Туризмдегі теңдессіз әлеует
Әрине, қазіргі күні елімізде туризм туралы сөз болғанда, ЭКСПО-ға тоқталмау мүмкін емес. Осы тұрғыда қазақстандық тарап Астана қаласы және Маңғыстау облысының туристік әлеуетін таныстыра отырып, халықаралық ЭКСПО-2017 мамандандырылған көрмесі жайында кеңінен әңгімеледі. Ресейліктер Қазақстан мен РФ-ның Челябі, Волгоград, Свердлов, Орынбор облыстары арасында туристер санын көбейту жайында өз көзқарастарын білдірді. Сессияны «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева жүргізіп отырды. Ол сөз арасында қазақстандық туризм саласын дамыту және Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасында аталған саланы өркендету тұрғысындағы жоғары мүмкіндіктер көкжиегін атап өтті. «Біз көздеп отырған мәселелер, ол – жол мен көлік қолжетімділігі, қонақ үйлердегі, әсіресе, өңірлердегі қонақ үй қызметінің сапасы, көрікті орындарды ақпараттық қолдау. Бұл мәселелер, менің ойымша, екі ел үшін де өзекті. Бір жағынан, туристік саладағы ынтымақтастығымыздың әлеуеті өте қуатты. Трансшекаралық бағдарлар жасауға, тұрақты авиарейстер мен темір жол қатынасы ауқымын кеңейту және чартерлік рейстерді іске қосу арқылы көлік қолжетімділігін арттыруға дайынбыз», деді Ю.Якупбаева. Сондай-ақ, ол қазіргі уақытта алда тұрған маңызды міндеттердің бірі ретінде, ұсынылатын турөнімдердің сапасын көтеріп, туристік ұсыныстар таңдауын кеңейту арқылы туркомпаниялар мен қонақ үйлердің, тамақтану орындарының, әуе тасымалдаушыларының, көлік компанияларының күш біріктіруін атап өтті. Ал еліміздің Инвестициялар және даму вице-министрі Тимур Тоқтабаев өз кезегінде Ресейден Қазақстанға келетін туристер санының жыл сайын көбейіп келе жатқанына назар аударды. «2015 жылы еліміз ресейлік азаматтар үшін сыртқа шығатын туризм бойынша танымалдылығы жағынан 4-ші орын алды. Қазақстанда 3 млн ресейлік болып қайтты. Қонақтар ең көп тынығатын жер ретінде Бурабай шипажай аймағы, Павлодар облысындағы Баянауыл ұлттық саябағы, Балқаш және Алакөл көлдері, Шымбұлақ тау-шаңғы шипажайы көзге түсті», деді вице-министр. Ресей Федерациясы Мәдениет министрлігінің Туризм бойынша федералдық агенттігінің жетекшісі Олег Сафонов, Ростуризм мекемесі ресейлік-қазақстандық қарым-қатынастың салалары мен мүмкіндіктерін барынша кеңейту үшін ықпалдастық құралдарын белсенді қолдануда екенін атап өтті. ТМД елдерінің Туризм жөніндегі кеңесінің желісі бойынша, ТМД ортақ туристік кеңістігін құруда жұмыс жалғасып, оған Қазақстан да белсенді ат салысуда. «Форум аясында «Қазақстан мен Ресей арасында туризмді дамытудың жаңа мүмкіндіктері» атты панельдік сессияны өткізу – елдеріміздің әлеуметтік-экономикалық қатынастары құрылымын қалыптастыруда, халыққа арналған мәдени-танымдық және сауықтыру бағдарламаларын жүзеге асыруда туризм индустриясының қаншалықты салмақты рөлге ие екеніне айқын дәлел», деді О.Сафонов.ЭКСПО-ға Ресей белсенді қатысады
