06 Қазан, 2016

Қазақстан-Еуропалық одақ: Өзара байланыстарды өрістету жолында

362 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
dsc_4231-3Қазақстан мен Еуропалық одақ сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығын ілгерілету бойынша үнқатысуларын белсенді ете түсуде. Осы орайда, Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов бастаған қазақстандық делегация «Қазақстан Республикасы-Еуропалық одақ» Ынтымақтастық кеңесінің мәжілісі мен «Еуропалық одақ-Орталық Азия» министрлік конференциясына қатысты. Аталған шаралар Бельгияның астанасы – Брюссель қаласында өтті. Ынтымақтастық кеңесінің кездесуі Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы жаңа келісімге (КӘЫК) қол қойылғаннан кейін және оны уақытша қолдану уақыты басталған соң өтіп, екі тараптың өзара іс-қимылының көкейкесті мәселелеріне арналды. Мәслихатта сауда-саттық пен инвестиция, энергетика мен көлік саласын дамыту, қоршаған ортаны қорғау, сондай-ақ, саяси ынтымақтастық пен жаңа сын-қатерлерге қарсы іс-қимыл таныту тақырыптары талқыланды. Күн тәртібінде ерекше орын Қазақстан азаматтары үшін ЕО елдеріне визалық режімді жеңілдету перспективалары мен Қазақстанның нарықтық экономикалы ел мәртебесіне қол жеткізуіне байланысты мәселелерге берілді. Кездесуге қатысушылар қайтадан құрылған Ынтымақтастық комитетінің оң маңызын атап өтті. Енді оның аясында тек экономика мен инвестициялар және сауда-саттық мәселелері талқыланатын болады. Келісім, сондай-ақ, кеден мәселелері бойынша ынтымақтастық жөніндегі жаңа шағын комитет құруды қарастырады. – Қазақстан мен ЕО арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық әлеует әзірше толық ашылған жоқ. Жаңа құрылымдардың негізгі міндеттері осы әлеуетті әрі қарай дамытып, Қазақстан Республикасы мен Еуропалық одақ арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді жүзеге асыруға жан-жақты ықпал ету болуы тиіс, – деп атап өтті Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы. Сондай-ақ, Е.Ыдырысов «Еуропалық одақ-Орталық Азия» министрлік кездесуіне қатысты. Өңірдегі бес елдің сыртқы істер министрлері мен ЕО-ның Сыртқы саясат және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі Федерика Могерини Орталық Азия мен Еуропалық одақ арасындағы Еуроодақтың 2020 жылға дейінгі Өңірлік стратегиясын жүзеге асыру аясындағы қазіргі жағдай мен оның перспективаларын талқылады. ЕО өкілдері Орталық Азия мемлекеттерімен жалпы қауіп-қатерлер мен қауіпсіздік сын-қатерлеріне қарсы тұру, сондай-ақ, Ауғанстанды қалпына келтіру мәселелерінде өзара іс-қимылды белсенді етудің маңызы зор екенін атап көрсетті. Кездесуге қатысушылар адам құқын нығайту мен заң және азаматтық қоғам үстемдігі мәселелеріндегі конструктивті өзара іс-қимылдың маңыздылығына мән берді. Сондай-ақ, су, гидроэнергетикалық, отын ресурстарын орнықты пайдалану саласындағы ынтымақтастықтың маңызы зор екені атап көрсетілді. Е.Ыдырысовтың ерекше назар аударғанындай, екі кездесуде де талқыланған көкейкесті мәселелер Қазақстанның 2017-2018 жылдарғы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі жұмыстарының, сондай-ақ, Астанадағы ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің басымдықтарына толықтай сәйкес келеді. Сонымен қатар, Брюссельде Е.Ыдырысов «Еуропалық одақ-Орталық Азия энергетикалық үнқатысуы» тақырыбында өткен Берлин еуразиялық клубының (БЕК) 18-ші мәжілісіне қатысты. Қазақстан СІМ-інің басшысы мәжіліске қатысушыларды Қазақстанның елде жүргізіліп жатқан реформалар мен ЕО-мен ынтымақтастық басымдықтары тұрғысынан келгендегі әлеуметтік-экономикалық даму барысымен таныстырды. Астанада өтетін ЭКСПО-2017-нің негізгі тақырыбы саналатын энергияның қайталама көздері саласындағы өзара іс-қимыл мәселелеріне баса назар аударылды. Министр Еуроодақпен сауда-экономикалық және энергетикалық байланыстардың бүкіл кешені бойынша ынтымақтастықты өрістету қажеттігін есепке ала келгенде Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы КӘЫК-ні тараптардың жедел ратификациялауының маңызын атап көрсетті. Германияның ЕО-ның Сыртқы саясат және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі комитетінің ресми өкілі Михаэль Флюггер Қазақстан тарапынан Еуропаның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және осы мақсаттарда көлік маршруттарын әртараптандыру бойынша қабылданып жатқан шараларды жоғары бағалады. Ал Германия экономикасы Шығыс комитетінің атқарушы директоры Михаэль Хармс «жасыл» экономиканы дамыту бойынша Германия және Қазақстан саясатының ұқсастығын атап өтті. Тұтастай алғанда, Брюссельдегі кездесулер Қазақстан-Еуропа энергетикалық ынтымақтастығының болашағы тек қазба қуат көздерін сенімді жеткізумен ғана шектеліп қалмай, Қазақстанда қазірдің өзінде барлық қажетті құқықтық база қалыптастырылған энергияның қайталама көздерін дамытудағы белсенді өзара іс-қимылмен байланысты деген пікірге келді. Самат МҰСА, «Егемен Қазақстан»