06 Қазан, 2016

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің бұйрығы  №1037 

241 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
  2015 жылғы 28 желтоқсан,Астана қаласы Көрсетілетін қызметтеріне (тауарларына, жұмыстарына) тарифтерді (бағаларды, алым мөлшерлемелерін) мемлекеттік реттеу енгізілетін ұйымдарда еңбек нормаларын, ұйымдар жұмыскерлерінің еңбегіне ақы төлеу жүйесі бойынша өлшемдерді ұсыну, қарау және келісу қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы Еңбек кодексінің 16-бабының 10) және 11) тармақшаларына сәйкес бұйырамын: 1. Қоса беріліп отырған Көрсетілетін қызметтеріне (тауарларына, жұмыстарына) тарифтерді (бағаларды, алым мөлшерлемелерін) мемлекеттік реттеу енгізілетін ұйымдарда еңбек нормаларын, ұйымдар жұмыскерлерінің еңбегіне ақы төлеу жүйесі бойынша өлшемдерді ұсыну, қарау және келісу қағидалары бекiтiлсiн. 2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен: 1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді; 2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оны мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді; 3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды; 4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін. 3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Б.Б. Нұрымбетовке жүктелсін. 4. Осы бұйрық 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Т.ДҮЙСЕНОВА Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы № 1037 бұйрығымен бекітілген Көрсетілетін қызметтеріне (тауарларына, жұмыстарына) тарифтерді (бағаларды, алым мөлшерлемелерін) мемлекеттік реттеу енгізілетін ұйымдарда еңбек нормаларын, ұйымдар жұмыскерлерінің еңбегіне ақы төлеу жүйесі бойынша өлшемдерді ұсыну, қарау және келісу қағидалары 1. Жалпы ережелер 1. Осы Көрсетілетін қызметтеріне (тауарларына, жұмыстарына) тарифтерді (бағаларды, алым мөлшерлемелерін) мемлекеттік реттеу енгізілетін ұйымдарда еңбек нормаларын, ұйымдар жұмыскерлерінің еңбегіне ақы төлеу жүйесі бойынша өлшемдерді ұсыну, қарау және келісу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы Еңбек кодексіне және басқа да нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес әзірленген. 2. Осы Қағидалар Табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тіркеліміне (бұдан әрі – Тіркелім) енгізілген Табиғи монополиялар субъектілерінің, Мемлекеттік органдар көрсететін ақылы қызметтердің мемлекеттік тіркеліміне (бұдан әрі – Мемлекеттік тіркелім) енгізілген ақылы қызметтер көрсететін мемлекеттік органдардың, реттелетін тауар нарығында Үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілерінің мемлекеттік тізіліміне (бұдан әрі – Тізілім) енгізілген реттелетін тауар нарығында үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілерінің (бұдан әрі – Ұйым) еңбек нормаларын (табиғи монополиялар субъектілерінің нормативтік санын қоспағанда) және (немесе) еңбекке ақы төлеу жүйесі бойынша өлшемдерді ұсыну, қарау және келісудің бірыңғай тәртібін белгілейді. 3. Осы Қағидалардың мақсаттары үшін мынадай ұғымдар пайдаланылады: еңбек жөніндегі уәкілетті орган – еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган немесе еңбек қатынастарын реттеу саласындағы жергілікті атқарушы орган; еңбек (уақыт, өндірім, еңбек сыйымдылығы, қызмет көрсету, сан) нормалары (бұдан әрі – еңбек нормалары) – еңбек шығындарының өлшемі және тиісті біліктілігі бар жұмыскер үшін техниканың, технологияның, өндіріс пен еңбекті ұйымдастырудың қол жеткізілген деңгейіне сәйкес белгіленеді; көрсетілетін қызметтеріне (тауарларына, жұмыстарына) тарифтерді (бағаларды, алым мөлшерлемелерін) мемлекеттік реттеу енгізілетін ұйымдар жұмыскерлерінің еңбегіне ақы төлеу