Жиында «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ербол Шорманов көрмені өткізуге дайындық жайын әңгімелей отырып, бүгінде аталмыш шараға қатысу туралы ниетін, Ресейді қосқанда, 103 ел мен 17 халықаралық ұйым растағанын мәлімдеді. Ресей павильоны аумағы бойынша ең ірілердің бірі және мың шаршы метрден астам жерді алып жатыр. Сессияда сөз алған Орынбор облысы дене шынықтыру, спорт және туризм министрі Олег Пивунов Қазақстан мен Ресей шағын және орта бизнесін, сервистік индустриясын, туризмін дамытудағы Ұлы Жібек жолын жаңғырту маңыздылығын атап өтті. «Орынбор облысы арқылы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің бір бөлігі өтеді. Онда халықаралық Жібек жолы автотуристік кластерін құру идеясы бар. Жаһандық тұрғыда Жібек жолын жаңғырту мен оның шеңберінде халықаралық туристік автокластер жасау, халықаралық байланыстарды дамытуға, мемлекет-жекеменшік серіктестігі мен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға тың серпін бермек», деді О.Пивунов. Сонымен қатар, елордалық туризм қауымдастығының президенті Рысты Қарабаева өз кезегінде автокеруен сынды туристік амалдың келешегі зор екенін мысалға келтірді. Оның айтуынша, Қазақстан шекара маңындағы ресейлік туризм әуесқойларына, «Ұлы Жібек жолы» сүрлеуі мен Қазақстанның өзге де көрікті жерлеріне саяхатты қоса алып жүруді ұсына алады. Панельдік сессия барысында Қазақстан Республикасы Батыс Қазақстан облысы әкімдігі мен Ресей Федерациясы Орынбор облысы үкіметі арасында туристік саланы дамыту бойынша ынтымақтастық меморандумына, Астана қаласы әкімдігі «Астана Конвеншн Бюро» ЖШС мен Свердлов облысы «Свердлов облысының туризмді дамыту орталығы» мемлекеттік бюджеттік мекемесі арасында туризмді дамыту саласындағы ынтымақтастық жайлы келісімге және де «Астана Конвеншн Бюро» ЖШС мен «Қорған облысы спорттық дайындық орталығы» мемлекеттік автономдық мекемесі арасында туризмді дамыту саласындағы ынтымақтастық жайлы келісімге қол қою рәсімі өтті. Тараптар екі ел арасындағы туризмді дамыту Қазақстан мен Ресейдің туристік беделін нығайтуға, туристік әлеуетті ілгері жылжытуға, елдердің экономикалық, мәдени және әлеуметтік даму салаларын нығайтуға оң әсер ететініне сенім білдірді.Қатынастың кеңейген көкжиегі
Форумға дейінгі панельдік сессиялардың келесі бірі екі елдің көлік-логистикалық кешенін дамыту тақырыбына арналды. Онда Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықтың автомобиль, темір жол, теңіз және әуе көліктері, сонымен қатар, Қазақстан мен Ресей арасындағы автомобиль жолдарын дамыту сияқты негізгі мәселелер талқыланды. Еліміздің Инвестициялар және даму вице-министрі Берік Камалиев Қазақстанның темір жолы мен автомобиль жолдарының Ресейдің ірі шекаралық аймақтарына шығуы қамтамасыз етілгендігін атап өтті. Олар Қазақстан мен Ресей арқылы Қытайдан Еуропалық одақ елдері мен Парсы шығанағына шығатын жолаушылар мен жүк тасымалының артуына мүмкіндік туғызатын халықаралық көлік дәлізі саналады. Шара қорытындысында «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ, «Ресей автомобиль жолдары» мемлекеттік компаниясы мен «РТ-Инвест көлік жүйесі» жауапкершілігі шектеулі қоғамы арасында өзара түсіністік және ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Айта кетерлігі, бүгінгі таңда екі ел арасында күнделікті 20 әуе рейсі қатынайды. Қазақстан мен Ресей арасында 29 ұшу бағыты қамтылған.Сауда-саттыққа соны серпін
