06 Қазан, 2016

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің бұйрығы  №374 

310 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
  2015 жылғы 22 мамыр, Астана қаласы Донорлық функцияны өтеусіз және ақылы негізде жүзеге асырғаны үшін донорларға ақы төлеу мөлшерін және донорлық функцияны ақылы негізде жүзеге асыратын донорларға ақы төлеуді жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының кодексінің 167-бабының 7 және 8-тармақтарына сәйкес бұйырамын: 1. Мыналар: 1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Донорлық функцияны өтеусіз және ақылы негізде жүзеге асырғаны үшін донорларға ақы төлеу мөлшерлері; 2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Донорлық функцияны ақылы негізде жүзеге асыратын донорларға ақы төлеуді жүзеге асыру қағидалары бекітілсін. 2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті (Г.У.Құлқаева): 1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді; 2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күннің ішінде оны мерзімді баспасөз басылымдарында және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесіне ресми жариялауға жіберуді; 3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін. 3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі А.В. Цойға жүктелсін. 4. Осы бұйрық оны алғашқы ресми жариялаған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Т.ДҮЙСЕНОВА «КЕЛІСІЛДІ» Қазақстан Республикасының Қаржы министрінің м.а. А.ТЕҢГЕБАЕВ__________________ 2015 жылғы «___»__________ Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 22 мамырдағы №374 бұйрығына 1-қосымша Донорлық функцияны өтеусіз және ақылы негізде жүзеге асырғаны үшін донорларға ақы төлеу мөлшерлері 1. Донорлық функцияны ақылы негізде жүзеге асырған донорға ақы төлеу мынадай мөлшерде (тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен белгіленген айлық есептік көрсеткіштер) жүргізіледі: 1) бір реттік қан донациясы үшін (450 миллилитр + 10 %) - 2 айлық есептік көрсеткіш; 2) екі реттік плазмаферез кезінде бір реттік плазма донациясы үшін (550 + 50 миллилитр плазма) - 4 айлық есептік көрсеткіш; 3) екі реттік плазмаферез кезінде миллилитрде 6 Халықаралық Бірліктен кем емес антидене титрі бар иммундық плазманың бір реттік донациясы үшін (550+ 50 миллилитр иммундық плазма) - 7 айлық есептік көрсеткіш; 4) екі реттік плазмаферез кезінде 1 : 64-тен төмен емес резус антидене титрімен изоиммундық плазманың бір реттік донациясы үшін (550 + 50 миллилитр изоиммундық плазма) - 8 айлық есептік көрсеткіш; 5) аппараттық цитаферез кезінде тромбоциттердің бір дозасының бір реттік (дозадағы тромбоциттердің саны кемінде 200 х 109) донациясы үшін - 1 айлық есептік көрсеткіш; 6) аппараттық цитаферез кезінде эритроциттердің бір дозасының бір реттік (дозада кемінде 45 грамм гемоглобин) донациясы үшін - 2 айлық есептік көрсеткіш. 2. Донор 1-тармақтың 1) тармақшасында белгіленген көлемнен аз қанмен оның компонеттерінің донациясы кезінде ақы төлеу 1-тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген мөлшеріне пропорционалды жүзеге асырылады. 3. Донор бір реттік плазмаферез жүргізе отырып, қан компоненттерінің (плазма, иммундық плазма, изоммундық плазма) донациясы кезінде ақы төлеу 1-тармақтың 2), 3), 4) тармақшаларында көрсетілген мөлшерге пропорционалды жүзеге асырылады. 4. Донорлық функцияны өтеусіз негізде жүзеге асырған донор өз қанының көлемін және организмнің энергетикалық шығындарын толтыру үшін донация күні таңдауы бойынша тегін тамақ не тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 0,25 мөлшеріндегі оның ақшалай баламасын алады. Бұл ретте донорға тегін тамақ беру заңнамаға сәйкес жүргізіледі. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 22 мамырдағы №374 бұйрығына 2-қосымша Донорлық функцияны ақылы негізде жүзеге асыратын донорларға ақы төлеуді жүзеге асыру қағидалары 1. Осы Донорлық функцияны ақылы негізде донациялағаны үшін донорларға ақы төлеуді жүзеге асыру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі кодексінің 167-бабының 8-тармағына сәйкес әзірленді және донорлық функцияны ақылы негізде жүргізетін донорларға қан мен оның компоненттерінің донациясы үшін ақы төлеуді жүзеге асыру тәртібін айқындайды. 2. Донор, донорлық функцияны ақылы негізде жүргізетін денсаулық сақтау ұйымдарының тіркеу бөліміне қан қызметі саласында жүзеге асатын донорлардың электронды базасына төл құжат деректерін сәйкестендіруді енгізу үшін жеке куәлігін ұсынады. 3. Донорлық функцияны ақылы негізде жүргізетін донорларға қан мен оның компоненттерінің донациясы үшін ақы төлеуді қан қызметі саласындағы қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары жүргізеді. 4. Қан қызметі саласындағы қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымында қан мен оның компоненттерін донациялаудан кейін нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6697 болып тіркелген «Денсаулық сақтау ұйымдарының бастапқы медициналық құжаттама нысандарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау Министрінің міндетін атқарушының 2010 жылғы 23 қарашадағы № 907 бұйрығымен бекітілген № 404/е нысаны бойынша донорға қан мен оның компоненттерінің донациясын растайтын құжат беріледі. 5. Осы Қағидалардың 3-тармағында көзделген құжаттың негізінде ақы төлеу қан мен оның компоненттерін донациялау күні жүзеге асырылады. 6. Донордың плазмасында плазманы донациялау кезінде оны центрифугалау әдісімен қанның нысанды элементтерінен бөлгеннен кейін онда хилез (бұлдыр, ақ түстен ақшыл түске дейін майлану) байқалған кезде ақы төлеу жүзеге асырылмайды. Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылғы 24 маусымдағы Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне №11424 болып енгізілді.