04 Қазан, 2016

Алматы алақанға салғандай

496 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
image001Демалыс күні алматылықтар қуанышты оқиғаның куәсі болды. Сенбі күні Алматыда алып шолу дөңгелегі пайдалануға берілді. «Happy Eye» атауына ие болған дөңгелек Орталық Азиядағы ең үлкені деседі. Бүкіл қаланы алақанға салғандай анық көрсететін демалыс нысанының ашылуына қала әкімі Бауыржан Байбек қатысып, алғашқылардың бірі болып «Happy Eye» арқылы мегаполисті төбесінен көрді.  Қаланы 16 минутта тамашалап шығуға болатын «Happy Eye» дөң­гелегі MEGA Alma-Ata сауда, ойын-сауық орталығының аумағында ор­наласқан. 2015 жылы Mega Cen­ter Management компаниясы «Hap­py Eye» құрылысына автокөлік тұра­ғы есебінен 1765 шаршы метр жер­ді қарастырған болатын. Қала кел­беті­мен үйлесе кеткен шолғыншы дөң­гелек парк аумағынан тыс орналасқан. Бұл жобаны HAPPYLON компаниясы мен иесі «Astana Group» компаниясы біріге отырып жүзеге асырды. Қала тұрғындары ғана емес, келген қонақтарға тамаша әсер сыйлай алатын Алматының алып дөңгелегі туристерді тартуға да септеседі деп күтілуде. HAPPYLON компаниясының негізін қалаушы әрі қожайыны Рустам Агеев жобаны жүзеге асыру барысында қолдау көрсеткен барлық азаматтарға алғысын білдіре келе: «Алматы қаласының әкімдігі бізге «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында «кәсіпкерлік секторын сауықтыру» бағытында сенім артты. Қала билігі құрылыс кезінде барлық талаптардың қатаң сақталуын қадағалады. Бұл өз кезегінде нысанды пайдалану кезіндегі қауіпсіздіктің кепілі болатыны сөзсіз», деді. Сонымен, «Happy Eye» құры­лы­сының техникалық тұрғыдағы жұмыстарын АҚШ пен Жапо­нияның жер сілкінісіне қауіпті ай­мақтарында осыған ұқсас нысан­дардың құры­лысымен айна­лысқан Тechnical Park италиялық ком­па­ниясы атқарған. Аталған жобаға 1,6 миллиард теңге инвестицияланған. «Happy Eye» құрылысына кеткен қаражат 5-7 жылда өзін өзі ақтайды деген есеп бар. Салмағы 360 тоннаны құрайтын шолу дөңгелегінің іргетасын құю үшін 857 тонна бетон қажет болған. Жоғарыда атап өткендей, «Happy Eye» техникалық талаптарға сай құрастырылған және мемлекеттік сараптамадан өткен. Оған қоса, Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтының мамандары тәуелсіз сараптама жүргізген. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