Бұған дейін хабарланғанындай, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова 29-30 қыркүйек күндері Әзербайжан Республикасында сапармен болып, онда V Баку халықаралық гуманитарлық форумына қатысты. Мемлекеттік хатшы сапар барысында, сондай-ақ, Әзербайжан Республикасының Премьер-министрімен, Милли Меджлисінің төрағасымен және басқа да жоғары мемлекеттік лауазым иелерімен кездесіп, екіжақты мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастарды одан әрі нығайтудың келелі мәселелерін талқылады.
Қазақстанның тамыры ортақ, түбі бір түркітілдес елдердің бірі Әзербайжан Республикасымен арадағы дипломатиялық қарым-қатынастары 1992 жылдың тамызында орнады. Ширек ғасырға жуық уақытта екіжақты сан-салалы байланыстардың өрісі кеңейіп, жылдан-жылға нығаюда. Бүгінгі таңда тараптық қарым-қатынастар Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2005 жылы Бакуге жасаған ресми сапарының қорытындылары бойынша қол қойылған Стратегиялық серіктестік және одақтастық қарым-қатынастар туралы келісімге сәйкес өркендеуде. Екі ел көпқырлы форматтағы халықаралық және өңірлік ұйымдар аясында да белсенді өзара іс-қимыл жасасып келеді. Нәтижесінде Қазақстан-Әзербайжан арасында қол қойылған түрлі сипаттағы 100-ге жуық шарттар мен үкіметаралық келісімдер, хаттамалар мен меморандумдар бауырлас елдерді мейлінше жақындата түсетін маңызды құжаттардың қатарына шықты.
Мемлекеттер арасындағы өзара сауда көлемі де өрістеп, 2015 жылы 125,5 млн АҚШ долларын құрады. Қазақстаннан аталған елге негізінен мұнай және газ, химиялық шикізаттар, астық өнімдері экспортталады.
Әсіресе, қос мемлекет арасындағы рухани-мәдени байланыстар тамыры жыл өткен сайын тереңдей түсуде. Өткен жылы Баку мемлекеттік университетінің базасында Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Абай Құнанбаевтың 170 жылдығына арналған халықаралық конференция өткізілсе, биылғы жылдың мамыр айында ақын Олжас Сүлейменов өзінің әдеби-қоғамдық қызметінде Әзербайжанның жетістіктерін жарыққа шығаруға қосқан елеулі үлесі үшін Әзербайжан Республикасы Президентінің Құрмет дипломымен марапатталды. Соңғы жылдары білім, спорт салалары бойынша да өзара байланыстар жақсы жолға қойылуда.
Әзербайжан елінің әлемдік қауымдастық деңгейіндегі рухани бастамаларының қатарына еніп, осымен бесінші рет өткізіліп отырған Баку халықаралық гуманитарлық форумына әлемнің 100-ден астам елі мемлекеттік құрылымдарының өкілдері, соның ішінде Нобель сыйлығының лауреаттары, белгілі ғылым, мәдениет және өнер қайраткерлері, сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты.
Форумның ашылу салтанатында Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Алиев, сондай-ақ БҰҰ, ЮНЕСКО және ИСЕСКО өкілдері құттықтау сөз сөйледі.
Форумның пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова V Баку халықаралық гуманитарлық форумы – бұл қоғамның қай бағытта ілгерілеп, қайда бара жатқанын түбірлі түсінік беретін әлемдік ауқымдағы алаң екенін ерекше атап өтті. Өзінің байсалдылығымен танылған бұл іс-шарада ХХI ғасырдың жаһандық сын-қатерлеріне жауаптар іздестіріліп келеді.
Мемлекеттік хатшы баяндама барысында қазіргі заманның басты проблемасы халықтар арасында сенім мен өзара түсіністіктің болмауынан екеніне тоқталды. Ол форумға қатысушылар назарын әлемдік апаттардың алдын алудың негізгі қағидаттарын қамтыған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесіне аударды. Осының негізінде, Қазақстан басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясында 2045 жылға дейінгі Жаһандық стратегиялық бастамалардың жоспарын әзірлеуді ұсынғанын айтты. Бұл жоспар барлық ұлттардың инфрақұрылымдарға, ресурстар мен нарықтарға тең дәрежелі қолжетімділігі негізінде соғыстар мен қақтығыстардың себептерін жоюға бағытталған.
Бұған дейінгі төрт форум аталған пікірталас алаңының тиімділігін дәлелдеді. Сондықтан осындай іргелі іс-шараны өткізу шүбәсіз дүниежүзілік мәдениетаралық және мемлекетаралық диалогтың дамуына елеулі үлес қосады. Қазіргі әлемде жаһандану үрдісі түрлі мәдениеттер мен діни наным-сенімдердің үлкен ауқымда түйісуіне жол ашуда. Ұлтаралық, дінаралық және конфессияаралық үнқатысу негізгі басымдықтардың қатарына көтерілуде, деді өз сөзінде Гүлшара Әбдіқалықова.
