05 Қазан, 2016

Татулық тағылымы

262 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Тұңғыш Президент қорының Алматыдағы бас кеңсесінде «Азаматтық және этностық топтар – жалпыұлттық бірлік пен бейбіт қатар өмір сүруге қол жеткізу стратегиялары» атты халықаралық конференция өтті. Қазақстан халқы Ассамблея­сының бастамасымен қолға алынған шараны қазақстан­дық немістердің «Возрож­дение» қауымдастығы мен  Кон­рад Аденауэр атындағы қор ұйым­дастырды. ҚХА Төрағасының орынбасары – Президент Әкім­шілігінің Қазақстан халқы Ассам­блеясы Хатшылығының мең­геру­шісі Ералы Тоғжанов, Гер­манияның елшісі Рольф Мафаэль, ЕҚЫҰ-ның Аз ұлттар ісі бойынша Жоғарғы комиссарының аға кеңесшісі Андрей Ханжин және Германия Бундестагының депу­таттары мен отандық үкімет­тік емес ұйымдардың өкілдері қатыс­қан конференцияда қазір­гі әлемдегі этностардың шоғыр­лануы мен жалпыұлттық бірліктің сақталуы жайында әңгіме өрбіді. Әлемдегі геосаяси оқиғалар адам­дардың этностық шоғыр­лануына да әсер ететіні соңғы жылдары анық байқалып келе­ді. Әсіресе, демографиялық дүм­пулерден кейінгі және дағдарыс жағдайындағы миграциялық қозғалыс дамыған елдердің бас ауруына айнала бастағандай. Қазіргі Еуропа елдері үшін тұрғы­лықты этностардың қалыпты дамуына теңіз дауылындай аласапыран әкелген босқындар мәсе­лесі өткір тұр. Таяу Шығыс­тағы, Араб әлеміндегі, Афри­ка құр­лы­ғындағы саяси-экономи­калық тұрақсыздық пен соғыс өрті мыңдаған адамдардың мекенжайын тастап шығып, кәрі құрлыққа ағылуына жол ашты. Бұл онсыз да даму тарихында этникалық экспанциядан көз ашпаған елдер үшін үлкен мәселе тудырып отыр. Мәселен, бүгінгі Германияда аз ұлттар жайы мемлекеттік деңгейде қаралатын мәселеге айналды. Неміс топырағына табан тіреген этностық топтар ел­дің экономикасына ғана емес, әлеу­меттік-саяси дамуына да ық­пал етіп отыр. Өйткені, аумаққа ен­ген әрбір босқын тұтынушы ғана емес, ұлттық мәдениетті тара­ту­шы да болып саналады. Де­мек, қан­шалықты азаматтық қо­ғам құру­ға ниетті болғанымен, Гер­ма­ния билігі үшін этностық топ­тар­дың мүддесін көздейтін де қа­дам­дарға баруына тура келіп отыр. Алматыдағы жиында осы мәселелер өткір қозғалды. Және бұл әңгімелердің Қазақ елінде сөз болуы да кездейсоқтық емес. Елімізде азаматтық және этнос­тық топтар арасындағы тату­лық, бейбіт өмір сүруге қол жет­кізудің жасампаз жобасы сәтті іске асып отыр. Қазақстан халқы Ассамблеясының шаңырағы ас­тында атқарылып отырған жұмыс­тардың өзі көптеген елдер үшін үлгі болатыны анық. – Қазақстанның көпұлтты ел ретін­дегі даму моделі бізді қат­ты қызық­тырады. Қазір Еуропа ел­дері этностық дамуға қатысты көз­қарасын қайта қарау үстінде. Ондаған ұлтты бір идея аясына ұйытып, олардың салт-дәстүрі мен мәдениет, тілін сақтап, дамы­туға жол ашатын жұмысты үлгі тұ­та­­мыз. Әрі биыл ЕҚЫҰ төр­аға­сы ретінде Германия өз тара­пы­­­нан Қазақстан көтерген төрт тарап­ты ұсынысты әрі қарай дамы­тып жалғастыратын болады, – деді конференция барысында Гер­манияның елшісі Рольф Мафаэль. Елші емеурін білдірген қазақ­стандық төрт тарапты ұсыныс еліміз 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына жетекшілік еткен кезде айтылған болатын. Біздің миссия ұйым жұмысын Мақтаныш, Жауапкершілік, Төзімділік пен Беріктік ұстанымымен жалғас­тыруды көздеген еді. Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