Осыдан 55 жыл бұрын «На боевом посту» деген атпен «Қалқан» газеті қанат қақты. Басылым осы уақыт аралығында Қазақстан Ішкі әскерінің үнпарағына, жаңалық жаршысына айналды. Кейін «Дзержинец», «Қалқан – Шит» болып сара жолын бекемдеді. Әрине, заман сондай болған соң тәуелсіздіктің арайлы таңы атқанша «Қалқан» тек өзге тілде басылды, қазақ тіліне газеттен орын тимеді.
Бүгін «Қалқанымыздың» 3177-ші нөмірі жарыққа шығып отыр. Газет жайлы сөз қозғаған соң оның әр жылдар уығын көтерісіп, еңбектің диірменін айналдырып, қара нардай ат салысқан аға буын ақиық азаматтарымызды атап өтпеске болмас. Олардың баршасы бүгінде бейнетінің зейнетін көріп жүр. Бірқатары әлі де ел игілігі үшін еңбек етіп, Тәуелсіз Қазақ елінің жарқын болашағына қарымды үлес қосуда. Олардың қатарында Сағидолла Көшімбаев, Асылбек Жақаев, Тұрар Жалмұхамедов, Боташ Қажымов, Александр Тасболатов, Юрий Василевский, Дулат Молдабаев, Исқақ Темірболат, Алтай Сиырбаев, Айткүл Мырзатаева, Айнабай Мәдиев, Наиль Ахмеджанов, Олег Таран, Таңат Шернебеков, Тамара Дәулетбаева, Наталья Акбарова, Альфия Ахмеджанова, Ернар Кұлмағанбет сынды қалам иелері есімдерін құрметпен еске аламыз. Ал еліміздің бас газеті, киелі шаңырақ – «Егеменнің» белді журналисі Александр Тасболатовтың, «Казправдадағы» Дулат Молдабаевтың, арайлы «Алматы ақшамы» газетіндегі Айнабай Мәди ағаларымыздың «Қалқаннан» түлеп ұшқан тұрпаты биік түлектері екенін біреу білсе, біреу білмес.
Шығармашылық іс қамқорлықты, тіпті аялы алақандай назарды қажет етеді. Ал Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов, Бас қолбасшының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Мұхаметқали Сатовтың газетімізге деген ілтипат-ықыластары ерекше. 2005 жылдан бастап газет тілшілерінің күшімен екі айда бір шығатын «Бүркіт» журналы жарық көрді. Осы күні «Бүркіт» журналы сарбаздың қолынан түспес сүйікті басылымы, тұнық ойлы ақылшысы һәм ел беріктігі мен қауіпсіздігін нығайтуға жол бастаған шамшырағына айналды.
Сонау 1995 жылы тәжік-ауған шекарасында қаза болған ІІМ Ішкі әскерінің 17 жауынгерінің ерлігіне бас ию мақсатында «Ерлікке тағзым», Ішкі әскер қатарынан Ұлы Отан соғысы сұрапылына қатысқан аға буын ардагерлерді өнеге тұтуға арнап «Біз Жеңіс мұрагерлеріміз», сондай-ақ, Ішкі әскердің, яғни бүгінгі Ұлттық ұланның қалыптасуы, дамуы жайлы сыр шертетін «Летопись воиск правопорядка» кітаптарын жарыққа шығарғанымызға да көп уақыт өте қойған жоқ. Бұл, әрине, жоғарыда айтқандағыдай жауынгер рухын жануға қосылған тамшыдай болса да, бүгінгі редакция ұжымының үлесі дегім келеді.
Соған орай кеше еліміздің мерейлі сәті – тәу етер Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келген, 55 жылдық еңселі жолды еңсеріп отырған «Қалқан» газетінің атаулы күні салтанатты жиын өтіп, еңбек ардагерлеріне сый-құрмет көрсетілді және марапаттау шарасының соңы мерекелік концертке ұласты.
Қуаныш ҚОЖАХМЕТОВ,
полковник, Ұлттық ұланның «Қалқан» газеті мен «Бүркіт» журналының бас редакторы