Биология ғылымдарының қазақтан шыққан тұңғыш докторы, мемлекет қайраткері Кәрім Мыңбаевтың 110 жылдық мерейтойына орай, Нұра ауданының осы ғалым атындағы ауылында ғылыми конференция өтті. Қырық екі жылдық қысқа ғұмырында ел игілігі жолында қыруар іс тындырып үлгерген үлкен тұлғаға арналған жиын «Нұрадан шыққан ақиық» деп орынды аталған.
Кәрім Мыңбаев кезінде 5 ғылым докторын, 40 ғылым кандидатын дайындаған. Сонымен қатар, негізінен өсімдіктер генетикасы мен селекциясына арналған 200-ден астам ғылыми еңбектің авторы.
Конференция барысында Нұра ауданы әкімінің орынбасары Р.Түсіпбеков, аудандық өлкетану мұражайының директоры Ә.Есмағамбетова, Астанадағы мемлекеттік тарих институтының ғылыми қызметкерлері, педагогика ғылымдарының кандидаттары Д.Сейітқали мен Ж.Қалиев, Кәрім Мыңбаевтың туыстары Н.Мыңбаев пен Г.Имашева, ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы Б. Әбілдабекова сөз алып, мазмұнды баяндамалар жасады. Ал ғалымның көзін көрген, тоқсаннан асқан Аққайша Райымбекова әжей естелігімен бөлісіп, көпшілікке батасын берді.
Кәрім Мыңбаевтың 100 жылдық мерейтойы тұсында аудан орталығында бюсті орнатылып, бір көшеге және осы ауылға аты берілген еді. Ғалым Д.Сейітқали енді жақында К.Мыңбаев туралы жеке кітап жарыққа шыққалы отырғанын жеткізді. Кәрім Мыңбаевтың ертеректе шетелдік баспасөзде жарияланған еңбектері ғалымның ұлы Жафар Мыңбаевтың көмегімен табылыпты. Айтқандай, ғалымның соңында қалған ұрпақтары да әке жолын қуған десе болады. Үлкені Гүлнар геолог болса, Жафар – Нью-Йорк университетінің профессоры. Одан кейінгі егіздер: Алла – физик, Тимур – белгілі дирижер, музыкант.
К.Мыңбаев атындағы орта мектепте қонақтар ғалымға арналған мұражай жәдігерлерімен танысып, немере інісі Нұрхан Мыңбаевтың мұрындық болуымен түсірілген «Тау тұлға» деректі фильмін тамашалады.
Конференция соңы аудандық мәдениет үйінің көркемөнерпаздар ұжымы мен жергілікті өнерпаздар әзірлеген концерттік бағдарламаға ұласты.
Соңынан біртуар тұлғаның аруағына құран бағышталып, ас берілді.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы,