06 Қазан, 2016

Жаңашылдық жанашырлықпен жүзеге асады

618 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
7777Дамушы елдердің бүгінгі экономикалық ахуалын ескере келгенде, қазіргі заманғы жағдай бизнестен рынокта өзгелермен қатар өмір сүру, яғни бәсекеге қабілетті болу үшін немесе елеулі табыстарға жету үшін жаңаша тұрғыдағы іс-қимылдарды талап етеді. Осы жағынан келгенде инновациялық кәсіпкерлікті жалпы алғанда жаңашыл бастамаларды енгізу арқылы өз сипаттамалары бойынша үздік тауарларды (жұмыстарды, қызмет көрсетулерді) және технологияларды жасауға алып келетін қоғамдық техникалық-экономикалық процесс ретінде айқындауға болады. Инновациялық кәсіпкерліктің барлық түрлерінің негізінде өнімдердің (жұмыстардың, қызмет көрсетулердің) жаңа түрлерін жасау мен игеру, тура мағынасында алғанда, заттарды, құндылықтарды, игіліктерді жасау сияқты жұмыстар жатыр. Осылайша, экономика дамуының іс жүзіндегі прогресі тек тұрмыс деңгейін жақсартудан ғана емес, сонымен бірге оның сапасын арттырудан да тұратындықтан, технологияларды, ғылым мен техниканы дамыту ісі сұраныстың тұрақты түрде сапалы өзгеріп тұру қажеттілігін туындатады. Инновациялық саланың ырғақты дамуы инновациялық экономиканың құрамдас бөліктерінің бірі болып табылады. Ондай жоғары технологиялы экономика тиімді жүйенің және инновациялық үдерістерге қолдау көрсететін институттардың құрылуын қажет етеді. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметтеріне сәйкес, Финляндия, АҚШ, Швеция, Жапония, Оң­түстік Корея, Нидерланд, Ұлыбритания, Кана­да, Австралия және Сингапур инновациялық эконо­микасы бар мемлекеттердің алғашқы онды­ғына кіреді. Одан кейінгі орындарда Қытай мен Үн­дістан тұр. Егер жоғарыда келтірілген жайттар­дың ішкі «астарына» үңіліп көрер болсақ, АҚШ-та инновациялық идеялардың 62 пайызы, ал Жапо­нияда 95 пайызы іс жүзінде қолданылады екен. Егер өз елімізге келер болсақ, өкінішке қарай, Қазақстан бүгінгі күні әлемдегі жоғары технологиялы ұлттардың жиырмалығына да кірмейді. Сонымен бірге, Қазақстанда инновациялық қызметке беріліп отырған рөлдің соншалықты бір шағын емес екенін де атап көрсету қажет. Олай болса, проблема неде? Бұл орайда сарапшылар кәсіпорындардың инновациялық белсенділіктерін арттыруға кедергі келтіретін негізгі бес факторды атап көрсетеді. Олар: инвестициялау мен несиелеудің қолайсыз жағдайлары, тапсырыс берушілердің төлем қабілеттерінің жеткіліксіздігі, жаңашыл бастамалар құнының жоғарылығы, кәсіпорындардың өздерінде қаржы жетіспеушілігі және мемлекет тарапынан қаржылай қолдаудың төмен болуы. Осындай жағдайлар түптеп келгенде жоғары білікті кадрлар тапшылығының туындауына апарып соқтыруда. Персоналды оқыту мен қайта даярлауға жұмсалатын шығындардың ең төменгі деңгейде – кәсіпорын табысының 0,6 пайызы деңгейінде қалып отыруының өзі соған дәлел. Дей тұрғанмен, жоғарыда айтып өткеніміздей, Қазақстанда инновациялық технологияларды дамыту ісіне жете назар бөлінуі бұл бағытта белгілі бір жұмыстардың атқарылуына да алғышарттар жасауда. Ұлттық инновациялық жүйені тиімді қалыптастыру үшін елімізде инновацияларды дамытудың жаңа бас желісі жұмыс істеп, оның шеңберінде Қазақстанда жаңашылдарға сапалы қолдау көрсетілуде. Мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы ғылыми-технологиялық серпілістер жасау үшін қолайлы жағдайлар туғызуда. Бүгінгі таңда ғылым мен өндірісті байланыс­тыру, бизнес-ортаға ғылыми жетістіктерді енгізу инновацияларды дамытудың басты бағытына айналуда. «Толық емес бес жыл ішінде Қазақстан эконо­микасының көлемі 2 есеге артты. Тек биылғы жылдың өзінде ғана инновациялық үлгідегі 350 жаңа кәсіпорын салынды. Біз ғылыми-инновациялық саладағы реформаларға кірісіп кеттік», деп мәлімдеген болатын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының XІV съезінде сөйлеген сөзінде. Осы орайда бұрынғы жылдармен салыс­тыр­ғанда ғылымды дамытуға бөлінетін қаржылардың соңғы уақыттары үш есеге дейін ұлғайғанын айта кету орынды. Мәселен, 2011 жылы «Самұрық-Қазына» компаниялар тобы ғылыми-зерттеушілік және тәжірибелік-конструкторлық талдаулар үшін 8 миллиард теңге қаржы бөлді. Ал, өткен 2015 жылы Қазақстанда ғылыми-зерттеу жұмыстарына бөлінетін қаржы көлемі ішкі жалпы өнімнің 1 пайызына жетті. Бұл еліміздің бүкіл жаңа тарихында ғылым-техникалық прогреске салынған ең ірі қаржы болып табылады. Алдағы жылы «Болашақ энергиясы» тақырыбымен Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесі Қазақстанда жаңа технологияларды дамыту үшін оңтайлы алаңға айналатын болады деп күтілуде. Бұл көрмеде әлемнің көптеген дамыған елдері өздерінің озық технологияларын жария ететіні анық. Олай болса, қазірдің өзінде «жасыл» экономиканы алға бастыруда белгілі бір нәтижелерге қол жеткізген елімізді бұл бағытта айтарлықтай табыстар күтіп тұрғанына еш күмән келтірудің қисыны жоқ. Ол үшін бар болғаны игілікті істі ілгерілетуге деген жанашыр көзқарас қажет. Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан»