08 Қазан, 2016

Қазыналы Қарағанды жәрмеңкеге шақырады

290 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Алдағы демалыс күндері Астанада Қарағанды облысының күндері өтеді. Соған орай ұйымдастырылатын ауылшаруашылық жәрмеңкесіне қарағандылықтар 250 тоннадан астам көкөніс, 450 тонна картоп, 71 тонна ет, 36 тонна ұн және макарон өнімдері, сонымен қатар, консервіленген өнімдер, бал, балық, квас, шырын, сусындар әкелмек. Бұл туралы кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында хабарланды. Баспасөз мәслихатында аймақтың әлеу­меттік-экономикалық даму жағдайын облыс әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Жандос Әбішев және ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары Шауграшид Мамалинов баяндады. Ж.Әбішевтің айтуынша, Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында Қарағанды облысы әлеу­меттік-экономикалық дамуының ең жоғары нәтижесіне жетті. Сондай-ақ, тәуелсіздік алғалы бері өңірде шағын кәсіпкерліктің жағ­дайы жақсарған. «25 жылда шағын және орта бизнестің саны 5 есеге өсіп, 86 мыңға жетті. Өндірілген тауар көлемі 700 млрд теңге­ні құрап, өңірдегі «Арселор Миттал Темір­тау» АҚ және «Қазақмыс корпорация­сы» ЖШС сияқты екі алып өнеркәсіптік компания­ларының көрсеткішіне теңескен», деді Ж.Әбішев. Ал өз кезегінде Ш.Мамалинов ауылшаруа­шы­лық өндірісінің көлемі 107 млрд теңгеге жеткенін атап өтті. «Облыста егін жинау науқаны аяқталып келеді. Егін жинау науқаны бойынша балдық көрсеткіш 1 млн тонна, орташа өнім жинау бойынша гектарына 14 центнерден келді. Мұндай мол егін жинау 46 жылда бірінші рет болып отыр, бұл жақсы өндірістік техникаға және агротехнологияны сақтауға байланысты», деді Ш.Мамалинов. Астанада Қарағанды облысы күндерін өткізу қарсаңында қалалық әкімдік алаң­ында ауылшаруашылық жәрмеңкесі өткі­зі­леді. Жәрмеңке аясында «Бауырсақ, қымыз фес­тивалі» қайырымдылық акциялары ұйым­дастырылады және облыстың шығар­ма­шылық ұжымдарының концерттік бағдарла­малары бар. Жәрмеңке аясында сонымен қатар, декоративтік-қолданбалы өнер, «Шеберлер ауылы» көрмесін көруге болады. Келесі күні Бейбітшілік және келісім сарайында Тәуелсіздік жыл­дарындағы Қарағанды облысының жеткен жетістіктері жөнінде көрменің ашылуы, соны­мен қатар, «Нұр Әсем» мода үйінің ұлттық киім коллекция­лары көрсетіледі. Облыс күндері мерекесінің қорытындысында атал­ған сарайдың концерт залында Қарағанды об­лысының өнер шеберлерінің гала-концерті өтеді. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан»