08 Қазан, 2016

«Ұлы Абайдың қаны жүр тамырында...»

241 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
267px-rollan_shakenovich_seysenbaevЖазық далада туып, жаһанға танылу кез келген қазақ қаламгерінің маңдайына жазылмаған бақыт. Талантты бола тұрып таныла алмау қасіреті тағы бар. Бірақ жаратылысынан дарыған ерекше дарын мен рухты қайсар мінез тоғысынан туатын айрықша болмысы арқылы өз әлемін жасай алатын қаламгерлер болады. Жастайынан әдебиеттің маржанын тереңінен сүзіп оқып, эрудиттігімен танылып, интеллек­туал жазушы атанған, мұзжарғыш кемедей мінезділігімен бұзып-жарып жүретін өткір ойлы Роллан Сейсенбаевты осы санаттағы жазушылар қатарына қоссақ, еш артығы жоқ. Қаламгерлерге қатысты көбірек айтылатын «елден ертерек кетті» деген сөз Р.Сейсенбаевқа да тиесілі. Туып-өскен Семейінен тұп-тура әдебиеттің қайнаған хан базары Мәскеудің өзінен табылып,  1970 жылдардан кейінгі қазақ әдебиетінің Мәскеудегі ең ірі өкілі әрі тұлғасы болғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Оның барлық шығармашылық өмірі Мәскеумен тығыз байланысты. Сол кездің өзінде-ақ әдебиетке тегеурінді тұлғаның топ жарып келіп қосылғанын орыс-қазақ ортасы әуелден мойындаған. ҚазҰУ-де өткен халықаралық «Абай» клубы мен «Аманат» журналының 15 жылдығы және көрнекті жазушы Роллан Сейсенбаевтың 70 жылдық мерейтойы мен «Менің 100 кітабым» сериясының тұсаукесеріне байланыс­ты ұйымдастырылған жиында мінбеге шығып сөз алған қазақ, орыс, украин әдебиеті өкілдерінің бәрі де қазақ қа­ламгерінің осы абыройлы қызметін, орыс, әлем жазушыларының арасындағы беделінің зор болғанын әдемі естеліктері арқылы жарыса жеткізді. Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреа­ты Ұлықбек Есдәулет Р.Сей­сен­баевтың Мәскеудегі Әдебиет институтында оқып жүргенде-ақ театр өмірінен, қала тіршілігінен повестер жазып, «Отелло», «Операция» атты алғашқы әңгімелерімен әдеби ортаны өзіне қаратқанын айтты. Р.Сейсенбаев 1978 жылы Мәскеуде жас ақындардың кеңес-семинарын өткізеді. Қазақ ақындарының Мәскеуде талқылануы үлкен құбылыс еді. Семинарда қазақ поэзиясының бел­ді ақындары Жарасқан Әбдірәштің, Темірхан Медетбектің, Күләш Ах­метованың, Ұлықбек Есдәулеттің өлең­дерінің қыр-сыры, мазмұн-мәні, жаңалығы мен даралығы тұтас таразыланып, Мәскеудің үлкен ақындары тарапынан жоғары баға беріледі. Бұл туралы «Литературная газета» үлкен мақала жариялайды. Сол жолы қазақ ақындары арқаланып, Мәскеуден серпіліп қайтады. Бұл Сейсенбаев­тың жас та болса әдебиеттегі қаламдас, қанат­тас серіктерінің танылуына, көркемдік кеңістігінің кеңеюіне жасаған қамқорлығы еді. Р.Сейсенбаевтың ізгі ісінің ілкімдісі, алашшыл ақын  Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін орысшаға аудартып, оны да «Литературная газетаға» бастыруы. Бұл кезде Мағжан ақынның әлі ақталмағанын ескерсек, ерлікпен пара-пар іс жасағанын бағамдауға болады. Бұдан кейін де жолма-жол аудармасын өзі жасап, орыстың Михаил Курганцев деген мықты ақынына Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін аудартып, орыс оқырманына жеткізеді. Орыс әдебиетінің қабырғалы қаламгерлерін дүркін-дүркін Алматыға, Шымкентке, Өскеменге шақырып, қазақтың өмірімен, әдебиетімен таныстырып жүретін еңбегі ұлтжанды азамат үшін дағдыға айналған әдепкі іс. Роллан Сейсенбаевтың бастамасымен құрылған халықаралық «Абай» қоры мен «Аманат» журналына биыл 15 жыл толып отыр. Тарихтың өсіп-өркендеуіне, қазақ әдебиетінің шетел оқырмандарына кеңінен танылуына «Аманат» журналының қосқан үлесі өлшеусіз. Нобель сыйлығының лауреат­тарын, шетелдің ақын-жазушыларын қазақтың әдеби журналында жариялау­ды дәстүрге айналдырды. Жапон жазушысы Кэндзабуро Оэнің: «Аманат» журналы – қазақ әдебиетінің ғана емес, әлем әдебиетінің бренді», деген сөзі биік талғаммен шығатын журналға ғана емес, жазушының еңбегіне берілген баға да. Бүгінде «Аманат» журналын жұмыр жердің кітапханаларынан кездестіруге болады. ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейіновтің жолдаған құттықтау хатында әлем әдебиетінің 200 томдық кітабын қазақ халқының алдына жайып қойғанын және Роллан Сейсенбаевтың Баспа үйінен әлем әдебиетінің 100 кітабының шыға бастағанын қазақ әдеби өміріндегі ерекше құбылыс қана емес, мәдени өміріміздегі үлкен қозғалыс екенін атап өткен. Роллан Сейсенбаевты ез елінің нағыз патриоты деуге толық негіз бар. Себебі, оның бар саналы өмірі ұлы Абайды әлемге танытуға арналып келеді. Оның астарында «Абай арқылы қазақты танытсам» деген азаматтық арман мен ұлтжанды мақсат жатқаны айдан анық. Бір өзі Абайды он бес тілге аудартқаны соның айғағы. Р.Сейсенбаевтың таныс­тыруымен әлем оқырманы  қазақтың біртуар ойшылдарының баға жетпес шығармаларымен сусындады.  Қазақтың ақыны мен жазушысының шығармаларының аударылуына ден қойып, оны журналдың әр санында жарыққа шығарып отыруы – әлемдік сөз өнеріне қосқан үлесі. Қазақ әдебиетінде 1975 жылы жарық көрген «Аңсау» атты алғашқы әңгімелер мен повестер жинағынан бастап, «Өзімді іздеп жүрмін»,  «Трон сатаны», «Ночные голоса», «Возвращение Казыбека», «Соңғы қар», «Тоска по отцу, или день, когда рухнул мир» повестері мен әңгімелер жинағын, «Если хочешь жить», «Всего одна ночь»,  «Түнгі диалог», «Мертвые бродят в песках», «Лестница в никуда» секілді романдар берген Роллан Сейсенбаев отты, ойлы қаламның оқшау иесі. Ағасы туралы елжіреп естелік айтып, ізгі жүрегінің лүпілін өлеңмен өріп жолдаған Ұлықбек Есдәулет тұлғаның әдеби тағдырының түйінін дәл тапқандай: «Сенің ұлы болмауға еш хақың жоқ, ұлы Абайдың қаны жүр тамырыңда»…  Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