Көрнекті қазақ жазушысы Ғабит Мүсірепов сұлулыққа бергісіз сүйкімділік болатынан айтқан екен. Бұл бейнелі сөз қазақ тілі пәнінің мұғалімі Рауза Ерқанқызы Тоқтароваға да қаратып айтқандай әсерге бөлейді. Білікті ұстаздың сабақ тақырыбын таңдауынан да, балалармен қарым-қатынасынан да, қысқасы әр сөзінен шынайылық байқалады. Негізі шынайылықты еш адам қолдан жасамайтын да болуы керек, сірә. Бұл әр адамның бойында туа қалыптасатын адалдықтың, еңбекқорлықтың, сұлулыққа, өмірге ынтызарлықтың, ішкі мәдениеттің ерекше үйлесімі болса керек. Ол туралы, әрине, біздің кейіпкеріміз ойланып та көрмепті. Ал бала – ең қатал сыншы.
Рауза Ерқанқызы бала ойының тамыршысы секілді. Ол сыныпқа кіргенде оларды қандай тақырып, не туралы сөз қозғау қызықтыратынын білгісі келеді. Кейде мұны жалпы мектептегі оқушылардың өзара сөзінен де қағып алып, бір бүйіріне сақтап қоятыны бар. Ол бұл жолғы сабағын фитнес тақырыбына арнады. Сабақты таза қазақ тілінде жүргізді. Бұл әдістеме балалармен келісілген. Тіл құлақтан кірмесе, жүрекке қайдан жетпек? Алдымен баланың тілдің дыбысталуына, мақамына құлағы үйренуі тиіс. «Фитнес» – бүгінгі күні үлкеннің де, кішінің де қызығатын тірлігі. Қалада ақылы клубтар да жетеді. Біреу арықтау үшін барады, жастар бұлшық еттерін жетілдіріп, өзінің сымбатын қалыптастыру, сергек жүруі үшін барады. Мұғалімнің таңдаған тақырыбы көкпаршылар тартатын серкеш секілді, ортаға тастасымен балалар дуылдатып алып кетіп, жүндей түтеді. Алдымен олардың әрқайсысының фитнес туралы пікірі бар, оны қазақ тілінде айтып жеткізуі тиіс. Қазақ тілін таза сөйлеуі үшін әр оқушы оның грамматикасын сақтауы керек, тіпті оған жүгініп те отырады.
– Оқушыларға тақырыптың ұнағаны сондай, олардың әрқайсысы пікірін қазақ тілінде жеткізу үшін керемет ізденістерге барды. Әр бала өзі үшін әдістеме ойлап табады десем, өтірікші болмаспын. Орыс мектебі болғандықтан мұнда білім алатындар да негізінен өзге ұлттардың балалары. Сыныпта әркім әлі келгенінше тілін бұрап, қазақша сөйлеп жатады. Қазақ тілінің патшалығы орнағандай, өзім рахаттанамын. Сабаққа бөлінген 45 минут ылғи аздық еткендей болады, – дейді Рауза Ерқанқызы.
Адам өмір бойы үйренуі тиіс деген қағиданы ұстаз пір тұтады. Өйткені, ол өз басында бар. Рауза Ерқанқызы – орыс тілінің мұғалімі. Қарасу ауданының Май деген ауылындағы орыс мектебінде оқыды, Қостанай мемлекеттік педагогика институтының орыс филологиясы факультетін бітірді. Орыс мектебінде орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берді. Бір күні ол қызмет істеп жүрген №16 орта мектептің Флоренц Валгепеа деген директоры мұны кабинетіне шақыртып алды.
– Рауза Ерқанқызы, сіз енді қазақ тілі пәнінен сабақ бересіз, – деді төбеден тарс ұрғандай.
– Флоренц Рихардович, не айтып тұрсыз? Мен, мен... – Рауза Ерқанқызы тұттығып қалды. – Қазақ тілінен сабақ беру үшін қазақ тілін жетік білуі керек емес пе? Грамматикасын қалай түсіндірмекпін? Ал директор мұның ойын оқып қойғандай, «Сен қазақсың ғой? Өз ана тіліңді білмейсің бе?» деді. Сосын «Маған орыс тілі пәнінің мұғалімін табу бес минуттық іс, ал қазақ тілі мамандарын шам алып жүріп таппайсың. Қазақ тілі пәні сабағының сағаты көбейіп жатыр», деді сөзінің соңын жұмсартып. Директордың соңғы сөздері Раузаның құлағына кірген де жоқ, ол намыстан жарылардай болып тұрған.
– Қазақты өлтіретін де, өсіретін де намыс екенін менің жүрегіме жеткізген Флоренц Рихардовичке қазір ризамын. Мен сол жолы оның бөлмесінен тастүйін болып шықтым. Тілді меңгеру үшін дамылсыз күндер мен ұйқысыз түндер өтті ғой. Алғашқы кезде салт етістік пен сабақты етістікті ұмытып қалмау үшін, әжемнен бала күнімде естіген «салт атты жолаушы» деген сөзді қайталайтынмын, – дейді Рауза Ерқанқызы.
2008 жылы «Озат» дарынды балалар мектебі ашылғанда оның директоры Николай Колоди оны таңдаулы мұғалімдер қатарында қызметке шақырды. Бұл білім ошағының талабы бойынша оқушылар жыл сайын қалалық, облыстық, республикалық олимпиадаларға және ғылыми жұмыстармен байқауларға қатысуы тиіс. Рауза Ерқанқызы тәрбиелеген шәкірттер жыл сайын осындай жарыстардан жүлдесіз оралмайды. Басқасын айтпағанда, биыл 11-сынып оқушысы Станислав Дробков деген оқушысы «Жарқын болашақ» байқауының облыстық деңгейінен І орын, республикалық деңгейден ІІ орын алды. Ал сегізінші сыныпта оқитын Валентина Дунаева мен қырғыз қызы Әсел Алипсатарова 10-шы және 9-шы сыныптар бойынша облыстық байқауға қатысып, жүлделі орынды иеленді.
Рауза Ерқанқызының өзі де облыстық, республикалық мұғалімдер байқауларына, тәжірибе алмасу семинарларына қалмай қатысады. Астана қаласында өткен ZIAT әдістемелік орталығы ұйымдастырған ІІІ республикалық «Үлгілі сабақ» педагогтар сайысында бірінші орынды қанжығасына байлап қайтты. Биылға дейін республикалық ұлттық бірыңғай тестілеуге арналған (ҰБТ) тест тапсырмаларының әзірлеушілері және сарапшылары тобында болды. Есімінің «Таңдаулы адамдар» халықаралық энциклопедиясына кіруі оның елге, тілге деген кіршіксіз қызметінің қайтарымы секілді.
– Мен қазақ тілінің болашағына сенемін. Жас ұрпақ барда, мектеп барда тіліміздің тамыры суалмайды, – дейді Рауза Тоқтарова.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