13 Қазан, 2016

Латвиямен арадағы қашықтықты "қысқартуға" тырысамыз - Василенко

429 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
20161013190343 «Қазақстан мен Латвия арасын байланыстырудағы ең негізгі кедергі – ол арақашықтық. Мәселен, Астана мен Рига арасындағы арақашықтық – 3700 шақырым. Бірақ біз, соған қарамастан, екі елді алшақтатып тұрған осы қашықтықты «қысқартуға» барынша күш салатын боламыз».  Қазақстан мен Латвияның экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының 6-шы отырысы кезінде сөйлеген сөзінде еліміздің Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко осылай деді. Отырысқа Роман Василенкомен бірге Латвия Республикасының Байланыс министрі Улдис Аугулис тең төрағалық етті. Ауқымды мәселелер көтерілген жиын жұмысына инвестициялық климатты жақсарту бағытында қызмет атқарып жатқан мемлекеттік ұйымдар мен іскерлік құрылымдардың өкілдері қатысты. Ал Латвиядан келген делегацияның құрамында экономика, білім және ғылым, қоршаған ортаны қорғау министрліктерінің жоғары лауазымды өкілдері, сонымен қатар, осы елдің бірқатар кәсіпкерлері болды. Отырыс барысында тараптар көлік және транзит, туризм, ауыл шаруашылығы, білім және ғылым, «жасыл» экономика салаларындағы екіжақты ынтымақтастық, сондай-ақ, Латвияның «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысу мәселелерін талқылады. Жиын соңында 6-шы Үкіметаралық комиссияның Хаттамасына қол қойылды. Қол қою рәсімінен кейін Роман Василенко мен Улдис Аугулис қысқаша мәлімдеме жасады, сонымен қатар, журналистердің сауалдарына жауап берді. Р.Василенко Үкіметаралық комиссия құрамындағы қос тарап мүшелеріне ауқымды жұмыстары үшін алғысын білдірді. «Біз отырыс барысында көп жәйтті талқылауға мүмкіндік алдық. Комиссияның күн тәртібіне 11 тармақтан тұратын мәселелелер қойылды. Кейбір тармақтар өз ішінде 5 тармақшаның басын біріктірді. Олар көліктің барлық түріне қатысты мәселелерді қамтиды. Біздің әріптестік әлеуетіміз өте жоғары. Әрине, экономикалық ықпалдастықты дамытуға кедергі келтіріп отырған факторлар әлі де кездеседі. Біз отырыс аясында соларды шешудің бағыт-бағдарын айқындадық», – деді Р. Василенко. Сонымен қатар, ол Латвияның теңіз порттары арқылы Қазақстанның экспорттық жүктерін Батыс нарықтарына жеткізуге жол ашылатынын, осы орайда бұл елді стратегиялық серіктес ретінде ерекше бағалайтынын жеткізді. «Сондай-ақ, кері бағытта Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне, Орталық Азия мемлекеттеріне, ҚХР-ға, сонымен қатар, Азияның басқа да елдеріне жүктерді жеткізуде бұл әріптестіктің алар орны айрықша. Қазіргі таңда Еуразиялық экономикалық одақтың 170 млн тұтынушыны қамтитын бірыңғай нарығына шығу үшін барлық жағдай жасалған. Қазақстан Латвия бизнесінің ел экономикасының дамуына қатысуына мүдделілік танытып отыр. Қазірдің өзінде Қазақстанда 60-қа жуық бірлескен кәсіпорынның тетігі іске қосылды», – деді ол.  Бұған қоса, Р.Василенко Үкіметаралық комиссияның 6-шы отырысында қол қойылған Хаттамада нақты атқарылуы тиіс мәселелер көрсетілгенін жеткізді. «Латвияның «Вентспилс» портында екі елдің кәсіпорындары бірлесіп іске қосқан астық терминалы жұмыс істеп тұр. Бұл терминалдың жыл сайын 2,5 млн тоннадай астық өткізетіндей қуаты бар. Әзірге терминал арқылы жылына 500 тоннадан 700 тоннаға дейін астық тасымалданады. Біздің алдымызда тұрған ендігі міндет – оның қуаты мен әлеуетін толықтай пайдалану.»,– деді Р. Василенко. Ал Улдис Аугулис Үкіметаралық комиссия бұған дейін көптеген жұмыстың басын қайырғанына, ал бұл отырыс алда атқарылар іс-шараларды айқындауға сеп болғанына тоқталды. «Мен қызмет ететін сала – ол көлік және транзит. Сол себепті, көліктік-логистикалық, транзиттік салалардағы ынтымақтастықты дамытып жатырмыз», – деді ол.   Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