бір базалық орталығы болып отыр. Жалпы аумағы 31 гектар болатын оның коллекциясында бүгінгі күні Солтүстік Америка, Еуропа, Қиыр Шығыс, Жапония, Қытай және т.б. елдер мен аймақтардан әкелінген өсімдіктер мен ағаштардың 2 мыңнан артық түрлері мен сорттары бар. – Тамаша екен ғой. Енді соның қандай проблемасы бар? – Осы тамаша дүниені одан әрі жақсарта түсу мен сақтауға алаңдаушылық білдіріп, қажетті қаражат бөлуді сұраған дендро­парк басшылығының өтініш-тілектеріне Ауыл шаруашылығы министрлігі мен бұрынғы Қазақ агронавигация қолдау білдірмей отыр. Ғалымдарымыздың ұзақ жылдар бойғы ең­бегінің нәтижесінде құрылған кешен бар­ған сайын маңыздылығын жоғалтып, құл­дырап барады. Адамдар үшін жаппай демалысты ұйымдастыру деңгейінің төмен болуының кесірінен жабайы туризм етек алып, қоршалмаған орманның аума­ғы­нан демалушылар жаңа отырғызылған көшет­­терді қазып алып, жеміс-жидек, гүл, емдік өсімдіктер мен олардың тамырларын бақылаусыз жинау сияқты келеңсіз істерге жол беріп жүр. Соңғы 20 жылдан бері коллекциялық өскіндерді өсіруге, оларды күтіп-баптауға қаржы бөлінбей келеді. Республикалық бюджеттен тек бюджеттік ғылыми бағдарламалар аясында жүргізілетін ғылыми-зерттеулерге ғана қаржы бөлінеді. Бұл қаражат дендропарктің, арборетумның ғылыми-тәжірибелік нысандарын ұстауға жетпейді. Ал түрлі ағаштар мен бұталар өсіріліп жатқан мұндай тәжірибелік нысан­дардағы өсімдіктерді ұдайы күтіп, жаңар­тып, жаңғыртып отыру үшін ол тұрақ­ты түрде қаржыландырылып тұруы керек. – Сонымен Премьер-Министрге осы істер үшін нақты қанша қаражат бөліну керек екенін айттыңыз? – Қазақ орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мен агроорманмелиорация шаруашылығының дендропаркі мен арборетумын талапқа сай күтіп, ұстап тұруға жыл сайын 22 млрд 553 млн теңге, ал дендропарк пен арборетумның нысандарын көріктендіруге 69 млрд 101 млн теңге есептелінгенін, осы қаражатты бөлу мәселесінің оң шешілуін сұрадым. Мемлекет мүддесі үшін қажетті осынау қаражат уақытында бөлінер деген үміттемін. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»