13 Қазан, 2016

Ауыл кеші көңілсіз...

592 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
11-10-16-deti-11 Баянауылда Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы ауыл бар. «Қараңғы қазақ көгіне, Өрмелеп шығып, Күн болам. Қараңғылықтың кегіне, Күн болмағанда, кім болам!» деп асқақ жырлап, сол арманына жете алмай, 27 жасында жастай көз жұмған Сұлтанмахмұттың «Әні өлген халықтың жаны да өледі» деген данышпан сөзі де қалған артында. Ауылдың күншығыс жағында ағайынды Шәкен Айманов пен Кәукен Кенжетаевтың кіндік қаны тамған тоғайлы бастау – «Айманбұлақ» ағып жатыр. Өткен қыркүйек айында «Қазақфильм» киностудиясының түсірушілер тобы осы ауылға сапарлап барып, халқымыздың көрнекті өнерпазы, опера әншісі, театр және кино актері Кәукен Кенжетаев туралы деректі фильм түсіріп қайттық. Алған әсеріміз ғажап енді. Баянауылдың сұлу табиғаты көңілімізге шуақ сыйлады, жанымызға шабыт берді, қонақжай, ақпейіл адамдары төредей күтіп, қонақ етті. Әңгімешіл ағаларымыз ел тарихынан шежіре-сырлар шертті. Әйтсе де, көңілге кірбің түсірген бір оқиғаны айтпай кетпеуге болмайтындай. Қазақтың бар ауылына ортақ, көкейкесті мәселе болғандықтан, еріксіз қолыма қалам алдым. Кезекті түсірілім күндерінің бірінде Шәкен мен Кәукеннің балалық шағын «ойнайтын» екі оқушы керек болып, аталмыш ауылдың орта мектебіне бас сұқтық. Іші-сырты жарқыраған, қазіргі заманға сай жабдықталған тамаша білім ордасы екен. Деректі фильмге түсетін «әртістерді» таңдап алу үшін аталмыш мектептің 3, 4, 5, 6, 7 сыныптарын аралап, оқушылармен әңгімелестік. Балалар тақылдап тұр, бірақ мені қайран қалдырғаны – әлгі оқушылардың бір ауыз ән білмейтіні! «Қәні, бір ән айтшы» десең, «Ән білмеймін» деп келте жауап береді. Қысқасы, мектепте «әу» дейтін бала жоқ. Білім ордасынан көңілсіз ойға батып, жаным жабырқап шықты. Соңғы кезде қазақтың қай ауылына барсаң, осы келеңсіздік алдыңнан шығады. Бұл кепке қалай ұшырадық? Халықтың бір әнін білмей өскен бала – ертең ұлтының жанын қалай ұғады? Қайтіп ел басқарады, ел басқармай-ақ қойсын, қайтіп азамат болады? Бұл – кәдімгідей мемлекеттік деңгейде, Үкімет, Білім министрлігі болып бас қатырып ойланатын мәселе! Мен де өзімше ойға шомдым... Балалық шағым есіме түсті. Иә, біз де бала болдық. Ол кезде Потанин айтқандай «Бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай» заман еді ғой. Ауылдың көрнекті жері – «Кантордың» төбесінде репродуктардан таңғы алтыдан түнгі 11 – ел жатқанша қазақ әні мен күйі шалқитын. Үйіңіздің төрінде «бес сомның» радиосы «жағы бір сембей» саңқылдап тұратын. «Қазақ радиосының» түскі демалыс концерттері қандай еді. «Шалқар» радиосы күн-түн демей қазақтың халық әндерін насихаттайтын. «Қазақ телевизиясы» қазіргі арналар секілді халық ән-күйіне бей-жай, суық қарамайтын. Ақселеу Сейдімбеков пен Жәнібек Кәрменовтың, Илья Жақанов пен Қайрат Байбосыновтардың ән өнері туралы жүргізген хабарлары қандай еді, шіркін. Бала болсақ та, аузымызды ашып, есіміз кете тамашалайтынбыз. Қазір осының бәрі көрген түстей. Эфирлердің барлығы «фанерщик» әншісымақтар мен олардың пысық продюсерлерінің қолына көшкен. Теледидардың барлығын бірін әкесі сүйреткен, бірін шешесі жетектеген, әлі балаң даусы бекімеген, бірақ «жұлдыз» әншісымақтар жаулап алған. Нәтижесі – әлгі біз көргендей. Ел ішінде қолына домбыра ұстап, «әу» дейтін бала қалмаған. Өйткені, қазіргі