04 Қазан, 2016

Өңірлер өнерінің өрімдері

297 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
bal_4250Елордадағы Маңғыстау облысы күндері аясында Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Жаңғырған асыл мұра» және облыстық кітапхананың «Түп-төркінін төрге оздырған Маңғыстау» атты көрмелері ашылды. «Жаңғырған асыл мұра» көрмесі астана­лықтарды  «Ұлыстың ұраны – Пір Бекет», «Маңғыстаудың дәстүрлі қолданбалы өнері», «Түбек табиғатының таңғажайыптары» және «Маңғыстау облысында жүргізілген археологиялық жұмыстар» атты бөлімдер бойынша өңірдің қазынасымен таныстырды. «Түп төркінін төрге оздырған Маң­ғыс­тау» атты көрмеде Маңғыстау об­лысының ел Тәуелсіздігінің 25 жыл­ды­ғында жеткен же­тіс­­­­тіктері, өңірдің тарихы мен әкімшілік-ау­мақтық картасы, ауыл шаруашылығының, медицинасының, мәдениетінің дамуы туралы мәлімет беретін баспасөз материалдары мен кітаптары қамтылды. Көрме туралы облыстық кітап­хананың әдіскері Нұргүл Еңсегенова: «Біз көрмеге көбінде салалық кітаптар әкел­дік. Облысымыздың жетістіктері жайында соңғы жылдары шыққан энциклопедиялық кітаптар көп. Соларды қамтуға тырыстық. Ал өңірімізден шыққан ақын-жазушыларға келетін болсақ, «Маңғыстау ақын-жазу­шы­ларының кітапханасы» сериясымен 50 том кітап шыққанын білесіздер. Сондай-ақ, «Тіл таңбалы ақындар» атты 5 томдық кітап жарық көрген. Біз соларды көрмеге қой­дық» – деді. Көрме соңы Маңғыстау облысы өнер шеберлерінің Гала-концертіне ұласты. Концерттік бағдарламада көрермендер өңір­дің  кеңінен танымал, жан-жақты музыкалық жанрдағы, әртүрлі бағыттағы аспапты және вокалды мектептер өнерпаздарының өне­рін тамашалады. Айта кетейік, Маңғыстау облысы күндері аясында М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрында жазушы Ә.Кекілбаевтың «Шыңырау» повесінің желісі бойынша «Шыңырау» драмасы сахналанды. Драманың қоюшы режиссері – Саха Республикасының еңбегі сіңген өнер қайраткері, «Золотая маска» театр сыйлығы­ның лауреаты Быйаман Уола Сэргэ Обокуун. *** Ақтөбе облысының елордадағы күн­дері аясында облыс әкімі Бердібек Сапар­баев Л.Н.Гумилев атындағы Еур­азия ұлттық уни­верситетінде Ақтөбе облысының жастарымен кездесті. Әкімнің мәліметі бойынша облыста 7 мың жұмыс орны ашылған.  Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша құны 12 млрд 800 млн доллар тұратын бес жоба іске қосылған. Ал облыс халқының 27 пайызы жастар. «Ақтөбе қаласында кәсіпкерлердің қаржысына 100 орындық жатақхана салынып жатыр. Оған қосымша «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының аясында 70 орындық жатақхана салынуда. Осы жылдың сегіз айында 334 жасты жұмысқа ор­на­ластырдық, – деген облыс әкімі жастарды Ақтөбеге жұмысқа шақырды. Елордадағы Ақтөбе облысының күндері аясында бірқатар мәдени шаралар өтті. Ас­танадағы ҚР Қарулы күштерінің әскери-тарихи музейінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған та­қы­рыптық көрме ұйымдастырылды. Қалалық Жастар театрының сахнасында астаналық көрермендер   Қуандық Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-ай» комедиясы мен Жабал Ерғалиевтің «Есігімді қаққан кім» драмасын тамашалады. Сондай-ақ, М.Өтемісұлы атындағы оқушылар сарайында Ақтөбе облыстық «Алақай» қуыршақ театры өнер көрсетті. Астана қалалық әкімдігінің алдында кәсіби суретшілер мен мүсіншілердің, Ақтөбе қалалық балалар көр­кемөнер лицейі тәрбиеленушілерінің жәрмеңке-көрмесі ұсынылды. Бейнелеу өнерінің әртүрлі тәсілдерінде орындалған шығармашылық туындылар келушілердің қызығушылығын туғызды.  Кешке Конгресс-холл сарайында Ақтөбе облыстық өнер шебер­лерінің Гала-концерті ұйымдастырылды. Айгүл СЕЙІЛОВА, «Егемен Қазақстан» Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