жүйесінің өлшемдері (бұдан әрі – еңбекке ақы төлеу жүйесі бойынша өлшемдер) – Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген еңбекке ақы төлеу саласындағы мемлекеттік кепілдіктерді сақтай отырып, ұйымдар жұмыскерлерінің еңбегіне ақы төлеу шарттарын айқындау; материалдар – еңбек нормаларына және (немесе) еңбекке ақы төлеу жүйесі бойынша өлшемдерге нормативтік, есептік және басқа да негіздеме материалдар; өтінім – Ұйымның ұйымдарда еңбек нормаларын және (немесе) еңбекке ақы төлеу жүйесі бойынша өлшемдерді қарау және келісу туралы еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға, тиісті қызмет саласының уәкілетті мемлекеттік органына, еңбек қатынастарын реттеу саласындағы жергілікті атқарушы органға ресми мәлімдемесі (өтініші); уәкілетті орган – тиісті қызмет салаларының мемлекеттік органдары, ал Ұйым коммуналдық меншікте болған жағдайда, жергілікті атқарушы органдар. Осы Қағидаларда қолданылатын басқа да ұғымдар мен терминдер Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес қолданылады. 2. Ұйымдарда еңбек нормаларын және (немесе) еңбекке ақы төлеу жүйесі бойынша өлшемдерді ұсыну, қарау және келісу тәртібі 4. Еңбек нормаларын келісу туралы өтінімді еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға және уәкілетті органға Мемлекеттік тіркелімге, Тіркелім мен Тізілімнің республикалық, Тіркелім, Тізілімнің жергілікті бөлімдеріне енгізілген Ұйым ұсынады. Еңбекке ақы төлеу жүйесі бойынша өлшемдерді келісу туралы өтінімді: еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға – Мемлекеттік тіркелімге, Тіркелім мен Тізілімнің республикалық бөлімдеріне енгізілген Ұйым; еңбек қатынастарын реттеу саласындағы жергілікті атқарушы органға – Тіркелім, Тізілімнің жергілікті бөлімдеріне енгізілген Ұйым ұсынады. Өтінімге осы Қағидалардың 3-тарауында жазылған тізбелерге сәйкес қажетті материалдар қоса беріледі. 5. Ұйым ұсынған өтінімді еңбек жөніндегі уәкілетті орган ол келіп түскен сәттен бастап күнтізбелік отыз күннің ішінде қарайды. 6. Ұсынылған құжаттарды растау, нақтылау және тексеру үшін еңбек жөніндегі уәкілетті орган: 1) жұмыс тобын құрады және зерттелетін Ұйымға барып, еңбек нормаларына іріктемелі сараптамалық зерттеу жүргізеді (нормаларды белгілеу жөніндегі тексеру есептерін орындау, нормалардың қауырттығын және оларды орындаудың орта пайызын белгілеу, жекелеген жұмыс, операция түрлері бойынша іріктемелі фотохронометраждық бақылаулар жүргізу және келісуге ұсынылған нормаларды тексеру нәтижесінде белгіленген нормалармен салыстыру) және соның негізінде қорытынды даярлайды. Сараптама нәтижелері бойынша қорытынды тұтастай еңбек нормалары бойынша беріледі; 2) іріктемелі сараптамалық зерттеу жүргізуге басқа Ұйымдардың, уәкілетті органның еңбекті нормалау және еңбекке ақы төлеу мәселелерімен айналысатын мамандарын және (немесе) еңбек жөніндегі нормативтерді әзірлеуді жүзеге асыратын тәуелсіз сарапшыларды тартады; 3) Ұйымнан соңғы екі жылдағы еңбекке ақы төлеу жүйесі, жұмыс істейтіндердің саны туралы мәліметтер және көлемдік көрсеткіштерді сұратады. 7. Еңбек нормаларын және (немесе) еңбекке ақы төлеу жүйесі бойынша өлшемдерді қарау нәтижелері бойынша еңбек жөніндегі уәкілетті орган: жобаларға ескертулер мен ұсыныстар болған кезде Ұйымға оларды пысықтау қажеттігі туралы дәлелді қорытынды жолдайды; Ұйым осы Қағидалардың 3-тарауында көзделген материалдарды ұсынбаған жағдайларда өтінімді қарауға қабылдаудан бас тартады; осы Қағидалардың барлық талаптары орындалған кезде Ұйымның еңбек нормаларын және (немесе) еңбекке ақы төлеу жүйесі бойынша өлшемдерін келіседі және оларды уәкілетті органға келісуге және Ұйымға бекітуге жібереді. 8. Ұйым бекіткен еңбек нормаларының (қағаз және электрондық жеткізгіштерде) және (немесе) еңбекке ақы төлеу жүйесі бойынша өлшемдердің (қағаз жеткізгіште) мемлекеттік және орыс тілдеріндегі бір данасы оларды бекіткен сәттен бастап күнтізбелік 10 күннің ішінде еңбек жөніндегі уәкілетті органға жіберіледі. 9. Еңбек нормаларын және (немесе) еңбекке ақы төлеу жүйесі бойынша өлшемдерді еңбек жөніндегі уәкілетті орган және уәкілетті орган үш жылдан аспайтын мерзімге қарайды және келіседі. 3. Ұсынылатын материалдардың тізбесі және олардың мазмұны 10. Ұйымның еңбек жөніндегі уәкілетті органға ұсынатын еңбек нормаларын келісу туралы өтініміне мынадай материалдар: 1) ұсынылып отырған материалдардың тізбесі; 2) еңбек нормаларының жобасы; 3) ұсынылған еңбек нормаларының негіздемесі (оларды операцияларға және зерделеніп отырған операцияны оны құраушы элементтерге бөле отырып, технологиялық, еңбек (өндірістік) процестерін хронометраждық бақылаудың нәтижелері; тиісті есептер, функциялардың матрицалары, лауазымдық міндеттер, құрылымдық бөлімшелер туралы ережелер және басқалары); 4) құжаттық дәлелдемелер немесе еңбекті нормалауды ұйымдастыру саласындағы білікті кадрлармен, мамандармен қамтамасыз етілгенін растайтын әзірлеуші туралы басқа да ақпарат: еңбекті нормалау жөніндегі нормативтік материалдарды әзірлеуді жүзеге асыратын басшы мен жұмыскерлердің жоғары білімінің (экономикалық, инженерлік-экономикалық, техникалық) болуы; басшы мен жұмыскерлердің кәсіптік білімдерін, білімін (диплом, сертификат), ғылыми және практикалық қызметін растайтын құжаттардың болуы, жұмыс орны, өндірістік тәжірибесі және осы саладағы еңбек өтілі туралы мәліметтер; 5) Ұйым еңбек нормаларының жобасын әзірлеу кезінде қолданатын еңбек нормалары (бар болса); 6) уәкілетті органның бұрын қолданыста болған техникалық негізделген нормаларды уақытша (еңбек нормалары әзірленгенге дейін) қолдану туралы шешімінің көшірмесі қоса берілуге тиіс. 11. Ұйымның еңбекке ақы төлеу жүйесі бойынша өлшемдерді келісу туралы еңбек жөніндегі уәкілетті органға ұсынатын өтініміне мынадай материалдар: 1) ұсынылып отырған материалдардың тізбесі; 2) ұжымдық шарттың (бар болса) көшірмесі; 3) Ұйым жұмыскерлерінің еңбегіне ақы төлеу және ынталандыру туралы ереже, ол персонал санаттары бойынша лауазымдық айлықақыларға (тарифтік мөлшерлемелерге) сараланған қосымша ақылар мен үстеме ақыларды, өтемақы төлемдерін, сыйлықақы беру жүйесі мен басқа да сыйақыларды қосқанда, еңбекке ақы төлеудің нысаны мен жүйесін қамтуға тиіс. Мемлекеттік кәсіпорындар үшін – уәкілетті орган бекіткен ұйым басшыларын, олардың орынбасарларын, бас бухгалтерлерін ынталандыру туралы ереже қосымша ұсынылады; 4) ағымдағы жылға ұйым жұмыскерлерінің еңбегіне ақы төлеу қорын (еңбекке ақы төлеу шығыстарын) бекіту туралы шешімнің көшірмесі; 5) жұмыскерлердің, оның ішінде әкімшілік персонал бойынша штаттық кестесін бекіту туралы, мемлекеттік кәсіпорындар үшін – басшылардың, олардың орынбасарларының, бас бухгалтерлердің лауазымдық айлықақыларының мөлшерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекіту туралы шешімнің көшірмесі; 6) бекітілген штаттық кесте мен жұмыскерлердің лауазымдық айлықақыларының (тарифтік мөлшерлемелерінің) мөлшері (оларды разрядтар бойынша бөле отырып) қоса беріледі. 12. Ұйым персоналының санаттары Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті төрағасының 2014 жылғы 8 желтоқсандағы № 71 бұйрығымен бекітілген (Нормативтiк құқықтық актiлердi мемлекеттiк тiркеу тiзiлiмiнде № 1025 болып тіркелген) статистикалық есептілікке (нысан 1-Т) және әкімшілік персоналға жататын жұмыскерлер лауазымдары атауларының тізбесіне сәйкес айқындалады. 