07 Қазан, 2016

«Әзербайжан – Ұлы Жібек жолының бір бөлшегі»

262 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
bezymyannyy Кеше Елордада «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшылық өкілдері Транскаспий халықаралық көлік дәлізі Үйлестіру кеңесінің отырысына келген шетелдік делегациялармен екіжақты кездесу өткізді. Қазақстан, Грузия және Әзербайжан мемлекеттерінің теміржол саласындағы басты операторлары халықаралық тасымал көлемін ұлғайту, тасымал жұмыстарына тиімді жағдай жасау, Транскаспий халықаралық дәлізін одан әрі дамыту мәселелерін талқылады. Біз осы шараға келген «Әзербайжан темір жолдары» ЖАҚ төрағасы Джавид ГУРБАНОВҚА бірнеше сауал қойған едік. – Құрметті Джавид Гамбар оглы, Қазақстан мен Әзербайжанның экономикалық ынтымақтастығының басым бағыттарының бірі теміржол саласына қатысты. Осы орайда, тарихтағы Ұлы Жібек жолының заманауи баламасына болуға тиісті Жаңа Жібек жолын қалыптастыруда Әзербайжан тарапының рөлі қаншалықты деп санайсыз? – Әзербайжан территориясы тарихтағы Ұлы Жібек жолының бір бөлігі болып табылады. Біздің елдің географиялық жағынан орналасқан орны қай заманда да осы ұлы жолмен қатар өріліп келеді. Бұл фактор Әзербайжан үшін экономикалық жағынан тиімді, сонымен қатар үлкен жауапкершілік жүктейді. Жаңа Жібек жолы Қазақстан, Әзербайжан және Грузия арқылы Еуропаға жол тартатын жақын бағыт деуге болады. Біз осы елдер арқылы Еуропаға ағылатын жүк тасымалына, сол сияқты кері бағыттағы тасымалға толыққанды жағдай жасауымыз керек. Сол себепті қазір Грузияға тартылатын теміржол желісін жетілдірудеміз. Қазір 1 мың шақырымдық жолдың 600 шақырымнан астамы жөндеуден өткізілген, 2017 жылдың соңына дейін толық аяқтаймыз деп үміттенемін. Президент Ильхам Әлиевтің жеке бастамасымен және Жарлығымен қолға алынған «Баку-Тбилиси-Карс»  теміржолының құрылысы аяқталуға жақын. Орта Азияның, Түркияның, Қытайдың экономикаларын бір-бірімен жалғайтын бағыт Жаңа Жібек жолының аса маңызды бөлігі деуге болады, Еуропаға жол ашады. Қазір Еуропа мен Қытайдың арасындағы жүк тасымалының көлемі 100 миллион тоннадан асады, бұл көрсеткіш одан әрі өсе береді. Ол өскен сайын, тасымал бағыттарына деген сұраныс та артады. Демек, біз жолды барынша кеңейтуге тырысуымыз керек. Жалпы, Әзербайжан жүк тасымалының ағымын арттыру үшін жан-жақты,  жоспарлы түрде жұмыс жүргізуде. Соңғы он жыл ішінде Президент Ильхам Әлиевтің басшылығымен үлкен жобалар атқарылды. Әуежайлар, автокөлік жолдары, теміржолдар салынды, логистиканы дамыту үшін қажетті коммуникация түрлері жетілдірілді. Жаңадан ашылған Алят порты жүк қабылдай бастағанын білесіздер. Алят Каспийдегі ең ірі порттардың бірі, алғашқы кезеңде 10 миллион тоннаға дейін қабылдаса, екінші кезеңде 25 миллион тоннаға дейін жеткізуге тиіс. Порт Қазақстаннан, Түрікменстаннан тауар қабылдауға, жүкті Грузияға, Түркияға, Еуропа елдеріне жөнелтуге мүмкіндік береді. – Биылғы жылдың басында сіз Қазақстан, Грузия, Украина сынды бірнеше елдің арасында бірыңғай тариф саясатын енгізу туралы бастамаға қолдау білдірдіңіз. Бұл бастаманы көтерген Қазақстанның теміржолшылары болатын. Осы идея көп ұзамай