04 Қазан, 2016

«Еңбек жолы» байқауы мәреге жетті

373 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Астанада Еңбек күніне арналған «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы» форумы өтті. Оның барысында «Еңбек жолы» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі ұйымдастырған шараға Парламент депутаттары, мем­лекеттік органдар, халықаралық ұйымдар, бизнес қауымдастықтар мен кәсіподақтардың өкілдері және жұмыскерлер қатысты. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму ми­нистрі Тамара Дүйсенова 2013 жыл­дың 22 қарашасында Елбасының Жарлығымен бекітілген Еңбек күнін мерекелеу жыл сайын қыркүйектің соңғы жексенбісінде аталып жүр­генін еске салды. Мерекенің басты мақсаты – еңбек адамы мәртебесін арттыру, жастар арасында жұмысшы кәсібін кеңінен насихаттау және еңбек әулеттерінің жылдар бойғы дәстүрлерін нығайту болып табылады. – Үкімет қазақстандықтардың жұмыспен қамтылуына аса зор көңіл бөліп отыр. Елімізде «Жұ­мыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Бұл бағдарлама тек жұмысқа орналастыруды ғана емес, сонымен қатар, қоғам­ның, кәсіпкерлік саланың дамуы­ның сұранысы мен жаңа жұмыс орындарының құрылуына қарай сұранысқа ие мамандықтарға оқы­туды қарастырады. 5 жылдың ішін­де бағдарламаға 710 мың адам қа­тысып, оның 533 мыңы тұрақты жұмысқа орналасты. 128 мың тұр­ғын өз білімдерін жетілдіріп, жаңа мамандық иелері атанды, – деді өз сөзінде Тамара Дүйсенова. Денсаулық сақтау және әлеу­меттік даму министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылған «Еңбек жолы» байқауы еңбек адамдары туралы жағымды қоғамдық пікір қалыптастыруға және кәсіпорындар мен ұйымдарда жаңа еңбек әулет­терінің қалыптасуына жағдай жа­сауға, қазақстандықтардың бо­йында республика экономикасының дамуына айтарлықтай үлес қосқан отандастары үшін мақтаныш сезімін тәрбиелеуге негізделген. Байқаудың бірінші кезеңі аймақтарда «Үздік еңбек әулеті», «Өндірістің үздік жас маманы», «Жұмыс істейтін жас­тардың үздік тәлімгері» номинация­лары бойынша өтті. Республика бойынша байқауға барлығы 460 адам қатысқан. – Бүгін «Еңбек жолы» бай­қауының аймақтық кезеңінің үш номинациясы бойынша жоғары көр­сеткішке жеткен 48 жеңімпаз осы залда отыр. Олардың ішінде белгілі бір салада қызмет етіп келе жатқан отбасылардың 4 буынын атап айту керек. Шығыс Қазақстан облысындағы Филиповтар отбасы еңбек әулетінің барлығы 360 жыл еңбек өтілі болса, дәл сон­­дай еңбек өтілі Аты­рау об­лы­сындағы Аралбаевтардың темір­­­жолшылар әулетінде де бар. Оң­түстік Қазақстан облысындағы Жаңабаевтар әулетінің еңбек өтілі – 242 жыл. Біздің елімізде мұндай отбасылар өте көп. Барлығына денсаулық пен сәттілік тілеймін, – деді сөзінің қорытындысында Та­мара Дүйсенова. Республикалық «Еңбек жолы» байқауы қорытындысында «Үздік еңбек әулеті» номинациясы бойынша жеңімпаз болып Атырау облысынан келген Аралбаевтар әулеті, «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясы бойынша «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ-тың экскаватор машинисі Андрей Соловьев жеңімпаз болып танылды. Солтүстік Қазақстан облысы «Мамбетов и К» шаруа қожалығының наубайшысы Тұрар Қасымов «Өндірістің үздік жас маманы» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Шара барысында «Еңбек ар­дагері» төсбелгісімен Қазақстан эко­номикасын дамытуға және нығайтуға айтарлықтай үлес қосқан өндірістің әр түрлі салаларының 9 ардагері марапатталды. Ұлан САНЖАР