Форумның аясында, сонымен қатар, еліміздің Ұлттық экономика министрi Қуандық Бишiмбаев пен Ресейдің Экономикалық даму министрi Алексей Улюкаев кездесті. Министрлер екіжақты ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады. Еліміздің Ұлттық экономика министрiнің айтуынша, қазіргі күні Қазақстан мен Ресейдiң сыртқы сауда айналымы бiршама төмендеген. Екi елдiң өзара саудасы 2014 жылмен салыстырғанда 20-25 пайызға азайған. Бұл қазіргі қалыптасқан экономикалық жағдайға байланысты болып отыр. Қазақстандық тауар өндiрушiлерге Ресейге шығу қиын, себебi, көршi елде Қазақстандағы сияқты тұтынушы сұранысы төмен. Жалпы, экономика тауарды аз тұтынатын болды. Сондықтан, көптеген проблемалар сауда кедергiлерiмен емес, ортақ экономикалық мәселелермен байланысты. Сондай-ақ, ол сауда айналымы төмендегендiктен, 2016-2017 жылдарға арналған өзара сауданы кеңейтуге бағытталған шаралар тiзбесiнiң жобасы дайындалғанын мәлiмдедi. «Ресей – бiздiң iрi сауда серiктесiмiз. Ресей экономикасының жай-күйі Қазақстанның iшкi ахуалына үлкен әсер етедi. ЕАЭО аясында қарастырылатын маңызды құжаттардың бiрi – Кеден кодексі, оның шеңберiнде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің үшiншi елдермен өзара саудасында іске асатын процедураларды жеңiлдету керек. Ал бүгiн бiз сауда айналымын дамытуды көздейтiн жоспарға, яғни арнайы хаттамаға қол қойдық. Онда 45 шара көзделген. Бiрлескен iс-шаралар аясында экономиканың түрлi салаларында 4 млрд доллардың 27 инвестициялық жобасын жүзеге асыру жоспарланған. Олардың қатарында «Еврохим», Өскемендегi «Автоваз», металлургия, агрөнеркәсiп салаларындағы жобалар бар. Биыл екi ел арасындағы сауда айналымын 700 млн долларға өсiрудi көздеп отырмыз. Одан кейiн көрсеткiштi дағдарысқа дейiнгi деңгейге жеткiзу жоспарда бар», дедi Қ.Бишiмбаев. Екі ел арасындағы сауда айналымы көңіл көншітпейтінін Ресейдің Экономикалық даму министрi де тілге тиек етті. «Бұл екi елдiң проблемасы ғана емес, бүкiл әлемдiк саудада осындай жағдай қалыптасқан. ЭДЫҰ дүниежүзiлiк сауданың рекордтық төмен көрсеткiшiн белгiледі. Биыл әлемдiк сауда шамамен 1,7 пайызға жетсе, әлемдiк экономикалық өсiм 3 пайызға жуықтады. Мұндай жағдай екiншi жыл қатарынан қалыптастып отыр, бұрын әлемдiк сауда мен экономикалық өсiм көрсеткiшi керiсiнше болған. ЕАЭО аясында келiсiп, әрекет еткен жөн. Кеден кодексі деген маңызды, қарым-қатынасты жеңiлдету үшiн кеден органдары арасында ақпараттық алмасуды ұйымдастыру керек. Кедергiлердi алып тастап, инфрақұрылымды жақсартып, электронды жүйенi дамыту қажет», дедi А.Улюкаев. Тараптар бизнес миссиялар, ақпараттық жүйелердің интеграциялануын және өзара сауданың деректерін салыстыруды жүргізу жөнінде келісті, бұл сауда айналымының ұлғаюына қосымша серпін береді және бизнес үшін қолайлы жағдайлар жасайды. Сауда-саттықты кеңейту шараларының іске асырылуы Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда айналымын орта мерзімді перспективада 5-тен 11 пайызға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді деп күтілуде. Ресей тарапы Қазақстан өңірлерін газдандыру жобасы аясында жабдықтар мен газ жеткізуге қызығушылығын танытты. Министрлер, сондай-ақ, қазақстандық кәсіпорындардың Ресейдің импортты алмастыру бағдарламаларына қатысу мүмкіндіктерін талқылады. Кездесудің қорытындысы бойынша министрлер талқылау барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды бекітетін хаттамаға қол қойды. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан» Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ, «Егемен Қазақстан»