жеміс берді деуге болады. Жалпы, екі елдің теміржол саласындағы ұстанымын, екіжақты байланыстың болашағын қалай бағалар едіңіз? – Бірыңғай тариф саясатын әуел баста қазақстандық әріптестеріміз ұсынып, қолдау тапқаны рас. Қазір жүк тасымалдаудың бірыңғай технологиясы өндіріске енгізілген. Транскаспий халықаралық теміржол дәлізін дамыту бойынша жұмыстар одан әрі жалғаса береді. Себебі, теміржол желілерімен сабақтас елдер оған мүдделі екендіктерін танытып отыр. Кеше ғана Астанада «Әзербайжан темір жолдары» ЖАҚ кеңсесі ашылды. 11 қазан күні  Бұл біздің қазақстандық әріптестерімізбен арадағы байланысымыздың уақыт өткен сайын нығайып келе жатқанын көрсетеді деп ойлаймын. Жалпы, бірыңғай тариф не үшін керек болды? Бұл, біріншіден, көлік дәлізіне қатысы бар елдердің барлығы бір-бірімен тең құқылы екенін көрсетеді. Теміржол желісіндегі жүк тасымалының тарифы басқа дәліздерден қымбат болмауы керектігін қамтамасыз етеді. Жүк бөгеліп қалмауы үшін, дәл уақытында немесе одан да тезірек жөнелтілуі үшін де керек. Халықаралық жүк тасымалында бірнеше мемлекет бір-біріне тәуелді болады. Біреуі жұмысты жолға қоймаса, басқаларына әсер етуі мүмкін. Сол үшін бірыңғай тариф болуы тиіс. Бұл бәріміз үшін пайдалы. Сондықтан да біз бір үстел басында кездестік, талқыладық, келістік. Біраз жеңілдіктер жасалды. Қазақстанның, Әзербайжанның, Грузияның жолдары, порттар, бәріне қатысты тариф жұмыс істеп тұр. Меніңше, бұл біздің клиенттеріміздің көңілінен шығады. – Қазақстанда шығарылған локомотивтерді сатып алған елдердің қатарында Әзербайжан да бар. Алда қазақстандық өнімдерге тағы да сұраныс бола ма? – Біз бұған дейін Қазақстан зауыттарынан 10 Evolution тепловозын сатып алдық. Биыл Көлік министрі Зия Мамедов Қазақстаннан тағы 500 электровоз сатып алу туралы келісімге қол қойды. 50 электровоз келесі жылдың соңына дейін Әзербайжанға жеткізіледі деп ойлаймын. Одан бөлек, теміржолға, электровоздарға қатысты маңызды саймандар экспортталады. Қысқасы, сіздердің өндіруші компанияларыңызбен байланысымыз артып келе жатыр деп айта аламыз. Болашақта одан әрі жақсара түседі деп үміттенемін. – Жаһандық экономикалық дағдарыс,  шикізат бағасының құлдырауы жүк тасымалын, яғни, теміржол саласын да шарпитыны түсінікті. Өзіңіз басшылық жасайтын «Әзербайжан темір жолдары» ЖАҚ-қа дағдарыс қалай әсер етуде? – Жаһандық экономиканың бір бөлшегі болған соң, дағдарыс бізді де айналып өтпегені рас. Дегенмен, ел басшылығы ұстанған саясат пен тәртіптің арқасында дағдарыс қатты әсер еткен жоқ. Дағдарыстың алғашқы толқынына біз жақсы төтеп бердік. Екінші мәрте болған дағдарыс аздап әсер етті. Әзербайжанның теміржолдары арқылы жүк тасымалдаудағы ең жоғары көрсеткіші 2006 жылы 30 миллион тоннаға дейін жетті. Өткен жылы 17 миллионға дейін төмендеді. Менің айтып отырғандарым ішкі тасымалға қатысты көрсеткіштер. Қазір жағдай біртіндеп түзеліп, транзит ұлғайып келе жатыр. Алдағы уақытта Әзербайжанмен достас елдердің көмегімен, қазақстандық әріптестерімізбен әріптестік байланыстардың арқасында, жүк тасымалының ағымын күшейтеміз деп сенемін. – Әңгімеңізге рахмет! Әңгімелескен Арнұр АСҚАР «Егемен Қазақстан»