04 Қазан, 2016

«Астана» алыстап, «Қайрат» қалып барады

316 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
astana-futbol-komandas «Астана» футбол командасы биыл қатарынан үшінші рет Қазақ­стан чемпионы атануға тағы бір табан жақындай түсті. Себе­бі, демалыс күндері болған премьер-лиганың 29-туры ойын­дарын­да елордалықтардың басты қарсыластары – Алматының «Қай­раты» өз алаңында Шымкент­тің «Ордабасысымен» 1:1 есебімен тең ойнап, ұпай бөлісті. Бұл мүмкін­дікті мүлт жібер­меген «Астана» Көк­шетау­дың «Оқжетпесін» 3:0 есебі­мен жеңіп, алматылықтармен арадағы ұпай айырмашылығын 6-ға дейін ұлғайтты. Алматыдағы ойын «Қайрат» үшін өте сәтті басталды. 19-минутта Жерар Гоудың көмегімен есеп ашты. Алайда, 35-минутта «Ор­да­­басының» жартылай қор­ғау­шысы Еркебұлан Тұңғышбаев мер­ген­дігімен көзге түсті. Ойын­ның қал­ған уақытында алаң ие­лері қанша шабуылдағанымен, есеп өзгеріссіз қалды. Осылайша, «Қай­рат­тың» биылғы маусымда «Орда­басы­мен» 4 рет кездесіп, бар бол­ғаны екі-ақ ұпай алуға шамасы жетті. Өз кезегінде «Астана» «Оқжет­песті» оңай жеңді. Матчтың 2-минутында Патрик Твумаси есеп ашып, командасын алға шығарды. Қалған голдар екінші таймда соғылды. Алдымен, 56-минутта Азат Нұрғалиевтің қанжығасы майланса, 89-минутта Твумаси дубльге қол жеткізді. Енді 16 қазан күні болатын 30-тур ойын­дарында «Астана» Алматыға қонаққа барады. Егер сол кездесуде «Қайрат» барын салмаса, «алтынның» тағдыры біржола шешілетіні сөзсіз. Бірінші алтылықтың келесі кездесуі Павлодарда «Ертіс» пен «Ақтөбе» арасында өтті. Намысты қолдан бермеген алаң иелері қар­сыластарын 5:1 есебімен тізе бүк­тірді. Осы жеңісінен кейін қор­жынындағы ұпайын 47-ге жет­кіз­ген «Ертіс» турнир кестесінде үшін­ші орынға жайғасты. Сонымен қатар, премьер-лигада қалу үшін тер төгіп жатқан екінші алтылықта да тартыс қыза түсті. Талдықорғанда жергілікті «Жетісу» «Атырауды» 4:3 есебімен жеңсе, Қостанайдың «Тобылы» сырт алаңда Қарағандының «Шахтерінен» 3:2 есебімен басым түсті. Ал көш соңында келе жатқан «Тараз» өз алаңында Оралдың «Ақжайығын» қабылдап, 2:1 есебі­мен ұтты. Ол бұл жеңістен кейін турнир кестесінде бір саты жоғары көтеріліп, 11-орынға табан тіресе, «Ақжайық» соңғы орынға түсіп қалды.  Еламан ҚОҢЫР