Бұдан кейін Мемлекеттік хатшы 25 жыл ішінде Қазақстан басшысының өлшеусіз еңбегінің арқасында елімізде орныққан келісім мен бірліктің бірегей моделі туралы баяндап берді. Қазіргі таңда Қазақстанда 100-ден астам этностық топтар мен 18 конфессияның өкілдері бейбітқатар өмір сүруде. Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап біздің еліміз азаматтардың теңдігі, этносаралық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту, тұрақтылықты сақтау саясатын жүргізіп келеді. 1995 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Ассамблея – бұл Мемлекет басшысы жетекшілік ететін конституциялық орган. Оның басты мақсаты теңдік, жалпы құндылықтар мен азаматтық негізде біртұтас Қазақстан халқын қалыптастыру болып табылады. Бұл бірегей қоғамдық және жалпыхалықтық институт еліміздің 1 338 этномәдени бірлестігінің, қоғамдық келісімнің 1 933 кеңесінің жұмысын үйлестіреді, Парламент Мәжілісінің 9 депутатын сайлайды.
Гүлшара Әбдіқалықова, сондай-ақ, біз жалпы азаматтық және патриоттық құндылықтарға құрылған «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясына топтасудамыз, деп атап өтті. Бұл жасампаз қазақстандық патриотизмнің негізі болып табылады. Қоғамның біріктіруші ұраны «Бірлік әралуандылықта» деп аталады. Біз алдағы уақытта да қазақстандық бірлік пен біртектілікті біртұтас азаматтық қағидаттарының және «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық құндылықтарының негізінде нығайтатын боламыз. Бүгінгі таңда Қазақстан әлемдік қауымдастықтың белсенді қатысушысы болып табылады және прогресшіл жаһандық бастамаларға жан-жақты қолдау көрсетуде. Бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудің маңызды факторларының бірі орнықты даму, экономикалық сатылап өсу болып табылады. БҰҰ-ның Орнықты дамудың 17 мақсаттары біздің ұлттық, өңірлік және жаһандық деңгейде кедейшілікті жою және азаматтар үшін барынша жайлы, саламатты, қауіпсіз және үйлесімді өмірді қамтамасыз етуге бағытталған бірлескен іс-қимылдарымыздың шын мәніндегі жаһандық негізі саналады.
Еліміздің басты бағдарламалық құжаты – «Қазақстан-2050» Стратегиясы Орнықты дамудың жаһандық күн тәртібімен үндесіп отыр. Біздің мақсатымыз – білімді, зерттеуді, ғылымды, медицинаны, инновациялар мен технологияларды инвестициялау арқылы білім экономикасына және жоғары технологиялар секторын дамытуға көшу болып табылады. Бұл Қазақстанның 2050 жылы әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіруіне мүмкіндік туғызбақ.
Мемлекеттік хатшы өз баяндамасында Елбасы белгілеп берген Бес институттық реформаның маңыздылығына тоқталды. Кәсіби мемлекеттік аппарат құру, заңның үстемдігін қамтамасыз ету, индустрияландыру және экономикалық өсім, біртектілік пен бірлік, есеп беретін мемлекетті қалыптастыру сияқты Халықтық реформаның негізінде биылғы жылдың басынан бері «100 нақты қадам» Ұлт жоспары жүзеге асырылуда.
Баку форумының шеңберінде Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Әзербайжан Республикасы Милли Меджлисінің төрағасы Октай Асадовпен кездесті. Мемлекеттік хатшы Қазақстан – Әзербайжан қарым-қатынастары жоғарғы серпінде екендігіне тоқталды. Гүлшара Әбдіқалықова ағымдағы жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ресми сапары екіжақты қарым-қатынастардың маңызды оқиғасына айналатынын атап өтті. Гүлшара Әбдіқалықова қазақстандық бастамаларға бұлжымас қолдау көрсетіп отырғаны үшін Әзербайжан тарапына шынайы ризашылығын білдіріп, Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізудегі дайындық бойынша іс-шараларға белсенді қатысулары үшін алғыс айтты. Сонымен бірге, екеуара әңгімелесу кезінде Мемлекеттік хатшы Әзербайжанның үстіміздегі жылы БҰҰ аясында Өркениеттер альянсының Жаһандық форумын табысты өткізуімен құттықтап, аталған іс-шарада Қазақстанның жоғары деңгейде ат салысқанын атап өтті. Әзербайжан елі Мультикультурализм жылы деп белгілеген биылғы жылы нақ осындай кең ауқымдағы іс-шараның өткізілуі бауырлас Әзербайжанның әлемдік деңгейдегі беделін арттыра түсетініне сенім білдірді.
Сол күні Қазақстан Репсубликасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Әзербайжан Республикасының Бірінші ханымы, Гейдар Алиев қорының президенті Мехрибан Алиевамен кездесті. Мехрибан Алиевамен кездесу барысында Мемлекеттік хатшы елдеріміз арасындағы қарым-қатынастарды дамытуда қос мемлекет басшыларының осыдан он бір жыл бұрын, 2005 жылы қол қойған Стратегиялық серіктестік және одақтастық қарым-қатынастар туралы келісімге сәйкес дамып жатқанын атап көрсетті.