13. Материалдар екі данада ресімделеді, олар кітапшаланған, тігілген, нөмірленген болуға, атауы (мазмұны) бар, тиісті келісу, бекіту және ұзарту грифтері бар титулды парағын қамтуға тиіс. Материалдың әрбір парағына Ұйым басшысы немесе басшысының жетекші орынбасары қол қояды. Еңбек нормасының құрылымы бірыңғай және 3 бөлімді: «Жалпы бөлік», «Еңбекті ұйымдастыру», «Нормативтік бөлікті» қамтиды. «Жалпы бөлім» бөлімінде: 1) еңбек нормаларының не үшін арналғандығы; 2) нормативтердің жұмыскерлердің қандай лауазымдарына, кәсіптеріне, санаттарына белгіленгені; 3) әзірлеу негізіне не алынғаны (жұмыскерлердің нақты саны, жұмыс көлемі туралы деректер, фотохронометраждық бақылаулардың негізінде жұмыс уақыты шығынын зерттеу материалдары, статистикалық деректер, еңбек нормаларын әзірлеуде пайдаланылған жұмыскерлердің еңбек шығынына әсер ететін сипаттаушы факторлар, сондай-ақ аталған нормативтерге негіздеу үшін қоса берілген басқа нормативтік актілер); 4) жұмысшылардың кәсіптері мен қызметшілер лауазымдары атауларының Жұмыстар мен жұмысшы әсіптерінің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығына және Басшылар, мамандар және басқа да қызметшілер лауазымдарының анықтамалығына сәйкестігіне сілтеме; 5) нормативтердің жұмыс орнына қызмет көрсетуге және тынығу мен жеке қажеттіліктер бойынша уақыт ескеріле отырып әзірленгенін көрсету; 6) элементтерінің мағынасын аша отырып, келу және тізімдік санының есептеу формулалары келтіріледі. «Еңбекті ұйымдастыру» бөлімінде: жұмыстардың қандай нормативтік құқықтық актілерге және нормативтік-техникалық құжаттамаға сәйкес жүргізілетіні; еңбектің ұйымдастырушылық-техникалық жағдайлары (қауіпсіздік шаралары; қолданылатын құрал-саймандар, жабдық, тәсілдер); жинақта көрсетілген жұмыстар қалай жүзеге асырылатыны; жұмыстың бүкіл кешенін жүзеге асыратын орындаушылардың саны (еңбек бөлінісі кезінде); жұмыс аяғында құжаттаманың ресімделуі көрсетіледі. «Нормативтік бөлік» бөлімінде жұмыстардың мазмұны (операцияның жалпы атауы және оның оны құраушы элементтерге бөлінуі); орындаушылардың құрамы, орындаушылардың саны келтіріледі. 4. Келісуге ұсынылатын еңбек нормаларына қойылатын негізгі талаптар 14. Еңбек нормалары прогрессивті, кешенді түрде негізделген, талап етілетін дәлдік деңгейіне сәйкес, жұмысты орындаудың әртүрлі ұйымдастырушылық-техникалық нұсқаларын неғұрлым толық қамтыған, олар бойынша нақты орындаушылардың еңбек шығындары нормаларын есептеуге ыңғайлы болуға тиіс. 15. Еңбек жөніндегі нормаларды ауыстыру үшін негіздемелер болмаған жағдайда, ұйым еңбек жөніндегі нормалардың түпнұсқасын, оларды негіздеу бойынша материалдар мен түсіндірме жазбаны міндетті түрде ұсынған кезде еңбек жөніндегі уәкілетті орган және уәкілетті орган олардың қолданылу мерзімін ұзартады. Еңбек нормаларының қолданылу мерзімін ұзартуды еңбек жөніндегі уәкілетті орган және уәкілетті орган түпнұсқасының титулдық парағында еңбек жөніндегі уәкілетті органның және уәкілетті органның нормативтердің қолданылу мерзімін ұзарту туралы хаттарының күні мен нөмірін көрсете отырып тиісті белгі және елтаңбалық мөр қою жолымен ресімдейді. 5. Қорытынды ережелер 16. Жұмыскерлер еңбек нормаларын орындау үшін Ұйым Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген талаптарға жауап беретін еңбек жағдайларын қамтамасыз етеді. 17. Еңбек нормалары Ұйымның персоналдың нормативтік санын, еңбек шығындары нормаларын есептеуі үшін негіз болып табылады. 18. Ұйымдар еңбекке ақы төлеу мәселелерін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес шешеді. Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылғы 30 желтоқсанда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне №12659 болып енгізілді.