Облыста «Халықты қауіпсіздікпен қамтамасыз ету» жобасы бастау алды. Оны жүзеге асыруға 200-ден астам орталық және аймақтық мемлекеттік органдар мен мемлекеттік емес ұйымдардың үздік мамандары қатысуда. Делегацияны Бас прокурор Жақып Асанов басқарады. Бұдан басқа жұмыс тобының құрамында Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің басшысы Аида Балаева, Бас прокурордың орынбасары Андрей Кравченко, Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаев, Терроризмге қарсы орталығының штаб бастығы Марат Сайполдаев, Ұлттық экономика вице-министрі Айдар Арифханов, Азаматтық қоғам және дін істері вице-министрі Марат Әзілханов, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Светлана Жақыпова және т.б. бар.
Жұмыс тобы бұл бағыттағы қадамын облыстық әкімдікте өңір жұртшылығымен кездесуден бастады. Кездесуді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қысқаша сөз сөйлеп ашты. – Елбасы тапсырмасы бойынша біз өңірдің өзекті проблемаларын шешуге мүмкіндік беретін жобаны жүзеге асыруды бастадық. Жоба тек Ақтөбе қаласында ғана емес, барлық аудандарда жүзеге асырылатын болады. Бұл бастаманың біздің өңірдегі тұрақтылық пен дамуға оң ықпал ететініне сенімдімін. Орталық атқарушы органдар өкілдері жергілікті тұрғындармен кездесіп, мемлекеттік бағдарламалар аясында атқарылып жатқан жұмыстарды және оларды жүзеге асыруда туындаған проблемаларды талқылайтын болады, – деп атап өтті ол.
Өңір басшысының айтуынша, облыста тәртіп бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссия жұмыс істейді, оның жұмысына прокуратура, ІІД, ҰҚКД және басқа органдардың басшылары қатысады, тоқсан сайын қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері қаралады, тиісті шаралар қабылданады. Егер 2015 жылы облыста қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жергілікті бюджеттен 6,1 миллиард теңге қарастырылса, биыл 6,4 миллиард теңге бөлінген. Бұл өз кезегінде қылмыстық жағдайдың жақсаруына ықпал еткен.
Бердібек Сапарбаев өңірдегі қоғамдық қауіпсіздіктің тұрғындардың жұмыспен қамтылуына тәуелді екенін атап өтті.Тек өткен жылы ғана 10800 жаңа жұмыс орны ашылған. Тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз етудің кешенді жоспарымен 17800 адам қамтылған. Қабылданған шаралар жалпы жұмыссыздық деңгейін 4,9 пайыз, жастар жұмыссыздығын 4 пайызға азайтуға мүмкіндік берді.
Содан кейін сөз алған Бас прокурор Жақып Асанов жұмыс тобы жүзеге асыратын іс-шаралардың негізгі бағыттарына тереңірек тоқталды. – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен, өңір басшысының бастамасы бойынша екі жүзден астам маман келдік. Топ құрамында имамдар, теологтар, психологтар, социологтар бар. Мақсат кемшілік іздеу емес, жергілікті проблемаларды бірлесіп шешуге қол жеткізу. Жалпы, жұмысымыз жеті бағыт бойынша, яғни халық арасында түсінік жұмыстарын жүргізуге, шағын кәсіпкерлікті жаппай дамытуға, әлеуметтік проблемаларды шешуге, діни ахуалды жақсартуға, ақпараттандыру жұмысына, құқық қорғау қызметінің тиімділігін арттыруға басымдылық беріледі. Бұл жұмыстар бір ай бойы жүргізіледі. Әрине, барлық мәселені шешіп беру мүмкін емес. Дегенмен, біз осы қадамдарымыз арқылы жергілікті мәселелерді шешудің жолын қалыптастыруға бағыт ұстап отырмыз. Оны кейін басқа өңірлерде қолдансақ па деген ойымыз да бар, – дей келіп, еліміздің Бас прокуроры жиналған жұртшылық назарын бірнеше маңызды мәселелерге аударды. Ол әлемдік дағдарыс жағдайында да Президенттің тапсырмасы бойынша әлеуметтік төлемдердің қысқармай, қайта жыл сайын көтеріліп отырғанын айтты.
– Дағдарыстан шығуда бір ғана мемлекеттің шарасы жеткіліксіз. Әрбір отбасы, әр азамат аянбай еңбек етуі керек. Ол үшін өз ісін ашуға, талмай еңбек етуге дағдылану қажет. Кәсіпкерлік әлі де дамымай жатыр. Мемлекет мол мүмкіндіктер беруде. Үкімет тарапынан жасалып жатқан қолдау тетіктері тиімді пайдаланылмауда. Істің қисынын келтіріп, әр қазақстандық табысты болуы үшін күресуіміз керек. Біз бұл жағын да қаперде ұстайтын боламыз, – деді Ж.Асанов сөз арасында. Одан әрі ол қылмыспен қоғам болып күресу қажеттігін алға тарта сөйледі. Соңғы 20 жылда ауыр және аса ауыр қылмыстардың жылдан-жылға азайып келе жатқанына нақты мысалдар келтіріп, қылмысты еңсерудің бірден-бір жолы – жұмыссыздықпен күресу екенін, былтыр қылмыс жасағандардың 84 пайызы табысы жоқ адамдар болғанын атап өтті. Бас прокурор жастардың діни теріс ағымдарға санасы уланып, жат идеологияның құрбаны болып жүргеніне алаңдаушылығын жеткізді.
Кездесуде түрлі бағытқа басшылық жасайтын вице-министрлер мен орталық мемлекеттік органдар басшылары өздерінің жұмыс жоспарларымен таныстырып, осы кезеңде атқарылатын шараларды баяндады. Жалпы осы кезеңде 13454 адам қатысқан ақпараттық-түсінік жұмыстарымен 152 әртүрлі шаралар өткізілетін болады. Бұдан басқа, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, дін тану пәнінің оқытушылары, психологтар, барлығы 890 адам қатысқан 19 сабақ пен семинар-тренингте әдістемелік көмек көрсетілуде. 10 мыңға жуық ақпараттық және әдістемелік материалдар тарату көзделуде. Жоба аясында мәдени-көпшілік, спорттық және басқа да шаралар ұйымдастырылады.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы