06 Қазан, 2016

Сөз туралы сөз

752 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
asn_4303Атақты Бұқар жыраудың «Қол бас­тау қиын емес, сөз бастау қиын» деген ұлағатты сөзі бар. Бұл – көптің алдында сөз сөйлеуге, ойын ортаға салуға бекінген адамға зор жауапкершілік жүктелетінін білдірсе керек. Себебі, шындап келгенде, сөз – қару. Ол біріктіретін берекеге де, әзәзілдей ірітетін әрекетке де жол ашады. Тек қаруды қалай жұмсайсың, соған байланысты. Яғни, адамды бұзатын да, түзейтін де сөз. Сөз туралы сөз болғанда ойға, бірінші кезекте, қоғамда маңызды орынға ие ақпарат құралдары келері анық. Өткен ғасырдың басында Алаштың аяулы азаматы Міржақып Дулатұлы: «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы мықты» деп ескертуі кездейсоқ емес. Ал ақпараттық кеңістікті бір сәтке болса да бос қалдыру келеңсіз жағдайларға ұрындыратындығы тарихтан белгілі. Сондықтан, ақпарат кеңістігін еркін меңгеріп, өркениетті қоғамға сай ақпараттармен қамтамасыз ету, ел мүддесіне дөп келетін бағыт-бағдарымызды шеберлікпен жеткізе білуіміз керек. Бұл тұрғыда біздің тәуелсіз мемлекетіміз өзінің негізгі Ата Заңының 20-бабында «Сөз және шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі. Цензураға тыйым салынады» деп жазды. «Баспасөз және басқа ақпарат құралдары туралы» Заң егемен еліміздің ең алғашқы заңдарының бірі болды және оған 1999, 2001, 2007 және 2009 жылдары толықтырулар мен өзгерістер енгізіліп, ақпараттық кеңістіктің құрылымы түбегейлі өзгерістерге ұшырады. Егер тәуелсіздіктің алғашқы жылдары республикалық 10 мемлекеттік және 21 мемлекеттік емес басылымдар болса, 2016 жылдың 1 наурызындағы мәліметтерге сәйкес еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдарының жалпы саны 2797-ге жетіп, оның 2485-і газет-журналдар, 266-сы электронды ақпарат құралдары, 46-сы ақпарат агенттіктері болып отыр. Олардың 73 пайызы мемлекеттік емес болып табылады. Интернетті қолдану деңгейі 35 пайызға жетсе, әлеуметтік желінің пайдаланылу үлесі 26 пайызды құрайды. Нәтижесінде, бейнелеп айтсақ, қазір біздің адамдар ақпарат айдынының жағасында қолдарындағы қармақтарымен өздеріне қажетті деген кез келген ақпаратты іліп алу мүмкіндігіне ие. Бұл – еліміздің әр азаматы өзінің «ақпарат алу және ақпарат тарату» конституциялық құқын толық пайдалануда деген сөз. Осылайша, тәуелсіз ой айтуға, жағынбай, тура да тік пікірлерді білдіруге жол ашылып отыр. Осы ретте, «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ», деп атақты Сүйінбайдың сонау алты атасынан бері хандық үзілмеген, азуын айға білеген Тезек төрені ықтыруы асыл сөзінде, ақындық киесінде жатқанын, сондықтан елімізде зайырлы, құқықтық және әлеуметтік қоғам құру жолында салиқалы да саналы, сыни да сындарлы пікірлердің үстем болуы керектігі құпия емес. Мұндай үрдіс те баршылық. Бір ғана мысал. Кезінде Шерағаң мен Камал Смайыловтың «Егемен Қазақстан» газеті арқылы бір-біріне жазысқан хаттары халық арасында көп ой туғызды. Онда көтерілген мәселелер бүгінгі күннің қажетіне жарап қана қоймай, одан да асып, тарихи дүниеге айналды. Қазір де ауыз толтырып айтарлық өнегелі істеріміз баршылық. Жалпы, бұқаралық ақпарат құралдарынан ел өмірінің оң өзгерістерін тұрақты оқып, көріп отырғандықтан, менің ертеңгі күнге деген сенімім берік. Тек қана бір нәрсеге көңілдің алаңдайтынын айтқым келеді. Өкініштісі сол, демократия берілді екен деп артық сөйлеп, артықтау қадам жасап жатқан жағдайлар баршылық. Бұл – кемшіліктерді көрме, ешкімді сынама деген сөз емес. Баяғыда біреу: «Отырсам опақ, тұрсам сопақ дейді; қатты жүрсем қу аяқ дейді, ақырын жүрсем шу аяқ дейді; сөйлесем, тақ-тақ дейді, сөйлемесем, ақымақ дейді; жоғары қарасам, шапыраш дейді, төмен қарасам, сүзбе көз дейді», деген екен. Сол айтқандай, еліміздегі қазіргі өзгерістерге тек жала жабушылар, болмашыға мін тағып, түймедей нәрсені түйедей етіп тырысуға, тәуелсіздікті тәлкек, елдікті келеке етуге құмарлығы үстем адамдар кездесіп қалуда. Қазақ халқының белі көтере алмайтын талаптарға үндейтіндер де бар. Әсіресе, әлеуметтік желілерде мемлекеттік тұтастық пен мемлекеттік тілге қатысты ұшқары ойлар жазатындар да жоқ емес. Жалпы, интернет жүйесінің өскелең ұрпақты теріс жаққа тәрбиелеу фактілері де жетіп артылады. Ондайлардың: «Кісі айыбын айтпақтан оңай жоқ, өз айыбыңды өзің айтқаннан ауыр жоқ», деген ақиқат сөзді қаперлеріне ілуге асықпайтындары да белгілі. Керісінше, олар өздеріне қарсы уәж айтыла қалса: «Менің құқығым тапталуда. Қазақстанда демократияға қастандық жасалуда», деп байбалам салуға дайын. Шын мәнінде жағдай мүлдем олай емес қой. Көпшіліктің менімен келісетіндеріне еш күмәнім жоқ.