Тұтастай алғанда, Әзербайжанда өткен форум аясында мультикультурализмді дамыту, адамдардың жаппай көшу жағдайында адами капиталды сақтап қалу, орнықты даму мәселелерін қамтитын дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды. Іс-шара қорытындысы бойынша V Баку халықаралық гуманитарлық форумының декларациясы қабылданды.
Әзербайжанға жасаған сапарының екінші күні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған іс-шараға қатысып, V Баку халықаралық гуманитарлық форумының шеңберінде Әзербайжанның бірқатар ресми тұлғаларымен кездесулерін жалғастырды.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған кездесуге «Қазақстан – Әзербайжан» достық қоғамының белсенді мүшелері, бизнес қауымдастығының өкілдері, отандастар қатысты. Мемлекеттік хатшы ширек ғасыр ішінде Қазақстан елеулі жетістіктерге қол жеткізгенін атап өтті. Өмірлік іс-әрекеттің түрлі салаларында түбегейлі реформалар жүргізілді. Жиналғандар алдында сөйлеген сөзінде Мемлекеттік хатшы ұзақ мерзімге белгіленген әлеуметтік басымдықтар халықтың өмір сүру деңгейі мен әлеуметтік қолдаумен қамсыздандыру бойынша жақсы нәтижелер беріп жатқанын айтты.
Тәуелсіздіктің 25 жылында әлеуметтік салада кедейшілік 47%-дан 2,5%-ға, жұмыссыздық деңгейі 13-тен 5 %-ға азайып, халықтың табысы адам басына шаққанда 28 доллардан 302 долларға дейін артты. Халықтың жан басына шаққандағы ІЖӨ көлемі тәуелсіздіктің алғашқы жылы 300 долларды құраса, 2015 жылы бұл көрсеткіш 10,5 мың долларға жетті. Біздің еліміз үшін адами капиталды инвестициялау басты басымдық болып саналады. Республикамызда бала туу көрсеткіші әлдеқайда жоғарылады. Жүйелі жүргізілген жұмыстың нәтижесінде Қазақстанда өмір сүру жасы 72-ге дейін көтерілді.
Гүлшара Әбдіқалықова бірліктің, ынтымақтың және рухымыздың беріктігінің арқасында біз экономикалық дамуға, азаматтық келісімге қол жеткіздік деп атап өтті. Қазақстан Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұсынған Бес институттық реформада көшу сатысы айқындалған мемлекеттік құрылыстың жаңа сапалы кезеңіне көшті. «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясы Ұлт жоспарының негізгі бағдарына айналды.
Кездесу барысында Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстанның тәуелсіздік жылдары ішіндегі әлеуметтік-экономикалық саладағы жетістіктері туралы айтты, сондай-ақ еліміздің халықаралық деңгейде мойындалған бастамаларына егжей-тегжейлі тоқталды. Мемлекеттік хатшы кездесуге қатысушылардың назарын ағымдағы жылы Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммитте Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев жария еткен «Әлем. XXI ғасыр» манифесіне кеңірек тоқталды. «Бұл Қазақстанның бейбітшілік пен жасампаздыққа айнымастығының жарқын дәлелі ретінде қызмет етіп, бүгінгі күннің шындығына объективті баға беретін бүкіл адамзатқа арналған ашық үндеу», деді Мемлекеттік хатшы.
Сол күні Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Әзербайжан Республикасының Премьер-министрі Артур Таир оғлы Расизадемен кездесті. Қазақстан – Әзербайжан қарым-қатынастарының, оның ішінде сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытудың өзекті мәселелері талқыланды. Айталық, 2015 жылдың қорытындысы бойынша тауар айналымы 116,8 млн АҚШ долларын құрады. Тараптар өзара тиімді әріптестікті одан әрі дамытудың айтарлықтай әлеуетін атап өтті.
V Баку халықаралық гуманитарлық форумының соңында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Әзербайжан Республикасы Отбасы, әйелдер және балалар мәселелері жөніндегі мемлекеттік комитетінің Төрайымы Иджран Гусейновамен кездесті. Гүлшара Әбдіқалықова гендерлік теңдік стратегиясының іске асырылуы биыл аяқталатынын атап өтіп, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2030 жылға дейінгі Қазақстан Республикасында Гендерлік және отбасылық саясат жөніндегі тұжырымдамасының әзірленіп жатқанын айтты.
Қорыта айтқанда, Мемлекеттік хатшының Әзербайжанға жасаған екі күндік жұмыс сапары осындай маңызды кездесулерге, тиімді жүздесулерге толы болды. Қазақстан – Әзербайжан қарым-қатынастарын жаңа бір қырымен еселеп, қос ел басшыларының өзара байланысты өрістетуге негізделген уағдаластықтарын одан әрі тереңдетуге, Ұлы Дала елінің рухани-мәдени, әлеуметтік-гуманитарлық жетістіктерін жан-жақты таныстыруға мүмкіндік берді.
Гауһар ҚАСЫМЖАНОВА,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысы хатшылығы меңгерушісінің орынбасары
АСТАНА – БАКУ – АСТАНА