Тұңғыш қазақ азаматының ғарышқа шығуының 25 жылдығы қарсаңында «Қазғарыш» төрағасының кеңесшісі, ҰҒА академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор Мейірбек МОЛДАБЕКОВТІ әңгімеге тартқан едік.
– Мейірбек Молдабекұлы, Қазақстанның ғарыш саласында ұзақ жылдар жемісті қызмет істеп келе жатқан сізді қазақтың тұңғыш ғарышқа ұшқан күнімен құттықтауға болатын шығар?
– Әрине, әрине, мені ғана емес, бүкіл қазақстандықтарды, күллі Қазақ елін ол күнмен құттықтауға болады. Ол күн әлемге біз Тоқтар арқылы қазақ деген ел бар екенін, ол елдің жоғары техниканы меңгерген әрі ержүрек азаматы бар екенін әлемге таныттық. Қазақ үшін ерекше күн.
– Қазақстан 2 қазанды өзінің Ғарыш күні деп атауына бола ма? Әлде ол күнді бөлектеу бұл сала үшін міндетті емес пе?
– Қазақстанда ғарыш күнін атау шарт емес. Неге десеңіз, біз дүние жүзінде ғарышты бірінші болып игерген жоқпыз. Екіншіден, Дүниежүзілік авиация және ғарыш күнін атап өту бар, ол – Гагарин ғарышқа ұшқан12 сәуір.
– Қазақ қоғамы еліміздегі ғарыш саласы туралы әңгіме қозғалса, алдымен «KazSat» туралы еске алады. Ол да тектен тек емес, еліміздің ғарыш саласы үш ғарышкермен шектелмейтіні анық. Сол себепті де Қазақстанның мүддесі үшін орбитада ұшып жүрген Жер серіктерінің бүгінгі жай-күйі туралы айтып берсеңіз?
– Ең соңғы ғылыми ғарыштық инфрақұрылымда Қазақстан Тәуелсіздік алған 25 жылдың ішінде бірқатар жетістіктерге жетті. Оған тек қана «KazSat» байланыс жүйесі ғана кірмейді, мәселен, қазір бізде Жерді ғарыштан зерттейтін, былайша айтқанда, суретке түсіретін KazEOSat ғарыштық жүйеміз бар. Үшінші жүйе – ғарыштық навигация қызметі. Ол да өз жемісін беру үстінде. Сонымен қатар, біз қазір ғарыш аппаратын жобалап қана қоймай, жасап құрастыратын, сынақтан өткізетін жүйенің құрылысын салып жатырмыз.
– Ғылымның озық саласы ғарыш әлемін игеру орасан қаражатты талап ететіні белгілі жайт. Сіз айтып отырған маңызды жүйелерден белгілі бір мөлшерде елімізге келіп жатқан пайда, қайтарым бар ма?
– Өте жақсы сауал, жауап беріп көрейін. Өткен жылы әлгі айтқан KazEOSat Жер серігі еліміз үшін 10 миллиард теңгенің қызметін атқарды. Биылғы 8 айдың ішінде 7 миллиард теңге табыс әкелді. Осының бәрі –сыртқа кетпей, Қазақстанның мүддесі үшін, еліміздің бюджет қоржынында қалған қаражат. Осы арада навигациялық жүйенің жүздеген миллионға қызмет етіп жатқанын да алға тартар едім. Біздің қызметіміздегі бір кемшілігіміз шығар, жасап жатқан қыруар еңбегіміз бен қол жеткен табыстарымыз туралы қоғамды мейлінше аз құлақтандырамыз.
– Бәлкім, ол мемлекеттік құпия шығар?
– Жоқ, ол ешқандай да мемлекеттік құпия іс емес. Өйткені, жүзеге асып жатқан ауқымды бұл жобалармен, атқарылып жатқан іспен біз әлем елдері алдында атағымызды шығаруды мақсат етіп отырған жоқпыз, біз ең бірінші еліміздің экономикалық қуатын күшейту үшін қызмет етудеміз.
– Әлемдік ғарыш мемлекеттері арасындағы ғарыштық Қазақстанның алар орны?
– Мәселен, тұрмыста автомобильді пайдалану мәселесінде үш деңгей бар: біріншісі – такси шақырып, сол көліктің қызметін пайдалану. Екінші деңгей, көлікті өзің сатып алып жүргізіп, жұртқа қызмет ету. Ал үшінші деңгей, сол автомобильді өз еліңде жасап, өзің жүргізіп, қызметін көру. Сол секілді ғарыш саласындағы бірінші деңгейге әлемдегі барлық елдің қатысы бар, ал екінші деңгейдің талабы – ғарыш техникаларын сатып алу арқылы еліне қызмет көрсету. Бұл салаға әлемнің 40 шақты елі ғана араласып отыр. Қазақстан Республикасы ғарыш саласында үшінші деңгейге қадам басты. Яғни, ғарыш техникасын өз қолымызбен құрастырып жасап, өзіміз басқарып, ел мүддесі үшін қызмет етуді бастап жібердік. Ол үшін біз арнайы ғылыми жобалар мен арнайы технологиялық конструкторлық бюро ашып, тіпті арнайы зауыт салып жатырмыз. Мұндай деңгейде қызмет атқарып жатқан дүние жүзінде 12-ақ ел бар. Мұндай сипаттағы белгілер, қарапайым тілмен айтқанда, ол елдерде ержүрек қана емес, ақылы асқан, ғылымның соңғы жетістігін игерген азаматтар тұратынын көрсетеді. Оған қосымша, қаншама ғарыштық техниканы өз қолымызбен жасап жатырмыз.
– Істеріңізге сәттілік тілейміз Мейірбек Молдабекұлы. Қазақстанның төл ғарыш мерекесі тағы да құтты болсын!
Әңгімелескен
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