М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясының құрылғанына биыл 85 жыл толды.
Отандық көлік және тораптық қызмет көрсету саласының білікті мамандарын даярлайтын оқу орны еліміздегі маңдайалды білім шаңырағы санатында. Салалық білім беретін елуден астам жоғары оқу орнының арасындағы рейтинг бойынша тоғызыншы орынды иеленетін академия, қазіргі кезде Болон жүйесі бойынша 3 сатылы білім беруге көшкен. Аймақтарда арнаулы мамандықтар бойынша оқытатын 5 колледж жұмыс жасайды.
Академияның қара шаңырағында дөңгелек үстел өтті. Мерейтойлық бағдарламалар аясында ұйымдастырылған «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде көлік саласындағы білім беру мен ғылымның даму келешегі» атты шараға отандық көлік саласының білгірлері мен Ресей, Ұлыбритания, Австрия елдерінен келген мамандар қатысты.
Дөңгелек үстелде М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясының ректоры Бақытжан Қуанышев көлік саласы мамандарын даярлаудағы озық әдістемелер мен мәселелер туралы айтып, әлем елдерінің тәжірибесін қолданудағы ерекшеліктерге тоқталды. Ал «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы техникалық саясат және реттеу департаментінің директоры Талғат Қанатбаев академия мен ұлттық компания арасындағы тығыз байланыстың темір жол мамандарын оқытуда өз жемісін беріп отырғандығын сөз етіп, осы тәжірибені ЕАЭО елдерінің білім беру ісіне қолдануды ұсынды.
Көлік саласының мамандарын даярлаудағы қазақстандық тәжірибенің озық тұстарын мәскеулік ғалым, Император 2-Николай атындағы жол-көлік институтының бірінші проректоры Валентин Виноградов та атап көрсетті. 120 жылдық тарихы бар Мәскеудегі білім ордасы қазір аймақтағы ғана емес, әлемдегі сала мамандарын оқытып, даярлаудағы көшбасшы орында.
Жалпы, көлік саласының дамуы білікті мамандардың қолында екені талас тудырмайды. Мемлекеттердің экономикасы да негізінен көліктік тасымалдау мен логистикаға арқа сүйеп отыр. Әсіресе, ТМД елдері арасындағы ішкі байланыс пен сыртқы тасымал айналымында темір жолдың алатын орны маңызды. Демек, көлік саласын басқару мен дамытуға да жаңаша көзқарас, ғылымға негізделген тың қадамдар қажет. Бұл – ЕАЭО елдері үшін де, Еуропа үшін де күн тәртібіндегі мәселе.
Дөңгелек үстелде сөз алған ағылшын ғалымы, Ұлыбритания көлік және логистика институты халықаралық байланыстар департаментінің директоры Джон Харрис, «ҚазЖол» ғылыми-зерттеу институтының президенті Бағдат Телтаев және австриялық «Фраушер Сенсортехник» компаниясының ТМД бойынша атқарушы директоры Уве Гюнтер көлік саласындағы білім беру мен ғылымның көкжиегін кеңейтуге қатысты ойларымен бөлісті.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