Соңғы жылдары Оңтүстік Қазақстан облысына инвестиция салуға шетелдік кәсіпкерлер көптеп келе бастады. Жыл он екі айдың екі-үш айына созылатын қысының қаһары Орталық, Солтүстік Қазақстан облыстарының көктем, күз айларындай жылымық болады. Яғни мал шаруашылығымен айналыссаң, төрт түлікті Арқадағы ағайындардай алты ай қорада ұстамайсың. Қоян жон үйеме шөп дайындау да оншалықты қажет емес.
Диқан қауымына да қолайлы. Қыстың аяғы сұйылмай жатып, күн жылт еткенде пленка астында көшетін егіп, ерте көктемде-ақ алғашқы өнімін алып үлгереді. Бүгінде республикадағы жылыжай атаулының 87 пайызы Оңтүстікке тиесілі екендігінің бір сыры осы тамаша табиғатында жатыр.
Сондықтан, Оңтүстікке инвесторлар көп келеді. Жақында Израиль мемлекетінен кәсіпкерлер келіп, Шымкентте Қазақстан-Израиль бизнес-форумында бірқатар мәселелерді бірлесіп талқылады. Израильдің Қазақстандағы елшілігі мен облыс әкімдігі мұрындық болған бастамалар меморандумға жалғасып, біршама жобаларға қол қойылды. Бұған дейін ауыл шаруашылығы және медицина салаларында әріптес болып келген екі тарап басқа да бағыттар бойынша жұмыстар жасамақ. Оңтүстіктегі «Ордабасықұс» серіктестігі Қазақстан-Израиль бірлескен жобасы ретінде жұмыс істеп жатыр. Осындағы құс фабрикасында күркетауық өсіріп, оны өңдеп сату табысы мол сәтті жобалардың бірі болды. Соның нәтижесінде Оңтүстікте өсірілген күркетауық өнімдері шетелдерге де экспортқа шығарыла бастаған. Бүгінде фабрика 10 тоннаға дейін дайын өнім ұсына алады. Басқа ірі қара малдардай емес, шетелдіктер құс етін тағамдарына көп тұтынады. Қазақстанда да жылына 350 мың тоннаға дейін сұраныс болады екен. Яғни, осы бағыттағы жобалар орта жолда тоқтап қалмайды.
Бүгінге дейін Оңтүстікте израильдықтардың қатысуымен 15 ірі жоба атқарылып жатыр. Бұған дейінгі әріптестік негізінен ауыл шаруашылығында болып келсе, енді израильдық кәсіпкерлер жасыл экономика аясында баламалы қуат көздерін өндіруге қондырғылар ұсынып отыр. Сонымен қатар екі тарап «Қауіпсіз қала» және «Ақылды қала» жобаларын талқылап, бірлесе жұмыс жасаудың мәселелерімен кеңесті. Израиль мемлекетінің медицинасы әлемде озық, маман дәрігерлерінің үйретері көп. Халық денсаулығын нығайтуда сенімді әріптес бола алады.
Жалпы, облыс әкімі Бейбіт Атамқұловтың ұйытқы болуымен Оңтүстікке бір жылдың өзінде шетелден ондаған мемлекеттен кәсіпкерлер келген. Алды табысты жұмыс жасап жатыр.Үйретері көп, үйренері де бар. Құдай қосқан көрші әрі түбі бір ағайын болса да Өзбекстан мемлекеті шекарасын айқара ашудан кешеге дейін тартынып келді.
Енді сол сең бұзылғандай. Жақында Қазақстанның Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Ерік Өтембаев Оңтүстікке жиырмаға жуық түрлі салаларда қызмет ететін кәсіпкерлері бар делегацияны бастап келді.
Олар сапар барысында «Оңтүстік» индустриялық аймағы мен «Оңтүстік» еркін экономикалық аймағында болып, ондағы кәсіпорындардың тыныс-тіршілігімен танысты. Соңынан екі жақты кездесу өткізіліп, өзара кәсіпкерлік байланысты нығайту мақсатында ашық әңгіме болды.
Кейінірек облыс әкімінде болған қабылдауда Ерік Өтембаев өзбекстандық кәсіпкерлердің ауыл шаруашылығы саласы, тері өңдеу және жеңіл өнеркәсіп бағытында бірлесіп жұмыс жасауға ықтияр екендігін жеткізді. Облыс басшысы Бейбіт Атамқұлов өз кезегінде Өзбекстан кәсіпкерлері ұсынған бірлескен жобаларды қолдайтындығын, өңірдің инвестициялық мүмкіндігі мықты екендігін айтты.
«Бармасаң, келмесең, жат боласың» дейді халық даналығы. Қарға адым жерде отырған Өзбекстан кәсіпкерлері осы жолы біраз уағдаластыққа қол жеткізіп қайтты.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»