04 Қазан, 2016

KEGOC-тың «алтын» командасы

334 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
dlya-gazety4«KEGOC» АҚ-тың филиалы «Ақмола ЖЭТ» бригадасы ТМД кеңістігіндегі 110 кВ және одан жоғары кернеулі қосалқы стансалардың жабдықтарын жөндеу мен оларға қызмет көрсету бойынша командалар арасында үздік атанды. Нақтысына келсек, «KEGOC» АҚ электр энергетиктері жуырда өткен ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің электр энергетикасы саласындағы персоналдың кәсіби шеберлігі ХІІІ халықаралық жарысында топ жарып, бірінші орынды жеңіп алды.  Мұндай кәсіби жарыстардың өткізілуі және оның компанияның дамуына тигізетін мән-маңызы туралы «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Бақытжан ҚАЖИЕВ айтып берді. – Бақытжан Төлеуқажыұлы,  сізді же­­ңісті жетістіктеріңізбен құттықтап, алдағы кезде де табыс биігінен көріне бе­руге тілектестік білдіреміз. Енді осы дүбір­лі дода туралы толығырақ айтып берсеңіз.   – Айтқаныңыз келсін. Шынында да, бұл KEGOC компаниясы үшін зор же­тістік әрі қан­жығамызға байлаған орны бөлек олжа. Аталған жарыстың маңы­зы аса жоғары екен­дігін атап айтқым келеді, өйткені, ТМД елдерінің энергия бірлестігі әлемде ең ірілер қатарында. Оның құрамындағы электр стансалары 370 гигаватқа жуық бел­гіленген қуат­ты құрайды. Ауқымды сайыс­та Қазақ­стан атынан сынға түскен KEGOC ко­мандасының бірінші орынға шы­ғуы, біздің мамандардың халықаралық деңгейдегі биік біліктілігін танытады. Биыл Ақмола облысының Макинск қала­­сына таяу жердегі «KEGOC» АҚ-тың оқу-жаттығу полигонында Тәуелсіз Мем­­лекеттер Достастығы елдерінің мамандары шеберліктерін сынады. Атап айтқанда, Беларусь, Грузия, Қазақ­­стан, Ресей және Өзбекстан бригадалары бә­се­келесті. Сонымен қатар, жарысқа Қыр­­­ғыз­стан, Тәжікстан және Украина өкілдері байқаушылар ретінде қатысып, бағаларын берді. Сайысқа Қазақстан атынан «KEGOC» АҚ филиалы «Ақмола ЖЭТ» энергетиктерінің бригадасы түсті. Төрт күн ішінде, яғни 19-22 қыркүйек ара­лығында 6 кезең бойынша бригада­лар өздерінің білімдері мен шеберліктерін көрсетті. Қолданыстағы ережелер мен нұс­қаулықты білу, қуат өткізу жаб­дық­тарына бақылау жүргізу дағдысы, КТПН-100/10/0,4 кВ жабдығының жұмыс барысында қызуы, РНДЗ-2-110/1000 айырғышын қарау, оқ­шаулағышты айыр­бастау мен айырғышты реттеу (ПР-90/180ЛП қол жетегімен), май сы­намасын іріктеу, манометрді алмас­тыру және 220 кВ резервтік қосуға май құю, КРУН-10 кВ сыртқы қондырғының ке­шенді тарату құрылғыларында өртті сөн­діру дағдылары, электр тогынан зардап шегушіні босату және оған көмек көрсе­ту (реанимациялық тренажерлерді пайдаланып) тәрізді сынақ­тар жарысушыларға оңай соққан жоқ. Қорытындысында, біздің команда бірінші орынды жеңіп алды. Осы арада мынаны ерекше атап айтқым келіп отыр, KEGOC-тықтар әркез жоғары орындарды иеленіп, барлық жарыстарда жүлдегерлердің үштігіне кіруді дәстүрге айналдырған. – Аталған жарыс былтыр Беларусь Рес­публикасында ұйымдастырылған еді. Бұл кәсіби сайыс қандай кезеңмен өтеді? – ТМД кеңістігіндегі электр энергетиктер арасында аталған халықаралық кәсіби жарыс 2004 жылдан бері тұрақты өтіп келеді. Жыл сайын әртүрлі бейін­де­гі мамандар шеберліктері мен жинақтаған тәжірибесін танытады. Энергия жүйесі­нің диспетчерінен бас­тап жоғары вольт­ты желілерге қызмет көрсететін мамандар, қосалқы стансалардың жабдықтарын қадаға­лайтын жұмысшылар жіті қимыл­дап, бесаспап екендіктерін паш