жұлдыздардың айтып жүргені ән деуге келмейтін қиқыл-шиқыл, құбыжық, ел бүлдіргіш шайтани әуендер. Қиратқыш күшке ие мұндай құбыжық музыкасымақтар жастарымыздың санасын сұмдық сансыратқан. Жүгенсіз кеткен тобырлық мәдениет жас ұрпақтың санасын аяусыз улап, рухани әлемін әбден жүдетіп жіберген. Бір сөзбен айтқанда, жастарымыз – қиратқыш, ойсыз, арзан музыканың ауыр соққыларынан кәдімгідей рухани контузия алған. Бұның аяғы өз ұлтын өгейсуге, ұлттық өнерден жерінуге әкеп соққан. Енді не істемек, қайтпек керек?! Еріксіз өзімнің оқушы кезім еске түседі. Ол кезде «Ән-күй» сабағы деген болатын. Ол сабақты арнаулы музыкалық білімі бар мұғаліміміз – Күләндә Әукенқызы (әнші Қайрат Байбосыновтың туған апасы) өткізетін. Сол апайымыз аптасына бір-ақ рет өткізілетін музыка сабағында оқушыларға тек халық әндері мен кәсіби композиторлардың отансүйгіштікке баулитын шығармаларын үйретуші еді. Балаларға үйреткен әнін қайта-қайта айтқызып, әнді дұрыс айтуды талап ететін. Жақты қалай ашуды, үнді қалай шығаруды, қай жерде тыныс алуды сол ән-күй сабағының мұғалімінен үйрендім. Кейін өнер жолына түскенде де сол ән сабағында алған дәрістерім әншілік кәдеме жарады. Көрдіңіздер ме, кеңестік білім беру жүйесінде оқушылар музыка әліппесін мектеп қабырғасында жүріп-ақ біліп шығатын. Орта мектептерде ән-күй сабағы жүйелі өткізілетіндіктен ол заманның оқушылары халық әнімен жастайынан сусындап, халық өнерпаздары мен олардың шығармашылығынан хабардар болып үлкен өмірге қанат қағатын. Қазір, білуімізше, орта мектептерде ән-күй сабағының аты бар да, заты жоқ. Мектептерде білікті музыка мамандары жетіспейді. Жығылған үстіне жұдырық, еліміздегі телеарналар мен радио эфирлер арқылы тобырлық мәдениеттің бақылаусыз насихатталуы – шетелдік көпшілік мәдениеттің тотальды экспансиясына жол ашып, жат мәдениет дегеніне жетуде. Өгей мәдениетпен уланған жастарымыз бесіктен белі шықпай жатып-ақ, жаппай «ән жазғыш», «композитор» атануға көшкен. Әрине, олардың «ән жаздық» деп жүргені сол шетелдік мағынасыз, жын-ойнақ музыкалардың көшірмесі ғана, яғни, көбісі ұрлық, плагиаттық дүниелер. Бұл былықтардың асқынып, бетімен кеткендігі соншалық – қазіргі телеарналар мен радиоэфирлерді ауыздықтау еш мүмкін болмай отыр. Себебі, мұның аржағында оңай жолмен ақша табуға құныққан шоу бизнес өкілдерінің коммерциялық мүдделері тұр. Шоу бизнес «мырзалары мен ханымдарының» ұлттық өнерге, жастардың обалына пысқырғаны бар. Өйткені, шоу бизнесте ұлт деген, ұлттық мүдде деген атымен болмайды. Электронды БАҚ басшылары да бұл келеңсіздікке тосқауыл қоюға тәуекел ете алмауда. Себебі, өздері де осы топтармен сыбайлас. «Когда считают деньги, смолкает музыка» деген Сицилия мәтелі осы келеңсіздікке арнап айтылғандай. Осылайша, есті әндер мен киелі күйлеріміз еліміздегі шоу бизнес алаяқтарының қолымен тұншықтырылуда. Әзірше бұл індетпен күресуге еш дәрменсізбіз. Мәдениет министрлігі бұл індеттің алдын алуға келгенде босбелбеулік, жігерсіздік танытып отыр десек, артық айтпағанымыз. Мәдениет – саясат десек, Үкіметіміз мәдениет саясатын тегеурінді жүргізуі керек-ақ. Сондықтан, ендігі үміт Білім министрлігінде, осы мекемеге қарасты орта мектептерде. Келешек ұрпағымызды рухани жұтаңдықтан құтқару үшін орта мектептерде ән-күй сабағы жүйесін тапқаны жөн. Жыл сайын еліміздің жүздеген музыкалық мектептері мен колледждерін қаншама сауатты