04 Қазан, 2016

Жаңбыр астындағы жарыс

233 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Алматыда бір күндік «Тур де Алматы» веложарысының жеңімпаздары анықталды. Өткен жексенбі күні өткен «Тур де Алматы-2016» веложарысы түні бойы майдалап тоқтаусыз жауған жаңбырға қарамастан, мәресіне сәтті жетті. Велошабандоздарды жарыстың басталуымен құттықтаған қала әкімі Бауыржан Байбек бәйге шаһардың 1000 жылдығы мен Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында өтіп жатқанын айтып өтті. «Нұрлы Тау» бизнес орта­лығынан әл-Фараби даңғылын бойлай барып, Тұңғыш Президент саябағынан кері айналып, Шығыс айналма жолына дейін бағыт алған спортшылар алғашқы айналымда 31 шақырымды артқа тастады. Олар мәре сызығына дейін осындай алты айналым жасауы тиіс еді. Әйтсе де жолға шыққан 93 спортшының 53-і ғана мәре­ге жете алды. Бұған сіркі­реп жауған күзгі суық жауын­ның әсер ет­кені даусыз. Арнайы поли­ция тобы жерде жарыс жолын­дағы спорт­шылардың қауіп­­сіз­дігін қада­ғаласа, көкте тік ұшақ жалпы бақылау жасады. Жаңбыр жарыс аяқталған­ша толастамады. Бірақ табиғат­тың тосын мінезі халықаралық маңызды дүрмектің өз дәрежесінде өтуіне кедергі келтіре алған жоқ. Жарыс қорытындысында «Астана» командасының вело­шабандозы Алексей Луценко 4 сағат 23 минут 55 секунд көрсет­кіш­імен бірінші орын алды. Ол осымен «Тур де Алматы» вело­жары­сының қатарынан үшін­ші рет жеңімпазы атанды. Одан 3 минут 44 секунд қал­ған Италияның Unieuro Wilier тобының велошабандозы Мауро Финето екінші орынға тұрақ­тады. Ал ресейлік Роман Май­кин турнир жеңімпазынан 3 минут 53 секунд қалып қойды. Бір қызығы, «Тур де Франс», «Джиро д’Италия» халықаралық сайыстарының екі дүркін чемпионы Винченцо Нибали 17-орынмен шектелді... Алматыда жаңбыр астындағы жарыс аяқталған сәтте таудағы атақты Шымбұлақ пен Медеу спорт кешендері биыл алғаш жауған аппақ қардың қалың көр­песін жамылып жатты... Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан»  АЛМАТЫ