1995
* 8 маусымда Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде Абай Құнанбаевтың туғанына 150 жыл толуына арналған мерейтойлық шаралар аяқталды.
* 13 маусымда Президент Н.Ә.Назарбаев Алматыда Түркия Республикасының Президенті С.Демирелді қабылдады. Маусымның 14-і күні Нұрсұлтан Назарбаев пен Сүлеймен Демирел Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауидің кесенесін калпына келтіру жұмыстарымен танысты. Бұдан кейін олар Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық Қазақ-түрік университетінің жаңа ғимаратының іргетасын қалау рәсіміне қатысты.
* 22-26 маусым аралығында Президент Н.Ә.Назарбаевтың Индонезияға ресми сапары болды. Онда Елбасы Индонезия Президенті Сухартомен келіссөз өткізді.
*1 шілде күні 11 сағат 15 минутта Президент Н.Ә.Назарбаев Іле Алатауындағы Абай шыңында Қазақстан жалауын көтерді. Ұлы ақын атындағы шыңға шығуды Армияның орталық клубы мен республиканың альпинизм федерациясы ұйымдастырды.
* 1 тамызда Қазақстан Республикасы Конституциясының жобасы жарияланды.
*9 тамызда Ұлы Абайдың 150 жылдығын мерекелеуге байланысты Республика Сарайында салтанатты мәжіліс болды. Онда Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Абай туралы сөз» тақырыбымен баяндама жасады. Елбасы баяндамасы «Егемен Қазақстан» газетінің 10 тамыздағы нөмірінде жарық көрді.
*10 тамызда Абай тойы ақынның туған жері – Семей өңірінде жалғасты. Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен ЮНЕСКО-ның бас директоры Федерико Майор ақынның Семейдегі мұражайының жаңа кешенін ашты. Абай атындағы музыкалық драма театрында салтанатты жиын өтті. Ертеңінде ақын тойы Қарауыл-Жидебайға да келіп жетті. Мұнда Абай-Шәкәрім кесенесі салтанатты түрде ашылды.
*15 тамызда Елбасы Алматыға ресми сапармен келген Түркия премьер-министрі Тансу Чиллер бастаған Түркия делегациясымен кездесті.
*23 тамызда Президент Нұрсұлтан Назарбаев Алматыға ресми сапармен келген Пәкстанның премьер-министрі Беназир Бхуттоны қабылдап, әңгімелесті. Бұдан кейін кеңейтілген құрамдағы үкімет делегацияларының келіссөзі болды.
*28 тамызда Бішкекте түркі тілді мемлекеттер бас
шыларының кездесуі болды. Оған Әзербайжанның Президенті Гейдар Алиев, Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Қырғызстанның Президенті Асқар Ақаев, Түрікменстанның Президенті Сапармұрат Ниязов, Түркияның Президенті Сүлеймен Демирел және Өзбекстанның Президенті Ислам Каримов қатысты.
*30 тамызда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдау жөніндегі бүкілхалықтық референдум өткізілді.
*5 қыркүйекте Орталық сайлау комиссиясының 30 тамыздағы референдумның қорытындылары баспасөзде жарияланды. Дауыс берудің қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданды деп саналды.
*6 қыркүйекте Президенттің резиденциясында Қазақстанның жаңа Конституциясын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа ресми табыс етудің салтанатты рәсімі болып өтті.
* 8 қыркүйекте Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы республикалық баспасөзде жарияланды.
*11-13 қыркүйек аралығында Президент Н.Ә.Назарбаев Қытайға ресми сапармен барды. Сапар барысында ҚХР Төрағасы Цзянь Цзэминьмен және ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Пэнмен кездесті.
* 20 қазанда Президент Н.Ә.Назарбаев АҚШ-қа сапармен барды.
* 22 қазанда Нью-Йоркте Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 50 жылдық мерейтойлық арнайы салтанатты мәжілісі болып өтті. Оған мемлекеттер басшылары, үкімет басшылары және дүние жүзіндегі 160-тан астам елдердің делегациялары қатысты. Мәжілістің алғашқы күнінде Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі. Елбасы сессия күндерінде Пәкістанның премьер-министрі Б.Бхуттомен, Австралияның генерал-губернаторы У.Хайденмен, Сауд Арабиясының сыртқы істер министрі Сұлтанмен, Польшаның премьер-министрі Ю.Олексамен, президенттер – Г.Алиев, С.Ниязов, Б.Ельцин, А.Лукашенкомен кездесті.
* 28 қазанда Президент Н.Ә.Назарбаевтың Палестинаға ресми сапары болды. Н.Ә.Назарбаевтың Палестина басшысы Я.Арафатпен кездесуі барысында екіжақты қатынас мәселелері мен аймақтық және халықаралық өзекті мәселелер талқыланды.
* 14 қарашада Мәскеуде Президент Н.Ә.Назарбаев РФ Президенті Б.Ельцинмен кездесті. Кездесу барысында мемлекеттер басшылары екі жақты қарым-қатынас және ТМД-дағы интеграциялық процестер мәселелерін қарастырды.
* 15 қарашада Президент Н.Ә.Назарбаев Францияға сапармен барды. Онда Мемлекет басшысы Франция Президенті Ж.Ширакпен және ЮНЕСКО-ның Бас директоры Ф.Майормен кездесті.
* 22 қарашада Тәжікстан Президенті Э.Рахмонов Алматыда болды. Оны Президент Нұрсұлтан Назарбаев қабылдады.
* 9 желтоқсанда Қазақстан Парламенті Мәжілісіне депутаттар сайлау өткізілді.
* 16 желтоқсанда Алматыдағы Республика Сарайында Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты кеш болып өтті. Жиында Елбасы: «Біз ежелден еркіндік аңсаған елміз. Бүгін тәуелсіз Қазақстанның іргесін қалап, шаңырағын көтеру құрметіне ие болып отырмыз. Бұл құрмет қана емес, бізге жүктелген үлкен жауапкершілік. XXI ғасырда өмір сүретін келер ұрпақ алдындағы жауапкершілік. Біз ол ұрпақтың еншісіне не қалдырып кетеміз? Келер ұрпақ алдында осылардың бәріне жауап беретін сіз бен біз, ардақты ағайын», деп ой толғады.
*31 желтоқсанда Президент Н.Ә.Назарбаевтың қазақстандықтарға арнаған Жаңа жылдық құттықтауы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланды. Елбасы құттықтау сөзінде 1995 жыл кең-байтақ еліміз үшін халықтың еркін білдірген ерекше жыл болғанын айта келіп, ұлы Абайдың «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста» деген даналық сөзін еске салды.