музыка мамандары бітіреді. Алайда, осы мамандарға жұмыс жоқ. Неге екенін жоғарыда айттық. Музыкалық жоғарғы оқу орындары мен музыка колледждерін бітірген жас мамандар мамандығы бойынша жұмыс таппағандықтан ел ішінде асаба болып күнелтуде. Егер мектептерде ән-күй сабағын өткізуді бір жүйеге келтіріп, халық және халық композиторлары бөлімдерінен арнайы білім алған музыка мамандарын ұстаздық қызметке жұмылдырса, жоғарыда айтылған олқылықтардың орны аз да болса толар еді. Тағы бір мәселе, орта мектепке халық композиторларының өмірі мен шығармашылығы қамтылған жаңа оқулық керек сияқты. Бұл да аса қиын мәселе емес, егер Білім министрлігінен ұсыныс түсіп жатса, мұндай оқулықты мектеп жасындағы балалардың ой-танымына лайықтап жазып берер едік. Жас ұрпақты халық музыкасымен тәрбиелеу – кезек күттірмейтін жауапты һәм игі іс. Әйтпесе, атқа мініп алған тобырлық мәдениет, телеарналар арқылы насихатталып жатқан шетелдік музыкалық экспансия дегеніне жетуде. Аттанар сәтте Баянауылдағы Жаяу Мұса атындағы музыка мектебіне соқтық. Ауданның бұрынғы әкімі Нұрлан Құлжан әкім болған азғана уақыт ішінде бұл мектепке жан-жақты жағдай жасап үлгерген екен. Арнайы интернат үйі пайдалануға беріліпті. Мектепте жоғары музыкалық оқу орындарын бітірген білікті музыка мамандары сабақ береді. Өңірдегі халық өнерінің жай-күйіне алаңдаған Нұрлан Мұқатайұлы аталмыш мектепке директорды сонау Павлодардан шақыртыпты, пәтермен қамтамасыз етіп, әлеуметтік жағдайының да орайын келтіріпті. Мектептің жаңа директоры, керекулік әнші, Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның түлегі Медғат Манаповпен әңгімелестік. Мектеп директорының айтуынша, биылдың өзінде музыка мектебіне 32 бала қабылданған. Баянауыл ауданының бірнеше ауылында аталмыш мектептің филиалдары ашылған. Қосымша штат бөлінер болса, іс тіпті оңға баспақ. «Басты мәселе – балалар халық әндерінен мүлде мақұрым қалған, домбыраны әбден жатсынып кеткен. Осы замандық мағынасыз әндердің бойларына сіңіп, санасын жаулап алғаны соншалық, оқушыларға ән айтқызсаң, көмейінен не еркек, не әйел даусына ұқсамайтын біртүрлі ыңқылдаған, шиқылдаған, ыңырсыған жат дыбыстар шығады. Қазіргі шоу бизнестегі әншісымақтарға көзсіз еліктеудің салдарынан үнді көмейден табиғи түрде шығару жолдары бұзылған, яғни дауыс шығару аппараттары деформацияға ұшыраған. Жеткіншектеріміз халық әндері мен кәсіби қомпозиторларымыздың шығармаларын мүлде орындай алмайтын кепке душар болған. Бірақ, қол қусырып қарап отырған біз жоқ, арнайы жаттығулар арқылы жас өнерпаздарымыздың даусын қойып, табиғи үнін қалпына келтіріп жатырмыз. Қанша айтқанмен, халқымыздың ұлы композиторлары Жаяу Мұса, Жарылғапберді, Естай туған топырақ емес пе, талантты балалар ерекшеленіп, айқындалып келеді. Келешектен үміттіміз, – дейді Жаяу Мұса атындағы музыкалық мектептің директоры Медғат Манапов. Музыка мектебінен соң, Баянауыл ауданының жаңа тағайындалған әкімі Оразгелді Қайыргелдиновке кірдік. Жылы қабылдаған Оразгелді Әлиғазұлына көрген, білген мәселелерімізді сөз еттік. Ықыласпен тыңдаған әкім бұл мәселелердің назардан тыс қалмайтынын айтты. Көлігімізге мініп, жолға шыққан соң, әуезді ән тыңдай отырайық деген ниетпен отандық радиолардың бірінен соң бірін қостық. Алайда, қай эфирді тыңдасаң да, сол ықылық атқан есірік музыка. Көңіліміз жабырқап қоя берді.... Ерлан ТӨЛЕУТАЙ, әнші, өнертанушы