етеді. Жоғары деңгейдегі жарыс біз­дің маман­дардың кәсіптік дағдыларын бағалауға мүм­кіндік береді. Электр энер­­гетикасы саласы кез келген мем­лекеттің экономикасын мей­лінше көте­ріп, өркендететін жүйе болып табылады. Сондықтан да, біздің және ТМД ел­деріндегі әріптестеріміздің алдында бүкіл тұтынушыларды электрмен сенімді жабдықтауды қамтамасыз етудің бірдей міндеті тұрғаны мәлім. Саламызда салғыртыққа жол беріл­мейді. Мамандардан біліктіліктерін тұрақты арттыруды, кәсіби шебер­ліктерін жетілдіруді, озық тәжірибені жүйелі зерделеуді, жұмыс сапасын жақсартып, желілерде апаттық қауіп-қатерлерді болдырмауды талап етеміз. Еңбек қауіп­сіздігін қамтамасыз етудің мәсе­лелері осындай түйіндерді түбегейлі шешуге көмектесері сөзсіз. Жаңа объектілер құрылысын салу ке­зінде қауіпсіздік қашанда көкейкесті болып, түйткілді жағдайларды дұрыс шешуге жол ашады. Құрылыс жүргізу барысында заманауи және жоғары тиімді жабдықты қолданамыз. Қазір­гі кезде біздің компанияда кешенді жаң­ғыртудың кезеңі аяқталуға таяу. Озық технологияларды ен­гізіп, қо­салқы стансалардың жоғары вольт­ты жабдығын, релелік қорғанышты және апатқа қарсы автоматиканы жа­ңарт­­тық, сандық корпоративтік теле­коммуникациялық желі мен электр энер­гиясын коммерциялық есептеудің автоматтандырылған жүйесін құрдық. Жұмысымызды алға бастыра­­тын осы тақылеттес жарыс бізге қазіргі за­­­ман­ғы жабдыққа қызмет көрсету тәжірибесін алуға, қолданылатын ке­рек-жарақтың сапасын бақылауға барынша жәрдемдеседі. Мәселен, жарыс кезінде кез келген командаға жекелеген кезеңдерде жабдығын және құрал-сай­манын пайдалануға рұқсат етіледі. Бұл басқа командаларға оның тиімділігін зерттеп білуге, бағалауға мүмкіндік ту­ғы­зады. Алдағы уақытта өздерінің ұлттық желілерінде іске пайдалануға септігін тигізеді. ТМД энергетиктерімен достық байланыстарды орнату үшін осындай жарыс ұйымдастыру маңызды әрі пайдалы. Қазақстан Респуб­ликасының Біртұтас электр энергетика жүйесі ТМД елдерінің энергия жүйелерімен қатар жұмыс істейтінін осы арада атап айтқан жөн. Себебі, әріптестерімізбен бірге маңызды экономикалық ортақ міндетті атқарып жатырмыз. – Біздің елімізге «алтын» әкелген мамандар туралы баяндап берсеңіз. – Мен жоғарыда айтқанымдай, еліміздің намысын жарыс жолында «KEGOC» АҚ филиалы «Ақмола ЖЭТ» энергетиктерінің бригадасы қорғады. Команда құрамында 6 адам болды. Бұлар – Ерхат Елемесов, Вячеслав Чайковский, Қайрат Құлмағамбетов, Әлі­бек Мағзұмов, Айдын Мақашев, Валерий Низамов, сондай-ақ, команда капитаны Берік Адамов деген азаматтар. Оның ішінде ең үлкені Берік Адамовтың жасы 41-де, ең кішісі Валерий Низамов жарыс алдында 25 жасқа толды. Жалпы, команда мүшелерінің орта жасы 31-де. Олар жоғары біліктіліктерін танытып, терең теориялық білімдерімен қазылар алқасын тәнті етті, өздерін осылайша биік тұғырдан көрсетті. «Қолданыстағы ережелер мен нұсқау­лықтарды білуді тексеру» кезеңінде, менің пікірім бойынша, біздің оқ бойы озуымыз міне осы жетістіктермен баға­ланғандығы ешкімге шүбә тудырма­ды. Былтыр Беларусь елінде өткен жарыс­та жоғарыда аталған кезең бо­йынша командамыз бәйгеде оза шауып бас жүлдені жеңіп алған. Алдағы сайыстарда да еліміздің энергетиктері жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, намысты абыроймен қорғайды деп сеніммен айтуға негіз бар. – Бәрекелді! Қашанда істеріңіз оңды болсын.    Әңгімелескен Марат АҚҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»