Кеше Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Кітапханасында Президент жанындағы Ұлттық жоғары мемлекеттік басқару мектебінің (ҰЖМБМ) түлектері қауымдастығы ұйымдастырған Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және Ұлттық жоғары мемлекеттік басқару мектебінің алғашқы түлектерінің 20 жылдығына арналған «Қазақстанның саяси мемлекеттік қызметі: қалыптасу және даму кезеңдері» атты форум болып өтті.
Жиынға Президент Әкімшілігінің өкілдері, мемлекеттік органдардың және ұлттық компаниялардың басшылары, ҰЖМБМ түлектері, сондай-ақ «Назарбаев Университет» пен Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының оқытушылары мен магистранттары қатысты. Іс-шараның модераторы ҰЖМБМ түлегі, «Астана» Халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов болды.
Форумның ашылуында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова сөз сөйледі. Ол өзінің құттықтау сөзінде саяси мемлекеттік қызметтің жаңа әлемдік даму трендтері арасындағы бірқатар өзекті бағыттарды атап өтті. «Еліміздің тарихындағы елеулі белес Тәуелсіздіктің 25 жылдығының аясында өткізіліп отырған саяси мемлекеттік қызметке арналған форумның маңызы жоғары. Сондай-ақ, бүгін Ұлттық жоғары мемлекеттік басқару мектебінің алғашқы түлектерінің қанат қаққанына 20 жыл толып отыр. Өздеріңізге белгілі Мемлекет басшысы биылғы жылдың 1 қаңтарынан 5 институттық реформаны жүзеге асырудың практикалық кезеңі басталғанын халыққа жария етті. Бұл аса маңызды құжат Қазақстанды әлемнің ең озық 30 елінің қатарына енгізуге бағытталған. 5 реформаның бірінші реформасы – кәсіби мемлекеттік аппараттың болуы. Сондықтан Ұлт жоспарында көрсетілген міндеттерді іске асыруда саяси қызметшілердің Жоғары ұлттық мемлекеттік басқару мектебінің қосып отырған үлесі қомақты. Ел Тәуелсіздігінің биылғы 25 жылдық мерекесін Елбасы Н.Ә.Назарбаев жылдың ең басты оқиғасы ретінде белгілеп, біздің барлық елеулі жетістіктерімізді әрбір қазақстандыққа жеткізу қажеттігін атап көрсетті. Мемлекет басшысының бұл тапсырмасы бәріміздің алдымызға нақты міндет, үлкен жауапкершілік жүктейді. Осы орайда бүгінгі форум елдік мерекенің еңсесін тіктейтін тағы бір тағылымды іс-шаралардың бірі», – деді Мемлекеттік хатшы.
Еліміздің мемлекеттік қызметін жаңғырту мен халықаралық тәжірибе Мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хабтың басқарушы төрағасы Әлихан Байменовтің баяндамасында көрсетілді. «Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан әлеуметтік-экономикалық реформалармен қатар, мемлекеттің рөлін өте терең өзгерткен трансформацияларды жүзеге асырды. Осының ішінде мемлекеттік қызметті жетілдіру де бар. Әрине, 90-жылдардың ортасында жаппай жекешелендіру мен либерализация өткеннен соң, нарықтық экономиканың қыр-сырын білетін, нарықтық экономикадағы мемлекеттің рөлін анық түсінетін мемлекеттік қызметшілер қажет болды. Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебінің ұйымдастырылуы осы қажеттілігімізді өтеу үшін керек болды. Қазір жиырма жылдан соң сол кездегі шешімнің дұрыс екеніне көзіміз жетіп отыр. Өйткені, осы мектептің түлектері әр салада оның ішінде, мемлекеттік басқару саласында биік жетістіктерге жетті. Сонымен қатар, жалпы ұзақ мерзімді қажеттілікті өтеу үшін Елбасы 1993 жылы арнайы «Болашақ» бағдарламасын құрып, бүгінгі уақытта біз сол «Болашақтың» мыңдаған түлектерінің ел әлеуетін көтеруде үлес қосып жүргенін көріп отырмыз. Қазақстан мемлекеттік қызмет саласындағы реформаларда аймақтық көшбасшы болып табылады. Оған бір негіз, біз әрдайым озық, халықаралық тәжірибелерді зерделеп, соның жақсыларын ендіруге тырыстық. Екінші шешуші фактор – Елбасының саяси жігері. Біз қазір Қазақстанда мемлекеттік қызмет реформасының үшінші кезеңін жүзеге асырудамыз. Мемлекеттік қызмет саласындағы аймақтық хаб таяуда ғана үлкен еңбекті бітіріп, тұсаукесерін өткізді. Бұл – әлемдегі мемлекеттік қызмет саласындағы жаһандық трендтер. Біздің бағалауымызша Қазақстанда болып жатқан реформалар осы жаһандық трендтерге сәйкес. Дегенмен, біз әрдайым алға қарай жетілдіре түсу тетіктерін қарастыруымыз қажет», – деді ол.
Мемлекеттік қызметшілерді даярлау тәжірибесімен Францияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Франсис Этьен бөлісті.
Форум қорытындысы бойынша Үкіметке Қазақстан Республикасының саяси мемлекеттік қызметін жетілдіру және жаңа тұрпатты басқарушыларды даярлау бойынша ұсынымдар әзірленді.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»