01 Наурыз, 2011

Жақсы сөз – жарым ырыс

383 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Қазіргі заманда жүкті әйел­дер ультрадыбыстық зерттеу аппараты арқылы іштегі сәбиінің жай-күйін алдын ала біліп оты­ратын болды. Техника мен технология дамыған заманның бір жетістігі осы. Елі­міздің қай-қай жерінде болмасын жүкті келіншек өзі тіркелген емхана арқылы міндетті түрде екі рет ульра­ды­быстық зерттеуден өтеді. Өзі толқып, қорқып жүргенде «бәрі жақсы» десе, төбесі көкке жетердей қуа­нып, ал бұлыңғыр жайт­ты естігенде жылап, мазаң күйге түсетін келіншектерді көзіміз кө­ріп жүр. Мысалмен сөй­лейік. Жуырда Павлодар облысы, Өлең­ті ауданының, Бозтал ауылында тұратын таныс келіншекті жүк­тіліктің төртінші айына аяқ бас­қанда аудандық емханадағы гинеколог: «ішіңдегі баланы ал­дыр, УДЗ қорытындысы нашар шықты. Тез Астанаға жөнел»-деп тығырыққа тіреген көрінеді. Ол қайынсіңлісін ертіп, сол күннің ертесіне-ақ біздің үйге келді. Өзі жылап отыр. «Екі ба­лам­ның кішкентай екенін өз­дерің білесіңдер ғой. Адам бол­майтын болса алдырып-ақ тас­тайын. Ертең өмірге дені сау боп келмесе мені кінәлап жү­рер» – деп қояды. Жолдасым екеуміз оған басу айттық. «УДЗ қоры­тын­дысы нашар екен деп адам боп қалған баланы алдырып тастауға бола ма екен? – дедім мен. – Ең дұрысы, осында қайта­дан УДЗ-ге түсіп көр». Сөйтсек, аудандық УДЗ қорытындысын емхана гинекологы келіншектің қолына бермеген. Ақылы емдеу мекемесіне барып баланы алдыр­тасың деп Астанаға сілтеп жіберіпті. Сонымен мен ол келіншекті алып «Республикалық ғылыми-зерттеу орталығы» ауруханасына бардым. Қайтадан УДЗ-ге түсірт­тім. «14 апталық жүктілік. Жақсы дамып келе жатыр» деген қоры­тын­дыны қолымызға ұстатты. Оның алдындағы қорытындыдан жүрегі шайлыққан келіншек: «аяқ-қолы бүтін бе, жүрегі жақсы соға ма?» – деп қайта-қайта сұрап қояды. «Бәрі жақсы» деген жал­ғыз ауыз сөзге көңіл тоғайтып, сол жердегі гинекологтардың бірі­нің қабылдауында болдық. Ол кісі де біздің көңілімізді орнына түсіріп, әрі 12 аптадан асып кеткен баланы алдыруға болмай­ты­нын, алдырса, ол келіншектің денсаулығына кері әсерін тигізерін айтып бізді шығарып салды. Бұл бір мысал. Мұндай мы­сал­дар жеткілікті. Осыған ұқсас жайттар өзіміз жақын арала­сатын, үйге келіп-кетіп жүрген талай келіншектің басынан өтті. Оның бәрін тізбелеп жату міндет емес. Бір ғана нәрсеге баса көңіл аудар­ғым келеді. Біз тікбақай ха­лық еме­спіз. Түймедейден түйе­дей нәр­се шығару да біздің таби­ға­тымызға жат. Оның үстіне ежел­ден-ақ, жүкті келіншектерді әжелеріміз, апаларымыз аялап, көңіліне тиетін сөз айтпай, ауыр нәрсе көтертпей, тіл-көзден сақ­тап отыратын болған. Себебі, ол Алланың аманатын, ұлттың бо­ла­шағын көтеріп жүр деп тү­сінетін. Тіпті, олар босанатын кезде ер адамдарды жолатпай­тын болған. Өйткені, ер адамнан қысылған келіншек босана алмай қиналады екен. Біз бұл жағдайларды кітаптан оқып білдік. Осы салт қазір де жо­ға­лып кете қойған жоқ. Жөн білетін, жол білетін апаларымыз бен жең­ге­леріміз осы салтты өзі де ұстап, одан көр­генді біз де көңіл­ге тоқып жүр­міз. Ал енді, денсаулық сақ­тау мекемелеріндегі әлгіндей жағдай­лар көңілі­мізге қатты қаяу сала­ды. Біреу­дің үкі­ле­ген үмітін кесу табиғи мінез-құлқымыздың бұ­зыл­ғаны деп түсінемін. Сап-сау баланы «ал­ды­ртып таста» деу оның ата-анасын қаншалықты жаралай­тыны өз алдына, біраз келіншектерге «балаңның миында ісік бар, бүйрегінде сарысу толып тұр, бір аяғы қысқа» деген сұм­дық­тар да айтылып жатыр. Еліміздегі УДЗ-лер жұмыс істеп тұр­ғанда тікбақай, сазбет дәрі­гер­лердің аузымен ондайдың та­лайы айтылатынына күмәніміз жоқ. Адамгершіліктің қарапа­йым қа­зақы қағидаларын білмейтін дәрі­герлердің ұлтқа кесірін тигізетіні ғана жанымды ауыртады. Айгүл СЕЙІЛОВА.